Биоәртүрлілікті қаржыландыру: Қазақстанда биоәртүрлілікті орнықты сақтау жолдары
2024 ж. 31 October
Осы күндері, Кали қ. (Колумбия) Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция (БӘК) Тараптары Конференциясының (ТК) 16-шы отырысы аяқталды. Әлем Биоәртүрлілік саласындағы Куньмин-Монреаль жаһандық шекті бағдарламасы (БЖШБ) қабылдағанғалы бергі жетістіктерді қорытындылап, сол өршіл мақсаттарға жету жолдарын зерделеп жатыр. Биоәртүрлілікті қаржыландыруда басымдық белгілеу басты мәселе болып қала береді.
БҰҰДБ Қазақстанда биоәртүрлілікті қаржыландыруды басты басымдыққа айналдыру үшін жаһандық командаларымыз әзірлеген және бүкіл әлемде әртүрлі жағдайда тиімділігін дәлелдеген құралдар мен стратегияларды енгізіп жатыр.
Дүние жүзінде экожүйелік қызметтер жылына шамамен 125 триллион АҚШ долларына бағаланады, бұл жаһандық экономикамен тепе-тең. 2017 жылы БҰҰДБ ұсынымдары Қазақстанның Орман кодексінде көрініс тауып, «орман экожүйелік қызметтері» енгізілді. Енді жеке меншік сектор ормандарды сақтауда қолдау көрсету үшін және ерекше қорғалатын аумақтарды қалпына келтіруді қаржыландыруға қатысу үшін қайырмалдық жасай алады және ерікті жарналар төлей алады. Бұл өзгерістер биоәртүрлілікті қаржыландыру және экожүйені қорғау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
2021 жылы Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексіне биоәртүрлілікті сақтау туралы тарау енгізіліп, экожүйелік қызметтер үшін ерікті төлемдер енгізілді, сонымен қатар жоспарлау сатысында өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалардың ықтимал салдарын жоюға арналған биоәртүрлілікті жоғалтудың алдын алу, барынша азайту, жұмсарту және орнын толтыру қағидасын белгілейтін биоәртүрлілікті орнын толтыру механизмін енгізді. Сонымен қатар жаңа Кодексте ұлттық парктерде туристер санын реттеу, экологиялық таза көлікті ілгері бастыру, биоәртүрлілікке залал келтірудің алдын алу, келушілерді хабардар ету, қалдықтарды азайту және жергілікті қауымдастықтарды туризмнен пайда табуға қатыстыру сияқты экотуризмді дамыту қағидалары қамтылды.
«Мыңжылдық қарсаңында экожүйелерді бағалау» бағдарламасы экожүйелерді және биоәртүрлілікті дамыту мен тұрақты басқару өзара үйлесімсіз деген қате пікірді нығайта түседі. Шынында да біз екеуі де қатар өмір сүре алатынын және өмір сүруі тиіс екенін көрсетуіміз керек, өйткені олар адам мен қоршаған ортаның ұзақ мерзімді амандығы үшін маңызды.
БҰҰДБ-ның БИОФИН бастамасының шеңберінде Биоәртүрлілік шығындарына шолу жасау сияқты диагностикалық құралдарды ұсынатын кешенді әдістеме әзірленді. Аталмыш шолуда биоәртүрлілік саласындағы саясат, қаржылық стратегиялар және нәтижелер үшін жеткілікті ақпарат қалыптастыру және жақсарту үшін мемлекеттік, жеке меншік және қоғамдық бюджеттер, бөлінген қаражат, шығындар сияқты көздерден алынған егжей-тегжейлі деректерді пайдаланады. Қазіргі уақытта біз қаржылық қажеттіліктерді бағалау негізінде биоәртүрлілікті қаржыландыру жоспарымен жұмыс істеп жатырмыз, соның арқасында Қазақстанда биоәртүрлілікті сақтау үшін ресурстарды жұмылдыру стратегиясы әзірленеді.
Дүние жүзіндегі қаржы ағындары орасан зор әрі мол, бірақ мәселе олардың жетіспеушілігінде емес, сол ағындардың қай бағытта ағып жатқанында. Алшақтықты жою үшін сол ағындарды биоәртүрлілікті қолдауға бағыттауымыз керек. Бұл тек мемлекеттік қаражатқа қатысты емес; сондай-ақ жеке меншік капиталдың мықты ағынын тұрақты дамуға бағыттауымыз керек.
Осы жазда біз Қазақстандағы Табиғатқа қатысты қаржылық ақпаратты ашуға дайындықты кешенді бағалау бастамасын көтердік. Бағалаудың мақсаты үкіметтердің, реттеуші органдардың, қаржы мекемелерінің және жеке меншік сектордың биоәртүрлілік мәселелерін тәуекелдер мен мүмкіндіктерді басқару жүйелеріне кіріктіруге дайындығын бағалау болып табылады. Нәтижелер осы негізгі секторлардың өздерінің саясаттарында, операцияларында және құн қалыптастыру тізбектерінде биоәртүрліліктің қаржылық салдарын көрсетуге қаншалықты дайын екенінің нақты көрінісін береді, сөйтіп болашақта анағұрлым негізді және тұрақты шешімдер қабылдауға жол ашады.
Биоәртүрлілікті сақтау үшін қаржы ағынын ашудың тағы бір жолы көміртегі нарықтары, атап айтқанда Париж келісімінің 6-бабында көрсетілген механизмдер болып табылады. БҰҰДБ ормандар сияқты негізгі экожүйелерді сақтауға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатыр. Ормандар ел аумағының 5% ғана алып жатқанымен, аса бағалы және сирек кездесетін жануарлар түрлерінің, сондай-ақ елде кездесетін жоғары дәрежелі өсімдік түрлерінің 90%-ның маңызды мекендеу ортасы екені даусыз.
Біз бұрынғыша Қазақстанның тамаша биоәртүрлілігі лайықты бағалануын қамтамасыз етуге тырысамыз. Біз әрбір инвестиция елдің табиғи мұрасын сақтаудағы әрі қарайғы жетістіктерге жол ашып, кеңірек ықпал мен тұрақты өзгерістерге септесетін баспалдаққа айналуын қамтамасыз етуге тырысамыз.