Қазақстанда мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау бойынша тренинг басталды

2021 ж. 22 June

 

 

18 маусымда Қазақстанның 40-тан астам вице-министрі мен мемлекеттік органдар департаменттерінің басшылары Эстонияның Электрондық басқару академиясы (eGA) әзірлеген мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау бойынша бес апталық тренинг шектерінде оқуды бастады. 

Тренингке қатысушылармен сәлемдесе отырып, Эстония Республикасының Экономика және коммуникациялар министрі Таави Аас: «Пандемия көптеген елдерге шектеулер мен кедергілерді еңсеруге көмектесетін және үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ететін құралдардың бірі заманауи технологиялар мен электрондық үкімет екенін көрсетті», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ол жеке деректерді қорғаудың барлық қағидаттарын сақтай отырып, әртүрлі мемлекеттік органдар арасында деректерді қауіпсіз алмасуды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Оқыту барысында халықаралық сарапшылар цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік үрдістермен, Эстония, Ұлыбритания, Дания және Сингапурдың озық тәжірибелері мен бизнес-модельдерімен бөлісіп, қатысушылармен мемлекеттік қызметтерді қайта құрамдастырудың тиімді әдістерін талқылайды және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың жаңа мүмкіндіктерін белгілейді.

«Көптеген үкіметтердің күн тәртібінде жалпы экономиканы да, мемлекеттік басқаруды да цифрландыру мәселесі бар. Цифрлық үкіметті дамыту процесінде басты назар азаматтарға аударылуға тиіс. Серпінді технологияларды ешбір теріс пайдалануды болдырмайтын және сол арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік беретін шешімдердің айқын да ашық қабылдануын қамтамасыз ететіндей қолдану маңызды», – деп атап өтті Астана Мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов.

Оқыту кезінде қатысушылар мемлекеттік органдардың біртұтас ақпараттық технологиялар (АТ) архитектурасын әзірлеу, цифрлық үкіметтің құқықтық базасын оңтайландыру, киберқауіпсіздік проблемалары, саясатты жоспарлау, жобаларды басқарудың икемді техникаларын қолдану және электрондық демократия тұрғысынан шешімдер қабылдау мәселелерін де зерделейді.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің айтуынша, «бүгінгі таңда технологияларды енгізу құрылымдық реформаларды жүзеге асыру үшін барынша тиімді де пәрменді құрал болып табылады. Цифрлық трансформация ұғымы технологияларды қолданумен шектелмейді, өйткені мемлекеттік аппарат пен жеке меншік секторы өзгеріп, сәйкесінше, технологияларды ескере отырып жаңа тәсілдер мен қызмет әдістері әзірленеді».

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары мен «DigitEL» ұлттық жобасын талқылауға ерекше назар аударылатын болады. Тренинг бағдарламасы 8 онлайн-сессиядан және бірнеше бейнекурстан тұрады.

Оқытуды Астана Мемлекеттік қызмет хабы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-мен, Эстонияның электрондық басқару академиясымен бірлесіп Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.