БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеновамен кездесіп, өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады
2024 ж. 18 June
Бүгін БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеновамен кездесіп, әлеуметтік қорғау, цифрландыру және аймақтық даму саласындағы ынтымақтастық нәтижелеріне баға беріп, әрі қарайғы ынтымақтастық жоспарларын талқылады.
Кездесуде БҰҰДБ Тұрақты өкілі БҰҰДБ мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік нәтижелеріне, атап айтқанда «СК-Фармация» ЖШС арқылы медициналық сатып алу мәселесіне тоқталды. Аталмыш серіктестік БҰҰДБ-ның жаһандық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімдерінің арқасында Қазақстанда медициналық сатып алу шығындарын айтарлықтай үнемдеу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сертификаттаған жоғары сапалы медициналық өнімдерді, медициналық жабдықтарды және медициналық көлікті сатып алудағы БҰҰДБ-ның көп жылдық тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында тараптар сондай-ақ АИТВ/ЖИТС, төтенше жағдайлар кезінде шара қолдану, климат мәселелерін денсаулық сақтау саласының күн тәртібіне енгізу, АИТВ бойынша іс-шараларды тұрақты қаржыландыру, денсаулық сақтау саласында сот жүйесімен ынтымақтасу және денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы бастамаларды ілгерілету мәселелерінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігімен өзара ынтымақтастықты талқылады.
Сондай-ақ тараптар БҰҰДБ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қорғау саласындағы бірлескен флагмандық бастамасын жалғастыруға көңіл бөлді. Жоба әлеуметтік қолдау жүйелерінің институционалдық негіздерін жетілдіруге, атқарушы органдардың орталық және жергілікті деңгейде талдау-сараптау әлеуетін күшейтуге және бүкіл елде әлеуметтік қорғау институттары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Кездесуде сондай-ақ соңғы отыз жылда су апаттарынан болған жиынтық шығыннан асып түскен, бұрын-соңды болмаған залал-зардапқа әкелген жақындағы жойқын су тасқындарынан кейін аймақтарды қалпына келтіру де сөз болды. Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ-ның зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру жұмыстарында қолдау көрсетуге, сондай-ақ осы мақсатта халықаралық қолдауды жұмылдыруға көмектесуге дайын екенін ерекше атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Дүйсенова өз кезегінде қалпына келтіру аясында өзара келісілген іс-шаралар қажет екенін атап өтті.
Кездесу соңында қос тарап та Қазақстанда тұрақты дамуды ілгері бастыруға мүдделі екенін қуаттады. БҰҰДБ Өкілі сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Дүйсенованы Future of Government Awards шарасында «Жылдың цифрлық көшбасшысы» марапатын алуымен құттықтап, оның ауқымды әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның цифрлық күн тәртібін алға бастырудағы маңызды рөлін атап өтті.