Қадірлі ханымдар мен мырзалар!
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының атынан сіздерге азық-түлік және жер пайдалану жүйелерін тұрақты түрлендіруге бағытталған ЖЭҚ қаржыландыратын БҰҰДБ және Ауыл шаруашылығы министрлігінің толық ауқымды жобасын бастауға арналған бүгінгі іс-шараға қош келдіңіздер дегім келеді.
Ауыл шаруашылығы тек азық-түлік көзі ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі миллиардтаған адамдар үшін экономикалық тұрақтылықтың іргетасы болып табылады. Ол әлемдік ЖІӨ-нің төрт пайызын құрайды және дамушы елдерде одан да үлкен рөл атқарады, себебі, 60 пайыз жұмыс күшін жұмыспен қамтамасыз етеді және ЖІӨ-нің 25 пайызын өндіреді. Миллиондаған адамдар, әсіресе кішігірім фермерлер үшін ауыл шаруашылығы жай ғана кәсіп емес, күнкөрістің басты құралы.
Алайда ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен өнімділігіне күн санап қауіп төніп келеді. Климаттың өзгеруінің азық-түлік өндірісіне кері әсері қазірдің өзінде сезіліп жатыр,ал 2030 жылға қарай одан да ауыр бола түседі. Температураның көтерілуі, жауын-шашын сипатының өзгеруі және су тапшылығының артуы ауыл шаруашылығы дақылдарының, мал шаруашылығының, балық және орман шаруашылығының өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Бәрінен де ең осал топтар — азық-түлік тапшылығы мен экономикалық тұрақсыздыққа тап болатын ауылдық тұрғындар мен шағын фермерлер зардап шегетін болады.
Сонымен қатар Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының соңғы есебінде (AR6) «жер, су және азық-түлік» үшін бейімделу және салдардың әсерін жұмсарту жолдары климаттық дағдарысқа қатысты қарымта шаралар қолдану аясында ең үлкен әлеуетке ие екені атап көрсетілген. Табиғи экожүйелердің конверсиясын азайту, климатқа төзімді ауылшаруашылық құн тізбектерін нығайту және ауыл шаруашылығында көміртегін қармауды күшейту азық-түлік жүйелерін түрлендіріп, оларды тұрақты және өміршең ете алады.
БҰҰДБ ретінде Қазақстанның болашағына ортақ көзқарасымыз болып табылатын қазіргі Елдік бағдарламамыз аясында біздің басты басымдықтарымыздың бірі цифрлық құралдарды, қаржылық құралдарды және кеңістіктік-аумақтық дамудың ғылыми негізделген әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану арқылы жер ресурстарын тұрақты басқаруға септесу және жердің тозуы мәселелерін шешу, өңірлердің тұрақты дамуына тұтас және кешенді көзқарасты қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Үкіметі өңірлерді дамытудың кешенді саясатын белсенді жүргізіп жатыр. Орталықсыздандырудың арқасында үкімет өңірлерге экономикалық тұрақтылыққа жәрдемдесу және ұлттық прогресті ілгерілету үшін көбірек автономияға ие болатындай ауқымдырақ өкілеттіктер береді. Жергілікті билік органдарына шешім қабылдауда кеңірек өкілеттіктер сеніп тапсырылған, соның арқасында оларға ресурстарды тиімді басқаруға және өз өңірлерінің стратегиялық дамуын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, бүкіл елде теңгерімді және тұрақты өсуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар экономикалық белсенділіктің артуы экожүйелерге барған сайын күш түсіріп жатыр. Табиғи ресурстарды қарқынды және тиімсіз пайдалану құнды экожүйелердің тозуына, биоәртүрліліктің жоғалуына және климат төндіретін қауіп-қатерлерге ұрымталдықтың артуына әкеледі. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, 30 миллион гектарға жуық жер тозудан және басқа да жағымсыз үдерістерлен зардап шегеді, оған қосатопырақтағы қарашірік құрамының азаюы үрей туғызып отыр.
Осындай мәселелерді шешу үшін экономикалық даму, табиғи ресурстарды сақтау және жердің тозуының алдын алу арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тұрақты аумақтық жоспарлаудың кешенді әдіс-тәсілдері ауадай қажет.
«FOLUR» жаһандық ықпал ету бағдарламамыз арқылы біз Дүниежүзілік банктегі серіктестерімізбен бірге осы мәселелерді шешуге тырысамыз. Қазақстандағы елдік жоба табиғи ресурстарды тиімді пайдалана отырып, экономикалық басымдықтарға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін өңірлік дамуды жоспарлау жүйесін жетілдіру арқылы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл ретте біз қоршаған ортаға зиян келтірмей, тұрақты даму мен экономикалық өсуді қамтамасыз етуге ұмтыламыз.
Ұлттық жобамыздың аясында біз тұрақты ауыл шаруашылық жүргізу әдістерін ілгерілетуге, болашағы бар экологиялық таза құн тізбектерін зерттеуге және биоәртүрлілік пен экожүйелерді сақтауға ден қоятын боламыз.
Осындай маңызды жобаны ілгері бастыруда баға жетпес қолдау көрсеткен құрметті серіктестеріміз Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Экология және табиғи ресурстар министрлігіне алғысымды білдіргім келеді. Бірге Қазақстанның тұрақты дамуын нығайтуға бір кісідей үлес қоса алатынымызға сенімім кәміл.
Бүгін баршамызға нәтижелі пікірталас тілеймін!
Көп рахмет!