Жоғары оқу орындарындағы алымсақтық – синдромды ғана емес, себептерді де қарастыру маңызды
2022 ж. 25 November
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты БҰҰ жаһандық науқаны қарсаңында БҰҰ Даму бағдарламасы Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебімен бірлесіп Астана студенттері үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында кемсітушілік пен алымсақтықтың алдын алу тақырыбында семинар өткізді.
Семинар барысындағы пікірталастардың негізгі ой өзегі академиялық ортада қауіпсіз ортаны құру, алымсақтықты танып ажырату және оның алдын алу мәселелеріне сайып келді. Студенттерге нақты кейстер беріліп, олардың шеңберінде сараптамалық презентациялар кезінде алынған ақпаратты ескере отырып оңтайлы шешімдерді табу ұсынылды.
«Бүгін мен Қазақстанның гендерлік күн тәртібіне терең бойладым. Көбірек күш-жігерді қажет ететін салалар туралы есту маңызды болды. Мен халықаралық ұйымдарға осындай сессиялар үшін алғыс білдіре отырып, белсенді азамат ретінде осындай іс-шараларды насихаттағым келеді», –деп өз әсерімен «Astana IT University» университетінің 1 курс студенті Жангелді Бейсенов бөлісті.
Алымсақтық – бұл көбінесе жыныстық сипаттағы немесе жыныстық астары бар орынсыз ауызша немесе физикалық мінез-құлықтың кез келген түрі.
«БҰҰ-әйелдер» құрылымының статистикалық деректеріне сәйкес, бүгінде жыныстық алымсақтық үшін жауапкершілікті көздейтін заңдар 144 елде қабылданған. Бірақ бұл заңдар бар жерлердің өзінде де жыныстық алымсақтық әйелдердің әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жиі кездеседі.
Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі магистратурасының 1 курс студенті Салтанат Санақбек:
«Бұл ретте ең бірінші кезекте істей алатыным – бұл мәселе туралы өз оқу орнымда, үйде, өз қауымдастығымда айтып, біліп-тоқығанымды жақын ортаммен, топтастарыммен бөлісе аламын».
Жоғары оқу орындарындағы алымсақтықтың белгілі бір ерекшелігі бар, соған байланысты ол жасырын сипатқа ие болуы мүмкін: бұл – студенттер мен оқытушылар құрамы арасындағы қарым-қатынастың айқын сатылас сипаты: алымсақтық орын алған жағдайдың өзінде студенттер жиі қолайсыз жағдайға қалады.
Семинар қатысушыларын құттықтай отырып, Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу семинардың маңыздылығын және тақырыптың тек академиялық орта үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де өзекті болып табылатынын атап өтті.
«Бұл – бәріміз бірге талқылауымыз керек нәрсе. Ең сорақысы – бұл мәселе жоқ дегендей сыңай таныту. Проблеманы талқылау және түсіну, сондай-ақ жеке әйелдердің немесе, мысалы, әйелдер топтарының онымен күресу стратегияларын әзірлеу арқылы оны қалай шешетінін көруге әрекет жасау маңызды. Синдромды ғана емес, оның себебін де қарастыру маңызды», –деп атап өтті Шигео Катсу мырза.
Жоғары оқу орындарындағы алымсақтық мәселелері – әйелдер мен қыздарға қатысты қоғамның басты проблемасы болып табылатын гендерлік зорлық-зомбылықтың бір бөлігі. Астана қаласы Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі ресми статистикасына сәйкес, ағымдағы жылдың тоғыз айында ғана 102 арнасына отбасылардағы тұрмыстық негіздегі озбырлық фактілері бойынша азаматтардан 14000-нан астам арыз түскен.
«Қоғамымызда зорлық-зомбылықты азайту үшін жасалуға тиісті аса маңызды қадамдардың бірі – қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізу», –деп атап өтті Астана қаласы Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Гүлмира Шрахметова студенттердің алдында сөйлеген сөзінде.
Кездесуде, сондай-ақ, жоғары оқу орындары студенттерінің жаңа лауазымына енді ғана кірісіп, студенттердің құқықтарын қорғауға және олардың мәселелерін тыңдауға дайын Студенттік омбудсмен мен Ғылым және жоғары білім министрінің жастар істері жөніндегі кеңесшісі Айсұлу Ерниязоваға жүгінуге мүмкіндігі бар екендігі атап өтілді. Оның айтуынша, олар қазір қатысушылары маңызды мәселелерді, соның ішінде гендерлік теңдік мәселелерін көтеретін Ұлттық студенттер одағын құру үстінде.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл сайын 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты ақпараттық науқан өткізеді. Бұл бастама жұртшылықтың назарын аудару және қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге барлық тараптарды тартуға бағытталған.