Конституциялық Сот пен БҰҰДБ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2023 ж. 28 February
Астана, 2023 жылғы 28 ақпан – Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен БҰҰ Даму бағдарламасы құқық үстемдігі, сот әділдігіне қол жеткізу және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін ілгерілету мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Біз жалпыға бірдей танылған заң тәжірибесіне сәйкес, әсіресе еліміздегі конституциялық жаңғырту тұрғысынан құқық үстемдігін қамтамасыз етуде, демократия мен әділеттілік қағидаттарын қорғауда шетелдік әріптестерімізбен арадағы ынтымақтастыққа үлкен мән береміз», –деп атап өтті Қазақстан Республикасы Коституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова.
Меморандум шеңберінде тараптар бірлескен жобаларды іске асыру, басқа елдердің конституциялық соттарымен тәжірибе және сараптама алмасуды ұйымдастыру, зерттеу және білім беру бастамаларын дамыту, конституциялық құқық саласындағы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөнінде келісті.
«Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанның Конституциялық Сотымен арадағы ынтымақтастықтың ашылып жатқан мүмкіндіктерін жоғары бағалайды. Бүгінгі таңда біз биыл 75 жылдығы атап өтілетін Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілгендей құқық үстемдігін қамтамасыз ету және нәсіліне, жынысына, дініне, саяси көзқарастары мен азаматтық ұстанымына қарамастан әрбір адамның құқықтарын жүзеге асырудың маңыздылығын бір адамдай түсініп отырмыз», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Қазақстанда БҰҰДБ Жоғарғы соттың, құқық қорғау органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық пен Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жұмысына сараптамалық көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Бұл жұмыс БҰҰДБ Елдік бағдарламасының мақсаттары мен ТДМ орындауға және 2030 жылға дейінгі БҰҰ Күн тәртібіне қол жеткізуге бағытталған 2025 жылға дейінгі БҰҰДБ Стратегиялық жоспарының негізгі шешімдерін іске асыру мақсаттарының көрінісі болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты 2022 жылы құрылып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді.