Астанада жобалық менеджменттің ОДМ-ға жету жолындағы рөлі жөніндегі семинар өтті
2024 ж. 10 November
8-9 қараша аралығында Astana IT University алаңында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен «Аджаил. Орнықтылық. Жобалық мәдениет» семинары өтті. Іс-шара аясында мемлекеттік басқару саласының, бизнес және халықаралық ұйымдардың жетекші өкілдері бас қосты.
Халықаралық жобалық менеджмент күніне орайластырылған семинар аясында қатысушылар мемлекеттік секторда agile әдістерін, сондай-ақ орнықтылық және жобалық мәдениет ұғымдарын енгізу тәсілдерін талқылады. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов ашты.
Сухроб Ходжиматов құттықтау сөзінде Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) жету үшін тиімді жобалық басқару қажет екенін атап өтті:
«Жобалық басқару дегеніміз жай ғана құрал емес, ол — орнықты прогресстің негізі. ОДМ-ны ұлттық стратегиялардан бастап жергілікті жобаларға дейінгі барлық деңгейде енгізу арқылы біз өзгерістердің адамдарға шын мәнінде жетуін қамтамасыз етіп, олардың өмірін жақсартуға және қоғамның орнықтылығын нығайтуға атсалысамыз».
Сонымен қатар семинар барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының Орынбасары Жақып Асанов пен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин TEDx форматында сессия өткізді.
Семинар бағдарламасы бірнеше панельдік сессиялар мен мастер-класстарды, сондай-ақ Қазақстанның жобалық басқарудағы тәжірибесіне арналған IPMA «Projectification of Society: the Case of Kazakhstan» кітабының ұлттық тұсаукесерін қамтыды. Сессияларға спикер ретінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясының өкілдері, сондай-ақ орнықты жобалық басқару саласының жетекші халықаралық сарапшылары қатысты. Іс-шараның екінші күні қатысушыларға білімін нақты жағдайда қолдану және жобалық сценарийлер жағдайында шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берген «SimulTrain» жобалық басқару симуляциялық ойынына арналды.