Қазақстандықтардың 91 пайызы мемлекеттің жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қатысуын қолдайды
2023 ж. 22 February
Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы қазақстандықтардың жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) енгізу мәселелерінен хабардарлығы туралы әлеуметтік сауалнама нәтижелерін таныстырды.
Жаһандық климаттың өзгеруі адамзатты болашақ ұрпаққа қандай мұра қалдыратынымыз туралы ойландырады. Бүгінде әрбір ел көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ұмтылады және Қазақстан өз кезегінде оған қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуде.
Қазақстандағы БҰҰДБ «ЖЭК-ке инвестициялау тәуекелдерін төмендету» жобасы аясында Ғаламдық экологиялық қордың (ҒЭҚ) қаржылық қолдауымен Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен серіктестікте халықтың ЖЭК енгізу мәселелерінен хабардарлығына зерттеу жүргізді.
Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірлерінен 2,546 адам қатысты, олардың арасында бизнес, академиялық құрылымдар, кәсіпкерлер бірлестіктері, ЖЭК саласындағы сарапшылар өкілдері бар.
Зерттеу нәтижелері білімнің ЖЭК туралы хабардарлықты арттыруда шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Сарапшылар мектептегі оқыту бағдарламасы деңгейінде де, ЖЭК саласында қосымша білім беру деңгейінде де білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу қажеттігін ұсынады. Мысалы, жұмысшылар, инженерлер, басшылар, жас жобалаушылар және т.б. үшін оқыту бағдарламаларын әзірлеу.
Сонымен қатар ерлер мен әйелдер арасындағы хабардарлық деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтар бар екені анықталды. Жасыл күн тәртібін жүзеге асыруға әйелдер айтарлықтай аз қатысады, дегенмен жаңартылатын энергия көздері секторы пәнаралық сипатына байланысты әйелдер үшін тартымды. Сондай-ақ, Қазақстандағы әйелдер ЖЭК саласындағы қызметкерлердің 30 пайыздан азын құрайтынын еске саламыз. Олардың шешім қабылдау деңгейіне қатысуы бірнеше есе аз.
Мәселен, қазақстандықтардың 83 пайызы ЖЭК туралы біледі және экологиялық күн тәртібіне терең бойлайды, ал сауалнамаға қатысқандардың 76 пайызы адам қызметі климаттың өзгеруінің негізгі себебі екеніне келіседі. Зерттеу нәтижелері бойынша сауалнамаға қатысқандардың 75 пайызы адамзатқа ЖЭК-пен толық қамтамасыз етілетін әлем құру керек деген идеяны қолдайды.
Респонденттер күн және жел энергетикасын өз аймақтарындағы ең болашағы бар көздер деп санайды. Күн су жылытқыштары, сондай-ақ биомассаны пайдалану танымал.
Қазақстандықтардың 12 пайызы бірқатар себеппен үйде белгілі бір жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып жүр.
Негізгі себептер қатарында респонденттер табиғатты қорғағысы және коммуналдық қызмет ақысын төлеуде үнемдегісі келетінін көрсетсе, кейбіреулер ЖЭК-ті басқа энергия көздердің болмауына байланысты қолдануға мәжбүр.
Зерттеу нәтижелері ЖЭК стратегиялық мақсат ретінде және газ аралық шешім ретінде қарастырылатын елде халықтың біртіндеп энергетика эволюциясын қолдайтынын көрсетті.
Қабылданған құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасында» аталған мақсаттар арасында ЖЭК объектілерінің қуатын 2030 жылға қарай 7 ГВт-қа дейін арттыру да бар. Бұл ретте электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 2030 жылға қарай 15 пайызға және 2050 жылға қарай 50 пайызға жетуге тиіс, «жасыл» энергияның үлесі 2022 жылы ағымдағы 4,5 пайыздан артады.
Сауалнамаға қатысқандардың 91 пайызы мемлекеттің ЖЭК-ті дамытуға қатысуын қолдайды. Респонденттердің 47 пайызы биліктің ЖЭК-ті дамыту бойынша әрекеттері туралы естіген. Алайда нақты бастамалар туралы респонденттердің 21 пайызы ғана еске түсіре алды. Сарапшылардың пікірінше, бұл – мұндай жаңа сала үшін жоғары көрсеткіш.
Энергетикада ЖЭК қолдануды кеңейткен кезде бизнес пен қоғам үшін белгілі бір шығындар болатынын да атап өткен жөн. Олардың ішінде дәстүрлі көздерден алынатын энергия құнымен салыстырғанда ЖЭК пайдалану арқылы өндірілетін энергияның құны жоғары; барлық энергетикалық инфрақұрылымды ауқымды түрде қайта құруды қажет ететін «таза энергетикаға» көшу; энергия өндіру көлемінің ауа райы жағдайларына тәуелділігі және соның салдарынан резервтік және жинақтаушы қуат жүйесін құру қажеттігі.
Сарапшылардың пікірінше, ЖЭК-ке көшу шығындарын, энергия құнының өсуін және энергетикалық инфрақұрылымды қайта құру кезеңінде жоспардан тыс ажырату санының айтарлықтай өсуін қоғам сыни тұрғыдан қабылдайды деген ықтималдық жоғары. Өз кезегінде сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі өндірушілер мен тұтынушыларды ынталандыру қажеттігін және бірден жылжытпай, біртіндеп бағдарлы түрде ықпал ету керектігін айтты.
Айта кетейік, ЖЭК туралы ақпарат алудың негізгі көзі деп қазақстандықтардың көпшілігі интернетті атады. Алайда дәстүрлі БАҚ өңірлер мен шағын елді мекендерде әлі де үлкен маңызға ие.