БҰҰДБ мен Сенат Қазақстанда ОДМ-на жетуге бағытталған екіжақты ынтымақтастықты талқылады
2024 ж. 31 May
Бүгін БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мен Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ортақ серіктестіктің жетістіктерін талқылап, келесі жылға және одан кейінгі кезеңдерге арналған стратегиялық жоспар құру мақсатында екіжақты кездесу өткізді.
Сенат Төрағасы БҰҰДБ-ның Қазақстандағы ОДМ-ға қол жеткізу процесіне қосып жатқан үлесін жоғары бағалады:
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Саммитінде сөйлеген сөзінде Орнықты даму мақсаттарын іске асыру біздің мемлекет үшін ұлттық басымдық екенін атап өтті. Осыған байланысты көздеген нәтижелерге қол жеткізу үшін елімізде мақсатты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмысқа Парламент депутаттары да белсенді қатысуда. Соның аясында былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды».
Кездесу барысында Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның алғашқы жылы сәтті аяқталғаны айтылды. Парламенттік комиссия БҰҰДБ қолдауымен ауаның ластануы, су ресурстарын басқару, таза энергия, денсаулықты сақтау, білім беру және ESG сияқты бағыттар бойынша жұмыс істеп келеді.
«Парламенттік комиссияның құрылуы Қазақстандағы ОДМ интеграциясының архитектурасын толық аяқтады», —деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
«Бұл механизм көпдеңгейлі әдіс қолдану, соның ішінде сарапшыларды тарту, мәселелерді жоғары деңгейде қарастыру және кешенді бақылау арқылы жеке ОДМ-на қол жеткізу процесіне үздіксіз үлес қосып отыруға мүмкіндік береді».
Парламенттік комиссия Еуропалық Одақ қаржыландыратын, Орталық Азияға арналған ОДМ Платформасын құру жөніндегі бағдарлама аясында құрылды. Бұл Платформа — өңірлік интеграцияны және білім алмасуды нығайту, сондай-ақ институттарды күшейту және орнықты даму жолындағы қаржылық кедергілерді еңсеруге бағытталған цифрлық құрал.
Сонымен қатар кездесуде ОДМ-на қол жеткізу мен мониторинг процестеріне қатысты дәйектіліктің маңыздылығы атап өтілді. Осы орайда Парламенттің көпжылдық өкілеті орнықты прогрестің негізін қамтамасыз етеді.
БҰҰДБ Қазақстанның 2025 жылға жоспарланып отырған үшінші Ерікті ұлттық шолуын (ЕҰШ) қолдауға дайын екенін айтты. Бұл құжат Нью-Йорктегі Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі Саяси форумда елдің тәжірибесі мен 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіне қатысты жетістіктерін айқындамақ.
БҰҰДБ ОДМ интеграциясына, гендерлік теңдік жөніндегі Күн тәртібіне, сондай-ақ аймақтық дамуға баса назар аудара отырып, серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған, болашақта жүзеге асыруға болатын бірнеше бастаманы ұсынды.