Қазақстанның орнықты дамуы: энергетика мен су ресурстары — басты назарда
2024 ж. 29 March
Түркістанда бүгін орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар орнықты әрі заманауи энергия көздерін жалпыға бірдей қолжетімді қылу, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін талқылады.
Отырысқа Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар энергетика, экология және табиғи ресурстар министрлері, өңірлердегі әкімдіктерінің басшылығы, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰДБ және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа елде су ресурстары мен санитарияны қамтамасыз ету және ұтымды пайдалану жөніндегі алтыншы ОДМ-ға жетудің маңызына тоқталып, прогресс бар болғанымен, проблемалар да бар екенін атап өтті. БҰҰДБ мәліметіне сүйенсек, еліміздің ауылдық жерлерінде шамамен 300 мың адам ауыз сусыз өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ қауіпсіз түрде өңделген ағынды су үлесі мен су стресінің төмендеуі бойынша прогресс байқалмайды.
«Судың сапасына ерекше назар аудару қажет. Суының сапасы жоғары су объектілерінің пропорциясы бойынша біршама жетістік болғанымен, қиындықтар да бар. Ауыл шаруашылығындағы су ысырабы мәселесін де шешу керек. Ескірген суару жүйелері судың босқа ағып кетуіне апарып соғады. Қорытынды анық: суды басқару саласындағы осы тенденциялар жалғаса берсе, 2030 жылға қарай әлеуметтік-экономикалық даму су тапшылығының кесірінен баяулауы мүмкін. Бағалау жұмыстары нәтижелеріне сүйенсек, 2040 жылға қарай Қазақстандағы суға деген қажеттіліктің тек 50%-ы ғана өтеледі», –деп мәлімдеді Катаржина Вавьерниа.
Бұл мәселелерді шешу үшін жүйелі шаралар қажет ететінін де атап өтті. ларға климат өзгеруінің кесірінен күшейе түсетін су ресурстарының азаюымен күресу, орнықты су ағындарын қамтамасыз ету үшін трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту, инфрақұрылымның деградациясымен күресу, суды басқару процестерін автоматтандыру мен цифрландыруды жақсарту және су ресурстарының антропогендік ластануына қарсы тұру жатады. БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Ұйым Үкіметті қолдау үшін осы мәселелерді шешуге бағытталған бірнеше стратегиялық бастамалар бойынша жұмыс істеп келетінін және оны болашақта жалғастырмақ екендігін айтып өтті.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев өз кезегінде арзан, сенімді, орнықты әрі заманауи энергия көздерін баршаға қолжетімді етудің мағызын атап өтті.
«Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі әлі де төмен. Қазіргі таңда «Жасыл экономиканы» дамыту мәселелері еліміздің күн тәртібі аясында басты басымдыққа ие. «Жасыл экономикаға» көшу халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану кезінде белсенді дамушы елдердің қатарына кіруге мүмкіндік береді», –деп әріптестерін ортақ мақсаттарға жету жолындағы күш-жігерді шоғырландыруға шақырды Әшімбаев.
Отырыс аяғында қатысушылар ортақ жұмыс бойынша, іске асырылуы келесі кездесулерде талданатын ұсыныстары мен бастамалары туралы айтып өтті.
Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия Қазақстандағы БҰҰДБ қолдауымен, Еуропалық Одақ қаржыландыратын Орталық Азия елдеріне арналған ОДМ Платформасын құру жөніндегі өңірлік жобасы шеңберінде құрылды.