БҰҰДБ Қызылорда және Маңғыстау облыстарында психологтар мен мектеп әкімшіліктеріне арналған тренинг өткізуде
2024 ж. 2 October
9-28 қыркүйек аралығында Ақтау және Қызылорда қалаларында БҰҰДБ қолдауымен девиантты мінез-құлықты жастармен жұмыс істеу және эмоционалды интеллектті дамыту тақырыптары бойынша психологтар мен мектеп әкімшіліктеріне арналған тренингтер өтті. Тренингтерге БҰҰДБ-ның Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында орнықты қоғамдастықтарды қолдауға бағытталған өңірлік бастамасының пилоттық өңірлері — Қызылорда және Маңғыстау облыстарының мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ мектеп және пенитенциарлық жүйе психологтары қатысты. Жапония Үкіметі қаржыландыратын бұл бастама аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған ортақ күш-жігерді айқындайды.
Тренинг барысында тәуекел тобындағы жастармен жұмыс істейтін 90-нан астам психолог жеке тұлғаны профильдеу принциптерін және психологиялық портреттер жасау әдістемесін игерді. Девиантты мінез-құлықты жасөспірімдермен жұмыс істеуге, сондай-ақ олармен жұмыс істеу барысында эмоционалды интеллектті дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық актілерінің алдын алу бойынша жұмыстың негізгі аспектісі болып табылатын заңсыз әрекеттерге деген бейімділікті ерте диагностикалау әдістері талқыланды.
«Жастар арасында байқалатын девиантты мінез-құлық — көп елге ортақ, өзекті мәселе. Біз, психологтар, мұндай құбылыстардың алдын-алу үшін белсенді түрде жұмыс жасаймыз, сондай-ақ жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының назарын осы мәселеге аудару қажет деп санаймыз. Қазақстанда эмоционалды интеллекттің маңызы өсіп келеді, сондықтан мен адамдардың семинарлардан кейін осы процестің маңызы туралы ойланып, эмоционалды интеллектін дамыту жолдарын іздей бастағанын көріп, қуанамын. Әр адам эмоцияларды тани білу, сезу және басқару дағдыларын игеріп, одан әрі дамытуы тиіс», —деді Құралай Иманалиева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің психологиялық қолдау орталығының жетекшісі.
Сонымен қатар 60-қа жуық мектеп әкімшіліктері қызметкерлері жастардың осал топтарымен жұмыс істеу әдістерімен танысты. Олар жасөспірімдер арасында сыни ойлауды дамыту жолдарын девиантты мінез-құлықтың алдын алу құралы ретінде қарастырып, өз эмоцияларымен қатар оқушылардың эмоцияларын тануды және талдауды үйренді. Бұл дағдылар мектеп қызметкерлеріне өзара әрекеттесудің оңтайлы жолдарын табуға көмектеспек. Сондай-ақ олар оқушылардың сенімдері мен құндылықтарымен жұмыс істеу әдістерін игеріп, сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуды және ықтимал қақтығыстардың алдын алуды үйренді.
«Психологтар мен тәрбиешілерге жастармен қауіпсіздік мәселелері бойынша жұмыс істеуді үйретудің маңызы зор, өйткені тиісті білімі әрі тәжірибесі бар мамандар жастарды буллинг, қоқан-лоқы көрсету сияқты қауіптерден сақтайтын, физикалық және эмоционалдық тұрғыдан қауіпсіз, дамуға мүмкіндік беретін, орнықты әрі салауатты орта қалыптастыра алады. Тренингке қатысушылар шарамызды жоғары бағалап, алған білімдерін күнделікті жұмыс барысында қолдануға дайын екендіктерін айтты», —деп атап өтті эмоционалды интеллектті дамыту бойынша жаттықтырушы Әсел Мұратова.
Тренингтер педагогтар мен психологтарға жастармен профилактикалық жұмыс жүргізуге көмектесетін, сондай-ақ жастардың әлеуметтенуіне, дамуына ықпал етуге мүмкіндік беретін тәжірибе және практикалық дағдылармен алмасу алаңы қызметін атқарды.
Бұған дейін осы бастама аясында БҰҰДБ қолдауымен Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жастардың радикалдануының алдын алу және эмоционалды интеллектті дамыту тақырыптарын қамтыған, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған тренингтер өткізілген болатын. Сондай-ақ Алматыдағы Suleyman Demirel University (SDU) алаңында Жастар лагері ұйымдастырылған еді. Лагер барысында Қызылорда және Маңғыстау облыстарының 100-ден астам NEET (not in Education, Employment, or Training) санатына жататын жастары кәсіпкерлік, қаржылық және медиа сауаттылық, цифрлық дағдылар, шешендік өнер және коммуникация бағыттары бойынша білім алды.
ОДМ 16: бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар
БҰҰДБ кешенді саясат пен бағдарламаларды енгізе отырып зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын жаһандық деңгейде алуға белсенді түрде жәрдемдеседі. Осы тұрғыда БҰҰДБ БҰҰ Бас хатшысының Зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспары мен ОДМ 16-ға сүйене отырып «Инклюзивті даму және төзімділік пен алуантүрлілікті құрметтеу арқылы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу» атты жан-жақты стратегиялық негіз әзірлеген болатын.