ЕО қаржыландыратын, Орталық Азияға арналған ОДМ Платформасы: климаттық қаржыландыру және Қазақстанның экологиялық болашағы туралы
2024 ж. 12 July
Климаттың өзгеруіне қарсы күресті қаржыландыру маңызды жаһандық міндетке айналды. Көлемі де соңғы жылдары өсе түсті. Қаражаттың көп бөлігі энергетика және көлік секторларына, яғни парниктік газ шығарындыларының негізгі көздеріне тиесілі. Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және жерді пайдалану салаларындағы — климаттың өзгеруіне осал секторлардағы инфрақұрылымдық жобаларға қолдау көрсететін бейімделуді қаржыландыру бағыты да бар. Дегенмен осы арада анық бір сәйкессіздік байқалады: климаттың өзгеруінің әсерін жұмсарту әрекеттеріне бейімделу жобаларына қарағанда 17 есе көп қаражат бөлінеді.
Бұл зерттеу Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын, Орталық Азияға арналған, өңірлік Орнықты даму мақсаттары Платформасын құруға бағытталған БҰҰДБ бағдарламасы шеңберінде жүргізілді. Бұл Платформа — орнықты дамудың ілгерілеуіне назар аударуды қажет ететін салаларды анықтау арқылы бақылайтын және оны жеделдететін білім алмасу орталығы.
Қазақстанның экологиялық мәселелері
Қазақстанда бірқатар күрделі экологиялық проблема бар: климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биоәртүрліліктің жоғалуы, шөлейттену, су мен ауаның ластануы, сондай-ақ қалдықтардың жиналуы. Табиғи ерекшеліктерге байланысты ел аумағының 70 пайызына әсер ететін шөлейттену мәселесі — ең өзекті проблема. Бұл жағдай климаттың өзгеруіне қарсы тиімді қаржыландыру стратегияларын әзірлеу қажет екенін айқындайды.
Қазақстандағы климаттық қаржыландыру үрдістері
Қазақстандағы климаттық қаржыландыру бюджетті мемлекеттік деңгейде қоршаған орта мен климатқа қатысты бағдарламалар мен іс-шараларға бағыттау арқылы жүзеге асырылады. Елдің климаттық бюджеті екі негізгі санатқа бөлінеді:
Жалпы климаттық бюджет климаттың өзгеруіне және қоршаған ортаға тікелей немесе жанама әсер ететін бағдарламаларға қолдау көрсетіп, климаттың өзгеруіне қатысты шығындардың жоғарғы шегін айқындайды.
Қатаң климаттық бюджет климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету бағытындағы шығындарды қамтып, климаттың өзгеруіне қатысты шығындардың төменгі деңгейін бейнелейді.
Жалпы климаттық бюджет және ОДМ
Қазақстанның жалпы климаттық бюджеті ОДМ-на қол жеткізуге бағытталады:
ОДМ 2. Аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тамақтануды жақсарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығының орнықты дамуына ықпал ету.
ОДМ 6. Барлық адамдарға су ресурстары мен санитарияның болуын және оның ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету.
ОДМ 7. Арзан, сенімді, орнықты және заманауи энергия көздерінің жалпыға бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
ОДМ 8. Үдемелі, жан-жақты және орнықты экономикалық өсуге, барлық адамдарды толық әрі нәтижелі жұмыспен қамтуға және лайықты жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу.
ОДМ 9. Орнықты инфрақұрылым құру, жан-жақты және орнықты индустрияландыру мен инновацияларға жәрдемдесу.
ОДМ 11. Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігін және экологиялық орнықтылығын қамтамасыз ету.
ОДМ 12. Тұтыну мен өндірістің ұтымды модельдеріне көшуді қамтамасыз ету.
ОДМ 13. Климаттың өзгеруіне және оның салдарына қарсы шұғыл түрде шара қолдану.
ОДМ 15. Құрлық экожүйелерді қорғап, қалпына келтіру, сондай-ақ оларды ұтымды пайдалануға жәрдемдесу, орман ресурстарын ұтымды пайдалану, шөлейттенуге қарсы күрес, жердің деградация процесін тоқтату және кері қайтару, сондай-ақ биоәртүрліліктің азаюын тоқтату.
2019-2021 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы климаттық бюджеті 1,25 есе ұлғайып, 2021 жылы 2 396 миллиард теңгеге жетті, бұл — мемлекеттік бюджеттің 12,1 пайызы.
Климаттық қорларды үлестіру
Үш жыл ішінде ОДМ 9-ға (индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым) жетуге климаттың өзгеруіне қарсы күреске арналған жалпы бюджеттің ең көп үлесі — 77 пайызы яғни, 1 741 миллиард теңге бөлінді. Лайықты еңбекке, таза энергияға, жауапты тұтынуға және өндіріске қатысты ОДМ-на керісінше қаржының аз ғана бөлігі жетті — мемлекеттік бюджеттің 0-ден 1 пайызына дейін.
ОДМ 13
ОДМ 13 аясындағы жалпы климаттық бюджет үш негізгі міндетті орындауға бағытталады:
Барлық елдердің қауіпті климаттық құбылыстар мен табиғи апаттарға деген төзімділігі мен бейімделу қабілетін арттыру (13.1).
Климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету шараларын ұлттық саясатқа, стратегияларға және жоспарлауға қосу (13.2).
Адамдар мен мекемелердің климат өзгеруінің әсерін жұмсарту және оған бейімделуге қатысты білімі мен мүмкіндіктерін, сондай-ақ ақпарат тарату жұмысын жақсарту (13.3).
Қазақстанда қаржыландыру негізінен 13.1 және 13.2 міндеттерін орындауға бағытталады. Бұл ретте қаражаттың 99 пайызы саясатты интеграциялауға жұмсалады.
Қатаң климаттық бюджеттің маңызы
Алдын ала жасалған талдау Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің 13 пайызы климатқа қатысты проблемаларды тікелей не жанама түрде шешуге бағытталатынын көрсетеді. Алайда бюджеттік жүйе мен шығындарды жоспарлау жұмыстары климаттың өзгеруіне толығымен бағытталуы керек. Көптеген бюджеттік бағдарламалар болашақ климаттық әсерлерді ескермей, салалық қажеттіліктерге негізделіп жатады. Мысалы, мектеп, балабақша және аурухана сияқты инфрақұрылымдық жобалар климаттың өзгеруіне бейімделуге қатысты энергия тиімділігі, су тасқынына төзімділік сияқты мүмкіндіктерді көбірек қажет етеді.
Болашақта қай бағыт дұрыс болмақ?
Қазақстанның Париж келісіміне қатысты міндеттемелерін және экономиканы декарбонизациялау қажеттілігін ескере отырып, қоршаған ортаға оң не кері әсерін тигізетін секторларды анықтау мақсатында бюджет шығыстарын бағалау өте маңызды. Бұл жұмыс климаттың өзгеруіне қарсы іс-шараларға тікелей әсер ететін шығындарға баса назар аудара отырып, климаттың өзгеру мәселесін шешу барысында тиімді әрі мақсатты тәсіл қолдануды қамтамасыз етіп, қатаң климаттық бюджет құруға көмектеседі.
Климаттық қаржыландырудың басымдығы және оның ОДМ-на сәйкестігі Қазақстанның өз экологиялық проблемаларын тиімді түрде шешуіне және орнықты болашақ құруға үлес қосуға мүмкіндік береді.
***
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек БҰҰДБ жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.