Барыс» және «Динамо Минск» хоккей клубтары Халықаралық қар барысы күніне қолдау көрсету үшін матч өткізді
2023 ж. 27 October
Астана қаласында «Барыс Арена» сарайында «Барыс» (Астана) және «Динамо Минск» (Минск) клубтары арасында Халықаралық қар барысы күніне арналған хоккей матчы өтті. Іс-шара аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы қар барысын сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында «Қар барысын сақтайық!» науқанын өткізді.
Халықаралық қар барысы күні жыл сайын 23 қазан күні жабайы табиғатта сирек кездесетін жануарларды сақтаудың маңыздылығынан хабардарлықты арттыру, сондай-ақ оны қорғау үшін күш біріктіру мақсатында атап өтіледі. Әлемде қар барысының азаюына төнетін негізгі қауіптер адамның антропогендік әсері, экожүйелердің бұзылуы, браконьерлік және климаттың өзгеруі болып табылады.
Бүгінгі таңда қар барысы сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түр болып табылады және өзі мекендейтін барлық 12 елдің Ұлттық Қызыл кітаптарына енгізілген. Қазақстанда осы жыртқыш саны 141-183, ал мекендеу ортасы Алтай, Жетісу және Іле Алатауы, Батыс Тянь-Шань және Саур тау экожүйелерін қамтиды.
2018 жылдан бері БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен Қазақстанда қар барысын қорғауға және сақтауға бағытталған жобаны іске асырып жатыр. БҰҰДБ-ЖЭҚ жобасы шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісінің әлеуетін күшейту, халықтың экологиялық хабардарлығын арттыру және мектептерде экологиялық білім бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жоба қар барысы мекендейтін жерлерді, көші-қон жолдарын бақылауға және қоректік азық қорын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарының 13 ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында 297 фотоқақпан орнатылды, сонымен қатар SMART-мониторинг және патруль жүйесі енгізілді.
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың айтуынша, БҰҰДБ-ЖЭҚ жобасының, ұлттық серіктестер мен сарапшылардың бірлескен күш-жігерінің арқасында соңғы жылдары Қазақстанда қар барысы санын арттыруда оң үрдіс байқалады.
«Қазақстан қар барысы мекендейтін аймақтың шет жағында орналасқан, сондықтан оны зерттеу мәселесі аса өзекті. Қоршаған ортаны қорғау шараларының, сондай-ақ қауiпсiз және заманауи әдiстердi, оның iшiнде технологияларды да қолданудың арқасында елде қар барысы саны қалпына келетін сыңайлы. Соңғы 30 жылда Қазақстанда қар барысы саны екі есе өсіп, жыртқыш мекен ететін жаңа аймақтар тіркелген. БҰҰДБ үшін қар барысын сирек кездесетін жануар ретінде сақтау адамдар мен ғаламшардың тұрақты дамуына қол жеткізу үшін биоалуандылық түрлері мен құнды экожүйелерді сақтау жолындағы маңызды міндет болып табылады», -деп атап өтті Катаржина Вавьерниа.
2021 жылдан бері БҰҰДБ ұлттық серіктестермен және «Барыс» хоккей клубымен бірге қар барысын жерсеріктік телеметрия әдісімен таңбалау бастамасын жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі таңда Іле Алатауы ұлттық паркі мен «Алтын Емел» ұлттық паркі аумағында бес қар барысы жерсеріктік қарғыбаумен таңбаланған. Бұл осы жыртқыштың көші-қон жолдары туралы өзекті деректерді алып қана қоймай, оны зерттеу және қорғау бойынша әрі қарайғы іс-қимылдарды жүзеге асыруға көмектеседі.
«Барыс» хоккей клубының президенті Борис Иванищевтің айтуынша, «Қар барысын сақтайық!» науқанын өткізу клуб хоккейшілері үшін ғана емес, мыңдаған жанкүйерлер үшін де жақсы дәстүр болады.
«Барыс» хоккей клубы» БҰҰДБ-мен бірге алты жыл бойы Қазақстанда қар барысын сақтаудың маңыздылығы туралы айтып келеді. Біздің ойымызша, қар барысына төнген қауіп-қатер туралы неғұрлым көп адам білсе, оны қорғау мүмкіндіктері де соғұрлым көп болады», -дейді Борис Иванищев.
«Қар барысын сақтайық!» науқаны аясында «Барыс Арена» мұз сарайында қар барысының бірегей суреттерінің фотокөрмесі, жанкүйерлер үшін сайыстар мен фотоаймақ ұйымдастырылды.