Орнықты дамуға негізгі инвестициялар
2024 жылы Қазақстан соңғы 80 жылдағы ең алапат су тасқындарына — 177.000-нан астам адамды көшіруге тура келген, 6.000 үйді су басқан, инфрақұрылым мен экономикаға қыруар шығын келтірген апатты оқиғаларға тап болды. Осындай дағдарыс жағдайында БҰҰДБ-ның негізгі қорлары Қазақстанның су ресурстарын басқару секторында ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізін қалап, трансформациялық шараларды жандандыруда басты рөл атқарды.
Қазақстанның су мәселелерімен бұрыннан айналысып жатқан БҰҰДБ елдің су тасқынына қарсы шараларында қолдау көрсету үшін өз әдіс-тәсілдерін тез арада бейімдеп үлгерді. Табысы ортадан жоғары экономика ретінде Қазақстан су тасқынының салдарын реттеу үшін қажетті ресурстарға ие болғанымен, сенімді кешенді стратегия әзірлеу үшін халықаралық білім мен тәжірибе керек болды. БҰҰДБ-ның ғаламдық білім мен тәжірибе желісі су ресурстарын басқару және су тасқындарына қарсы іс-қимыл саласында маманданған халықаралық техникалық кеңесшіні жұмысқа тартуға мүмкіндік берді, ол көп ұзамай Су ресурстары және ирригация министрінің тәуелсіз кеңесшісіне айналды.
Жергілікті БҰҰДБ сарапшыларымен және министрлік өкілдерімен бірге кеңесші 2024 жылғы су тасқынынан кейін талдау жүргізді, су тасқынынан кейін қалпына келтіру жоспарларын, су тасқыны қауіп-қатерлері карталарын, іс-қимылдар жоспарын әзірлеумен және пилоттық облыстардағы су инфрақұрылымына келтірілген залалды бағалаумен айналысты. Осы жұмыс су тасқынының салдарын азайтудың кешенді стратегиясын қалыптастыруға негіз болды, сондай-ақ ол құрғақшылықты басқару мен суды пайдалану тиімділігін қамтыды.
Бастаманың негізгі компоненті Delft-FEWS және TALSIM өзен бассейні моделіне негізделген су тасқыны туралы ерте хабарлаудың жедел жүйесінің құрылымын жасау болды. Әртүрлі модельдерді сынап көру үшін екі пилоттық облыс таңдалып, озық модельдеу, деректерді талдау, нәтижелерді калибрлеу және түсіндіру саласында ұлттық тәжірибені байыту үшін әлеуетті арттыру іс-шаралары қарастырылды.
HBV Light: Су жинау алаңы және жауын-шашын ағыны сияқты геокеңістіктік және гидрометеорологиялық деректерге негізделген теңдеулерді пайдаланатын гидрологиялық ағынды су үлгісі, соның арқасында су тасқынын болжау үшін тамаша құрал болып табылады.
Бір пилоттық облыста HBV Light пайдаланылды, ал екіншісінде толыққанды өзен бассейні моделі ретінде TALSIM пайдаланды. Осы пилоттық жобалардың аясында құрылымдалған жұмыс үдерісі және деректер ағыны қалыптастырылды, арнайы оқытылған модельдеу командасы құрылды және басқа өзен бассейндеріне қатысты қолдану үшін берік негіз қаланды. Бұл тәсіл Қазақстанға сенімді бассейн модельдерін ұсынып, су тасқынын болжау дәлдігін арттырып, табиғи апаттарға дайындықты және су ресурстарын басқаруды айтарлықтай жақсартты.
TALSIM: Негізді шешім қабылдауды және су ресурстарын басқаруды қолдау үшін гидрология және су ресурстарын басқару параметрлерін, сонымен қатар су қоймаларының жұмысын біріктіретін динамикалық өзен бассейні моделі.
Техникалық әлеуетті арттыруға қоса БҰҰДБ-ның негізгі ресурстарын стратегиялық тұрғыдан пайдалану маңызды серіктестіктерге жол ашты. Ынтымақтастықтың катализаторы ретінде БҰҰДБ Су ресурстары және ирригация министрлігіне Су секторын дамыту бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесінің бірінші отырысын құруда және ұйымдастыруда қолдау көрсетті. Аталмыш платформа халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, даму агенттіктерінің, дипломатиялық миссиялардың және жеке меншік сектордың өкілдерін біріктіріп, елдегі ең өзекті су проблемаларына қатысты қарымта шараларды үйлестіруге мүмкіндік берді.

Кеңес өз жұмысында 2024-2030 жылдарға арналған Серіктестік су бастамасын басшылыққа алады, аталмыш бастама негізгі басымдықтарды, соның ішінде су ресурстарын цифрландыру, климат өзгерісіне төзімді инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығын кеңейту мәселелерін айқындайтын Министрлік пен БҰҰДБ арасындағы бірлескен шекті бағдарлама болып табылады. Бастама Қазақстанның су секторына даму серіктестерін, қаржы институттарын және донорларды тартуға арналған стратегиялық жол картасы болып табылады.
Орнықты өзгерістер үшін қосымша инвестицияларды жұмылдыру
Мұндай негізгі көздерден қаржыландырылатын бастамалардың әсері дағдарысқа дереу жауап беру аясынан асып түсті. Министрліктің жұмысын жеделдету және ынтымақтастыққа септесу арқылы БҰҰДБ халықаралық серіктестерден қосымша қаржыландыру алуға көмектесті. Министрлік, БҰҰДБ және Еуразиялық даму банкі арасындағы 2024 жылғы 28 маусымда қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімге сәйкесСеріктестік су бастамасының негізгі іс-шараларын ілгерілету үшін 5,3 млн АҚШ доллары бөлінді. Сонымен қатар Жапония үкіметі заманауи ирригация технологияларын пилоттық тәртіпте енгізуге және бөгеттердің қауіпсіздік стандарттарын арттыруға 2 млн АҚШ долларын бөледі, аталғандар БҰҰДБ басшылығымен жүзеге асырылатын болады. Мұндай инвестициялар елдегі су ресурстарын орнықты басқарудың орнықты негізін қалайды.
БҰҰДБ-ның негізгі қорларын Қазақстанда уақытылы пайдалану дағдарысты бірден реттеп қана қоймай, су ресурстарын басқарудағы жүйелі трансформацияның катализаторына айналды. Жылдам техникалық көмекті, әлеуетті арттыруды және стратегиялық серіктестікті біріктіре отырып, БҰҰДБ елге ұзақ мерзімді өміршеңдік пен орнықты дамуға жеткізетін жолды белгілеуге көмектесті. Осындай ірі инвестициялар Қазақстанның су ресурстарына қатысты келешек проблемаларға жақсырақ дайындалуын, сонымен бірге жергілікті қауымдастықтарды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған аса тиімді, аса құнды шаралардың прецеденті болды. Осы жұмыс арқасында БҰҰДБ трансформациялық өзгерістерді ілгерілету жолын бекем ұстанғанын растайды және негізгі стратегиялық қаржыландырудың ең қиын дағдарыстарда да қалай жүйелі шешімдермен қамтамасыз ете алатынын көрсетеді.