БҰҰДБ Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрімен су ресурстарын басқару басымдықтары мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2023 ж. 12 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа жақында ғана тағайындалған Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесті. Кездесудің мақсаты – БҰҰДБ-ның елді дамытудағы басымдықтарымен танысу және ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылау.

Кездесу барысында екі жақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару мәселелерін талқылады. Бүгінгі таңда тұрақты жаһандық жылыну су ресурстары қолжетімділігінің, жауын-шашын көлемі, ылғалдылық және құрғақ кезеңдер өзгергіштігінің артуына әкелетін жаһандық су айналымына әсер етеді деп күтілуде. Орталық Азиядағы су ресурстарының 90%-дан астамы жер суландыру үшін пайдаланылатынын ескерсек, бұл өзгерістер ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экономикалық дамуға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстанның бірнеше трансшекаралық өзен бассейндеріндегі географиялық орналасуы саяси қиындықтар туғызып, су ресурстарын тиімді басқаруды талап етеді. Судың қолжетімділігі мен тұтынылуы туралы ақпараттың, ескірген су инфрақұрылымы және су ресурстарының экономикасы мен бизнес үлгілерінің жоқтығы жағдайды одан әрі қиындатады.

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде БҰҰДБ өз тәжірибесі мен жаһандық сараптама желісіне негізделген шешімдерді ұсынды. Бұл шешімдер су ресурстарын басқаруды цифрландыруды, су дипломатиясы мен трансшекаралық ынтымақтастықты, су ресурстарын кешенді басқаруды (СРРМ) енгізуді, суды айналымдық пайдалануды және тұрақты ауыл шаруашылығы тәжірибесін қамтиды. БҰҰДБ инклюзивті шешімдер қабылдау үдерістерін ілгерілету үшін әртүрлі серіктестердің, донорлардың, министрліктер мен парламентарийлердің күш-жігерін біріктіру арқылы Қазақстанды қолдауға дайын екенін білдірді.

БҰҰДБ өкілдері мен Қазақстанның Республикасының Су ресурстары министрінің кездесуінде су секторындағы маңызды мәселелерді шешуде және тұрақты шешімдерді әзірлеуде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.