БҰҰДБ Қазақстан университеттерінің бағдарламаларына экотуризм бойынша заманауи тәжірибелерді енгізуді қолдайды
2024 ж. 21 November
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) экотуризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Екіжақты ынтымақтастықтың мақсаты-тұрақты даму саласындағы өзара іс-қимылды күшейту және еліміздің университеттеріне туризм және қоршаған ортаны қорғау секторына заманауи тәжірибелерді енгізу. Осы Келісімге Қазақстанда алты қаржылық шешімді іске асыратын Биоәртүрлілікті қаржыландыру бастамасы – БИОФИН шеңберінде қол қойылды, оның бірі экотуризм саласында сертификаттау үшін негіз құру болып табылады.
БИОФИН жобасы аясында биоәртүрлілікті сақтау және инвазиялық түрлерді бақылау, эко-ағарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және энергия үнемдеу технологияларын пайдалану мәселелерін қоса алғанда, экотуризмге қойылатын жалпы және қосымша талаптарды белгілейтін ҚР СТ 2993 «Туристік қызметтер. Экологиялық туризм. Жалпы талаптар» ұлттық стандартын қайта қарауға бастама жасалды. Сонымен қатар, стандарт экотуризмде қолданылатын халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және ұлттық контекстке бейімделген.
Экологиялық туризм - табиғатты қорғаудың және онымен адамның тұрақты қарым-қатынасының тиімді құралы ретінде танылған әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан секторлардың бірі. Экотуризмнің тұрақты дамуының негізі жергілікті халықтың әл-ауқатының тиімді өсуіне ықпал ете отырып, биоәртүрлілік пен экожүйеге зиян келтірместен табиғи аумақтарда туризмді ілгерілетуге мүмкіндік беретін стандарттар жүйесін іске асыру болып табылады. Қазақстан университетінің оқу бағдарламасына оқыту модульдерін енгізу және экологиялық мәселелерді дұрыс түсіндіру экотуризм саласындағы студенттерді даярлау сапасын арттыруға, сондай-ақ ҚР СТ 2993 «Туристік қызметтер. Экологиялық туризм. Жалпы талаптар» ұлттық стандартына сәйкес экологиялық басқару мәселелерінде білімді нығайтуға мүмкіндік береді.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматовтың айтуынша, экологиялық туризм қоршаған ортаға және биоәртүрлілікке антропогендік әсерді жұмсартуға мүмкіндік беретін және адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге бағытталған тиімді әдістердің бірі болып табылады.
«Бүгінгі таңда әлемде экологиялық туризмге көбірек көңіл бөлінеді. Тұрақты туризм жергілікті тұрғындардың қаладан тыс жұмыспен қамтылуы мен табысының өсуіне әсер ете отырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер туғызады. Қазақстан Орталық Азияда ұлттық парктер мен қорықтардың кең табиғи аумақтарына ие. Экотуризммен интеграция арқылы осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тұрақты дамыту және басқару әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық аспектілерді қамтуға көп әсер етеді. Тұрақты туризмді дамыту саласындағы заманауи тәжірибелерге негізделген оқу орындарына инновациялық әдістерді енгізу, тұрақты дамуға қол жеткізуге елеулі үлес қосатын мамандар даярлауға мүмкіндік береді», -деді Сухроб Ходжиматов.
Айта кету керек, осы кезеңде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп БИОФИН шеңберінде қазақ және орыс тілдерінде туризм саласындағы ұлттық стандарт бойынша тренинг модульдерінің құрылымы мен форматын жаңарту, сондай-ақ оларды еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына дәйекті интеграциялау бойынша бастамалар жүргізуде.
«Жоғары білім саласындағы көшбасшылардың бірі ретінде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазіргі заманауи халықаралық тәжірибелерді енгізу жөніндегі бастамаларды белсенді қолдайды. БҰҰДБ-мен экотуризмді дамыту саласындағы Меморандум бізге білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді, соның арқылы туризмді елдің табиғи ресурстары мен мәдени мұрасын сақтауға ықпал ететін экологиялық қауіпсіз және орнықты нысанда дамыту мүмкін болады», -деп атап өтті Еркін Дүйсенов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасының орынбасары - Бірінші проректор.