БҰҰДБ мен «Самұрық-Қазына» АҚ ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
2024 ж. 21 June
Бүгін Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және «Самұрық-Қазына» АҚ өзара ниет туралы қаржылық емес мәлімдемеге қол қойды. Ынтымақтастық мақсаты – Қазақстан өңірлеріндегі әлеуметтік осал жастарды қолдау, адам құқықтарын бұзу саласындағы ықтимал қауіп-қатерлерді жою үшін жауапты іскерлік тәжірибені ілгерілету, сондай-ақ холдинг кәсіпорындарында гендерлік кемсітушіліктің барлық нысандарын жеңу үшін гендерлік теңдік қағидаттарын енгізу.
«БҰҰДБ-мен ынтымақтастығымыз аясында біз өз кәсіпорындарымызда Қазақстан өңірлеріндегі әлеуметтік осал жастарды қолдауға бағытталған тағылымдама бағдарламасын бастаймыз. Сондай-ақ гендерлік теңдік пен адам құқықтарын құрметтеудің жаһандық стандарттарын басшылыққа ала отырып, кадрлық және әлеуметтік саясат саласында бірқатар бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», -деді Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры.
Биыл Маңғыстау және Қызылорда облыстарындан 300-ден астам жас «Самұрық-Қазына» АҚ кәсіпорындарында тағылымдамадан өтеді деп күтіледі. Бірлескен тағылымдама бағдарламасы Жапония үкіметі қаржыландыратын «Орталық Азияда зорлық-зомбылықшыл экстремизмнің алдын алу мақсатында жергілікті қауымдастықтардың орнықтылығын нығайту» атты БҰҰДБ аймақтық бастамасының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Аталмыш бастама өңірдегі елдердің жастарының әлеуметтік және экономикалық осалдығымен күресуге бағытталған.
Серіктестік аясында БҰҰДБ сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-на холдинг қызметіне гендерлік бағалау жүргізу, адам құқықтары мен гендерлік теңдік саласындағы тиісті сақтық саясаты бойынша іс-қимылдар жоспарын әзірлеу және білім беру тренингтерін өткізу үшін сарапшылық қолдау көрсетеді.
«Бұл серіктестік анағұрлым әділ, жауапты және инклюзивті болашақ құруға деген ортақ талпынысымыздан көрініс беретін үш негізгі мақсатты белгілейді. Адам құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз ету стандарттарын және гендерлік теңдік стратегияларын енгізу нақты әлеуметтік және экономикалық пайда әкеледі. Компанияларға дарынды қызметкерлерді тартуға, олардың әлеуетін ашуға көмектеседі, инновацияларға жол ашады, қаржылық нәтижелерді жақсартады және тұтынушылар мен инвесторлар арасында іскерлік беделді арттыруға көмектеседі», -деп атап өтті Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары.
Жаһандық деңгейде БҰҰДБ сондай-ақ гендерлік бағдарланған корпоративтік басқару жүйелерін құруда бизнеске қолдау көрсетуді ұсынады, ондай жүйелер Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша компанияның тиімділігі мен табыстылығына оң әсер ететін көрінеді.
БҰҰДБ жауапты бизнес жүргізудің негізгі жаһандық стандарттарын, атап айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымының кәсіпкерлік қызметтегі адам құқықтарына қатысты жетекші қағидаттарын енгізуде қолдау көрсетуде жетекші рөл атқарады. Аталмыш қағидаттар кәсіпорындардан өз қызметінің адамдарға және қоршаған ортаға жағымсыз әсерін анықтау, алдын алу және жұмсарту үшін адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық процедураларын жүргізуді талап етеді.