Қазақстан электр желілерінің тиімділігін жаңғыртуға және электр энергиясының шығынын азайтуға 6 миллион еуро алды
2024 ж. 13 December
Климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жөніндегі іс-қимыл қоры (Mitigation Action Facility) жеті инновациялық жобаны, оның ішінде Қазақстандық жобаны да іріктегенін жариялады. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) жүзеге асыратын, жалпы бюджеті 6 миллион еуроны құрайтын бұл жоба энергия жүйесінің тиімділігін арттыруға, электр энергиясының шығынын азайтуға және электр энергиясын көмір арқылы өндіруге тәуелділікті төмендетуге бағытталған.
«Жаңа жоба қолданыстағы саясатты талдауға және энергия жүйесін жаңғырту үшін нормативтік-құқықтық реформаларды енгізуге, озық технологиялардың ұтымды тұстарын көрсетуге, қаржы секторының әлеуетін нығайтуға және өңірлерде табысты жобалардың таралымын ынталандыруға бағытталған», –деп атап өтті БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Қазақстан Орталық Азиядағы парниктік газдар шығарындыларының ең ірі көзі бола отырып, өзінің энергетикалық жүйесін трансформациялау кезінде елеулі проблемаларға тап болады. Оның көміртегі сыйымдылығы ЖІӨ-нің 1.000 АҚШ долларына 0.26 тCO2 құрайды, бұл ЕО-дағы ұқсас көрсеткіштен екі есе жоғары. Энергетика секторы ұлттық шығарындылардың шамамен 85 пайыз құрайды, бұл көрсеткіштің жартысынан көбі тек электр және жылу өндірісіне тиесілі.
Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич:
«Еуропалық Одақ Қазақстанның декарбонизация саласындағы өршіл мақсатын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді құптайды. Осы мақсатқа жету үшін көп жұмыс істеу керек. Осы жобаның көмегімен біз Қазақстанның энергия жүйелерін жаңғырту және шығындарды азайту жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз. Еуропалық Одақтың тәжірибесі көрсеткендей, жасыл электр энергиясының үлкен көлемін біріктіру үшін өзара байланысты және заманауи желілер қажет. Біз осы мақсатқа жету үшін Қазақстанмен жұмыс істеп жатқанымызды мақтан тұтамыз», -деп атап өтті.
Германияның Астанадағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Ульрих Кинне:
«Германия осы және басқа да көптеген жобалармен Қазақстанды 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы жолында қолдайды. Бакуде өткен 29-шы Тараптар конференциясында қол жеткізілген Халықаралық көміртегі нарықтары туралы келісім осы бағытта көптеген жаңа мүмкіндіктерді ашады».
Климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жөніндегі іс-қимыл қоры – әртүрлі секторлардағы климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды ынталандыратын жетекші платформа. 2012 жылы Германия, Дания, Ұлыбритания үкіметтері, Еуропалық Одақ мен Балалар инвестициялық қорының гранттық бағдарлама ретінде құрылған қор климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жобаларына техникалық қолдау мен климаттық қаржыландыруды ұсынады.
«Ұлыбритания трансформациялық климаттық жобаларды жандандыруға ұмтылуда, сондықтан БҰҰДБ-ның Қазақстан үшін жобалық өтінімі Ұлыбритания мен басқа да серіктестер қолдайтын Климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жөніндегі іс-қимыл қорынан қаржыландыруға ие болғандығына қуаныштымыз. Жасыл трансформация жасыл электр энергиясын білдіреді, яғни бұл жобаның негізінде жатқан ХХІ ғасырдағы орнықты, энергия үнемдейтін желілер Қазақстанда декарбонизацияланған, әртараптандырылған және жаңғыртылған экономиканы дамыту үшін қажет», –деді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич.
Бұл бастама парниктік газдар (ПГ) шығарындыларын 15 пайызға және 2030 жылға қарай шартты түрде 25 пайызға қысқартуды көздейтін Қазақстанның жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалатын салымын (ҰДАС) қолдауға арналған. Ол сондай-ақ энергия үнемдеу технологияларын дамытуға және электр энергиясын беру кезінде шығындарды азайтуға ықпал ете отырып, Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу саласын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес келеді. Бұл жоба климаттың өзгеруіне айтарлықтай үлес қосып, жанама түрде 114 миллион тоннадан астам CO2 шығарындыларының алдын алады деп есептеледі.
Қосымша ақпарат алу үшін undp.kz.media@undp.org электрондық поштасы арқылы Қазақстандағы БҰҰДБ Баспасөз қызметіне хабарласуларыңызды өтінеміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) кедейлікпен байланысты әділетсіздікпен, теңсіздікпен және климаттың өзгеруімен күресетін Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекші мекемесі болып табылады. 170 елдегі сарапшылар мен әріптестеріміздің кең торабымен жұмыс істей отырып, біз адамдар мен ғаламшар үшін кешенді әрі ұзақ мерзімді шешімдерді әзірлеуге көмектесеміз.
Қосымша ақпарат алу үшін undp.org немесе @UNDP-де жаңалықтарды қадағалаңыз.
Климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жөніндегі іс-қимыл қоры (Mitigation Action Facility) – бұл негізгі секторларда климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жасауға арналған өз деңгейіндегі бір ғана платформа. 2012 жылы көпжақты донорлық және гранттық бағдарлама ретінде құрылған MAF климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жобаларына техникалық қолдау мен климаттық қаржыландыруды ұсынады.
Mitigation Action Facility үш негізгі секторға бағытталған: энергетика, көлік және өнеркәсіп, сондай-ақ осы басым секторлардың бірімен өзара байланысты салааралық жобаларды қолдайды. Mitigation Action Facility жыл сайынғы конкурстары аясында Париж келісіміне сәйкес елдердің ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарын (ҰДАС) жүзеге асыруға бағытталған климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету бойынша ең өршіл және орынды жобаларды қолдайды.
Жыл сайынғы конкурстарымызды Серпінді күн тәртібінде айқындалған басым секторлармен үйлестіре отырып, біз секторлардың көміртегі бейтараптығына ауысуын қамтамасыз ететін, қайталанатын әрі кеңінен таратылатын жобаларға назар аударамыз. Біздің жобаларымыз мемлекеттік және жеке қаржыландыруды тартуға, біліктілікті арттыруға және ПГ шығарындыларын қысқарту үшін нормативтік-құқықтық негіздеме құруға мүмкіндік береді, нәтижесінде бүкіл сектор ауқымындағы өзгерістер мақсатында жүріс-тұрыстың өзгеруіне алып келеді.
2012 жылдан бастап Климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету жөніндегі іс-қимыл қоры жалпы қаржыландыру көлемі 826 миллион еуроны құрайтын 37 елдегі 60 жобаға қолдау көрсетті (2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша).
Қосымша ақпарат алу үшін www.mitigation-action.org веб-сайтына кіріңіз.
Еуропалық Одақ – Еуропаның 27 елінен тұратын экономикалық және саяси одақ. Ол – адамның қадір-қасиетін құрметтеу, бостандық, демократия, теңдік, заң үстемдігі және адам құқықтары, соның ішінде азшылық өкілдерінің құқықтарын құрметтеу құндылықтарына негізделген. Қоғам, қоршаған орта және экономиканың тұрақты дамуына жәрдемдесу үшін әркімнің пайдасына орай жаһандық деңгейде әрекет етеді.