Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен жоғары деңгейдегі іс-шарада 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Қазақстан доктринасы ұсынылды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰДБ-ның Еуропа және ТМД бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггер ашты. Іс-шараға қатысушыларға АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри бейне үндеу жолдады.
«Қазақстан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің көміртегі шығарындыларының нөлдік деңгейіне жету жөніндегі үндеуін дәйекті түрде қолдайды. Бүгін біз ортақ мақсатымызға қол жеткізу үшін не істеуіміз керек екенін талқылаймыз», - деді Президент Тоқаев.
2020 жылғы желтоқсанда Климаттық амбициялар саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі өршіл мақсат туралы мәлімдеді Кейін ол Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күреске және Париж келісіміне сәйкес мақсатты шаралар қабылдауға берік бейілділігін растады
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің ұзақ мерзімді доктринасын – дағдарыстан кейінгі тұрақты қалпына келтіруді, экономиканың төмен көміртекті дамуын және энергетикалық сектордағы трансформацияны қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар әзірледі. Доктрина көмір генерациясының жаңа жобаларынан бас тарту және көмірді жағудан біртіндеп бас тарту (2021-2025), 2 миллиард ағаш отырғызу бағдарламасын іске асыру (2025 ж.), электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін екі есе арттыру (2030 ж.), қатты тұрмыстық қалдықтарды 100% сұрыптау (2040 ж.), 75% егістік жерлерде тұрақты ауыл шаруашылығы (2045 ж.), жеке жолаушылар көлігін 100% электрлендіру (2045 ж.), «жасыл» сутекті пайдалану және 2050 жылдан бастап көмір өндірісінен толық бас тарту.
«Жасыл» көшу дұрыс қаржыландыруға байланысты. Бұл мемлекеттік және жеке секторларды біріктіруді талап етеді. Қазақстанда БҰҰДБ көміртегінің шығарылуын өтеу, энергия тиімділігі саласындағы субсидиялар, кредиттер бойынша кепілдік схемалары және «жасыл» облигациялар сияқты тұрақты дамуға жеке сектордың инвестицияларын жұмылдыру үшін ынталандырушы және жаңашыл құралдарды қолданады. Мемлекеттік қаржыландыруға келетін болсақ, күн тәртібіндегі басым орын тұрақты және төмен көміртекті инфрақұрылымға басымдық берілетін ұлттық бюджет арқылы ішкі ресурстарды неғұрлым тиімді бөлуге бөлінуі тиіс. Сондықтан БҰҰДБ қазба отынынан бас тартуға және адамдарға да, планетаға да инвестициялауға шешуші қадам ретінде қазба отынына субсидияларды тоқтатуға шақырады», - деді Сполярич Эггер ханым Нұр-Сұлтандағы кездесуде.
Шығарындыларды азайту және экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бұл ұлттық ұзақ мерзімді стратегия 2021 жылғы 31 қазан мен 12 қараша аралығында Глазго қаласында (Ұлыбритания) өтетін әлемдегі ең ірі климаттық оқиғада – тараптардың алдағы Конференциясында (КС-26) ұсынылатын болады. 196 елдің көшбасшылары адамдар мен планета үшін климаттың өзгеруіне қарсы күресте өз әрекеттерін үйлестіру үшін жиналады.
Парниктік газдардың антропогендік шығарындылары соңғы жылдары адамзат тарихындағы ең жоғары деңгейге жетті және климат өзгеруінің апатты салдары бүкіл планетада байқалады. 2019 жылы Қазақстанда парниктік газдардың шығарындылары 354 млн. тонна көмірқышқыл газының (СО2) эквивалентін құрады және олардың 80 пайыздан астамы қазбалы отынның – көмірдің, мұнайдың және табиғи газдың жағылуына байланысты болды. Салыстырмалы түрде алғанда, ел Орталық Азиядағы парниктік газдар шығарындыларының ең ірі көздерінің бірі болып табылады.
«Орталық Азиядағы декарбонизациялау импульсі нақты. Қазақстан бұл үдерісті басқару үшін саяси ерік-жігер мен пайымды танытып отыр. Өйткені, батыл әрекеттердің болмауына байланысты өңір энергетикалық көшуді жіберіп алуы мүмкін», - деді Сполярич Эггер ханым. «Таза энергияға салынған инвестициялар қазба отынына салынған инвестициялардан үш есе көп жұмыс орнын ашады. 2018 жылы жаңартылатын энергетика секторында рекордтық 11 миллион адам жұмыспен қамтылды. Орталық Азияда жаңартылатын энергияның айтарлықтай пайдаланылмаған ресурстары бар, атап айтқанда гидроэнергетика, биомасса, геотермалдық, жел және күн энергиясы. Оның үстіне, энергия тиімділігі мен «жасыл» сутегі де декарбонизациялауда маңызды рөл атқарады», - деп қосты ол.
Жоғары деңгейдегі іс-шара мемлекеттік құрылымдардан, ірі өнеркәсіптік компаниялардың топ-менеджментінен, қаржы институттарынан жоғары шенді қатысушыларды, даму жөніндегі серіктестерді және БАҚ-ты жинады. Іс-шара көміртекті-бейтарап қоғамға көшу арқылы ұсынылатын экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерге арналған, сондай-ақ қажетті декарбонизациялау саясатына және төмен көміртекті және климаттық тұрақты даму жолына қажетті инфрақұрылым мен технологияларды қайта құруға қоғамның назарын аудару алаңы болды.
Жаһандық ауқымда БҰҰДБ әлемнің 137 елі мен аумағында тұрақты энергетика, құрылыс, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және биоалуантүрлілік саласындағы жобаларды қаржыландыруға арналған 4,9 миллиард долларлық гранттар портфелін басқарады, олар қосымша 21 миллиард доллар тартты, 86 миллион адамға тікелей және 111 миллион адамға жанама түрде пайдасын тигізді.
Экологиялық қауіпсіз және төмен көміртекті дамуды ілгерілету саласындағы үкіметтермен ондаған жылдардағы ынтымақтастыққа сүйене отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметін экономикалық өміршең және әлеуметтік әділ негізде энергетикалық көшуді табысты жүзеге асыруда қолдау үшін жаһандық сараптама мен жинақталған тәжірибені жұмылдыруға дайын. БҰҰДБ бұрынғысынша Қазақстан Үкіметімен және барлық серіктестермен осы Конференцияның тұрақты және берекелі болашаққа қол жеткізу жөніндегі пайымын ілгерілету мақсатында жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.