Жанардың жолы: мегаполистен экотуризм мен «жасыл» фермерлікке дейін

2025 ж. 4 March
A woman stands beside colorful stacked trunks in a minimalist room.

Жанар Нұралы отбасымен бірге ауылға көшіп, тұрақты фермерлікке бет бұрды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

2017 жылы Жанар мен оның жары Қанатбек маңызды шешім қабылдады- елордадағы қарбалас өмірді артқа тастап, ауылға көшуге бел буды. Бүгінде олар уақыттарының басым бөлігін Алматыдан 120 шақырым жерде, Іле Алатауының көркем табиғат аясындағы фермаларында өткізеді. Мұнда олар қой өсіріп, ара шаруашылығымен айналысып, жылқылар бағып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алады.

Тумысынан астаналық Жанар үшін оңтүстікке, ауылды жерге көшу- өміріндегі ең күрделі шешімдердің бірі болды. Үш тілді еркін меңгерген ол мемлекеттік қызметте табысты мансап құрып, Сыртқы істер министрлігі мен Қаржы министрлігінің баспасөз қызметтерінде жұмыс істеді, жұбайымен бірге балалар тәрбиеледі. Ресми кездесулер мен келіссөздерге толы астаналық өмір оған жақсы таныс еді.

Қанатбек ауылға көшу мен өз фермасын құру туралы сөз қозғағанда, Жанар бұл ойды бірден қолдады. Бұл қадам оңай болмағанымен, нақты шешім қабылданды, себебі ол үшін отбасы әрқашан бірінші орында.

«Мен астаналық өмір ырғағына, мемлекеттік қызметке үйренгеніммен, мен үшін ең бастысы- отбасымның бірлігі мен болашағымызды бірге құру болатын. Біздің шынайы бақытымыз осында деп сендім»,- дейді Жанар.
A man and a woman stand together smiling, with yurts in the background and snow on the ground.
Three people sitting at a table with food and drinks in a cozy room.

Жеті жылда Жанар мен Қанатбек Алматы облысында ферманы нөлден бастап құрды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Алғашқы қадам-  Алматы облысынан жер телімін сатып алу болды. Алайда бұл жер құнарсыз, терең жыраларға толы, бұрынғы қазылған жер тамырлары қалған деградацияға ұшыраған аумақ еді. Жалғыз тұрған ескі саман үйден басқа ештеңе жоқ. Жанар мен Қанатбектің ауыл шаруашылығында тәжірибесі де, білімі де болмады, бірақ олар үйренуге дайын еді.

Алдымен топырақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кейінірек олар Гэмпшир Суффолк тұқымды асыл тұқымды қойлар сатып алды. Бүгінде фермада олардың саны мыңға жеткен. Одан соң ара шаруашылығы қолға алынып, қазіргі таңда 400 ара ұясы бар. Алма бағы өсіріліп, онда химиялық тыңайтқыштар қолданылмайды. Жиналған өнімнен табиғи тосап пен алма сірке суы дайындалады. Ал жылқылар- жан серік ретінде, ферма өмірінің ажырамас бөлігі.

Two people standing among sheep in a barn, with a horse visible in the background.
A group of sheep in a barn, with one sheep standing prominently in front.
Brown and black goat with prominent horns, looking curiously in a barn setting.

Фермада 1000-ға жуық Гэмпшир Суффолк тұқымды қой мен сүтті ешкі өсіріледі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Жанар фермер болудың оңай еместігін, бірақ осы жолда баға жетпес өмірлік сабақ алғанын айтады.

«Жерді шын жүрекпен сүю керек. Ол сабырлыққа үйретеді және соған лайықты алғыс білдіреді»,-  дейді ол.

Жанар үшін фермерлік - ең алдымен адамдар. Фермада сегіз ауыл тұрғыны жұмыс істейді: мал дәрігері Ғалия, инженерлер Рашид пен Жәнібек, бақташылар Сардар, Әлішер, Бобошер, ферма басқарушысы Азамат және ара өсіруші Феруз. Жанар оларды жай ғана жұмысшы емес, үлкен отбасының бір мүшесі деп санайды. Олар бірге мерекелерді қарсы алып, бір-біріне қолдау көрсетеді.

Жанар ферманы таныстырып жүргенде, арашы Феруз омарталарды тексеріп жүр. Ақпан айының соңында аралар әлі ұйқыда, бірақ көктем келе олар жайқалған гүлді алқаптарға бет алады.

Фермада сегіз ауыл тұрғыны еңбек етеді. Жанар оларды үлкен отбасының бір бөлшегі деп санайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Жанар мен Қанатбектің фермерлік жолында жақындарының қолдауы маңызды рөл атқарды. Үлкен ұлы Гонконгте тұрады және ферма өнімдерін экспорттауға көмектеседі. Кіші балалары Алматыда оқиды, бірақ жазғы демалыстарын фермада өткізіп, ата-анасына қолғабыс етеді. Жанардың анасы Мариям да қызын қолдап, Астанадан жиі келіп, көмектесіп тұрады.

A person in a colorful outfit prepares food on a wooden counter in a modern kitchen.
A person rolls out dough on a wooden surface, surrounded by flour.
Woman in a cozy kitchen holding a large pumpkin, with another person in the background.

Жанардың анасы Мариям қызын қолдап, ферма ісіне көмектесіп тұрады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Әлеуметтік жауапкершілік- Жанар үшін басты қағидалардың бірі. Жанар мен Қанатбек қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті жоғары бағалайды. Олар Kurban-Online.com қайырымдылық бастамасын іске қосып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектеседі. 2024 жылы бұл жоба аясында 300 отбасы ет түрінде азық-түлік көмегін алды. Сонымен қатар, фермада қарттар мен тұрмысы қиын отбасылардан шыққан балалар үшін қайырымдылық агротурлар ұйымдастырылды.

Табиғат жүрегіндегі экотуризм

Жанар экотуризмді дамытуды белсенді түрде қолға алған. 2024 жылы бұл жерде алты киіз үй орнатылып, Бангладеш, Бельгия, Бразилия, Италия, Үндістан, Қытай, Малайзия және Франциядан келген қонақтар табиғат аясында демалып қана қоймай, жергілікті мәдениетпен танысты. Олар балдың балғын дәмін татып, ұлттық тағамдардан дәм ауыз тиіп, малға күтім жасап, қазақ тұрмыс-тіршілігі жайлы білімдерін кеңейтті. 

Қазір фермада жетінші киіз үй дайындалуда, сондай-ақ, қонақтардың жайлылығы үшін ашық алаң, дәстүрлі төсек-орындары бар демалыс аймағы, дәмхана, дәретхана және намазхана салынған. Сәуір-мамыр айларында басталатын жаңа туристік маусымда Жанар жаңа қонақтарды қабылдауға дайын және өңірде этнотуризмді дамыту үшін жергілікті туроператорлармен серіктестік орнатуға үмітті.

Three cats exploring a snowy path near traditional yurts.

Көктем шыққан соң фермадағы киіз үйлер туристерді қарсы алуға әзір.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Ферма орналасқан Алматы облысы- Қазақстанның туристік орталығы. Мұнда Солтүстік Тянь-Шань таулары, Шарын шатқалы, Әнші құм, Көлсай мен Қайыңды көлдері сияқты табиғаттың көрікті жерлері бар. Жанардың айтуынша, қазіргі саяхатшылар үшін тек әсем табиғат қана емес, жергілікті дәстүрлермен және ауыл өмірімен танысу да маңызды. Дегенмен, экотуризмді дамытуда кедергілер жоқ емес. Олардың қатарында ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның әлсіздігі және туристік қызметтердің жаппай туризмге бағытталуы, ал шағын, ерекше бағыттардың назардан тыс қалуы сияқты мәселелер бар.

«Бізге туристерді тарту ғана емес, оларға табиғат пен дәстүрлі өмір салты үйлескен сапалы туристік өнім ұсыну маңызды»,- дейді Жанар.
Woman in a patterned jacket holding honeycomb, with jars of honey on a table.
A person holds a jar of honey with a label, surrounded by other jars on a countertop.

Фермадағы бал - 100% табиғи өнім, ол мұнда келген туристерге ұсынылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

2024 жылы Жанар БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған менторлық бағдарламаға қатысқан 25 әйелдің бірі болды. Бағдарлама ауыл әйелдерінің экотуризм саласындағы бастамаларын қолдауға бағытталған. Жанардың айтуынша, бұл жоба оның фермасына жаһандық қозғалыстың бір бөлігі ретінде қарауға мүмкіндік берген.

«Бағдарлама маған стратегиялық жоспарлау, маркетинг және аналитика салаларында құнды білім берді. Бірақ ең бастысы-  жерге негізделген кәсіпті дамытып жатқан үзеңгілестерімді таптым. Осындай жобалар әйелдерге алға жылжуға деген сенімділік береді»,- дейді ол.
A woman in a decorative black and gold scarf gazes into a mirror.
Person using a laptop to view a cheerful group photo taken at a dining table.

2024 жылы Жанар БҰҰДБ-дан экотуризмдегі әйел кәсіпкерлерді қолдайтын тәлімгерлік бағдарламадан өтті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Жанар алдағы жоспарларымен де бөлісті. Күйеуі екеуі ферманы экологиялық жоба ретінде дамытуды көздейді. Олардың негізгі мақсаты- толықтай қалдықсыз өндіріс жүйесіне көшу. Жақында фермада биогаз қондырғысы орнатылып, алдағы уақытта ол қой шаруашылығынан шыққан қалдықтарды биологиялық отынға айналдырады. Келесі қадам- жүнді қайта өңдеуді қолға алу. Осылайша, ферма экологиялық таза әрі қалдықсыз кәсіпорынға айналмақ.

«Табиғи ресурстарға немқұрайлы қарауға болмайды. Климаттың өзгеруі- қазіргі заманның шындығы, ал тұрақты кәсіпкерлік- жай ғана тренд емес, бұл қажеттілік»,- дейді Жанар.
Two people, a woman and a man, engage in a serious discussion inside a greenhouse.

Ферманың «жасыл» экономикаға көшуі жолындағы маңызды қадамдардың бірі - биогаз қондырғысының іске қосылуы. Бұл қондырғы болашақта фермада экологиялық таза отын өндіруге мүмкіндік бермек.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Жанар ферманы мен экотуризмді дамытуды жалғастырып жатқанда, Қазақстандағы тұрақты туризм саласы да біршама жаңалыққа толы болды. 2025 жылдың маусым айынан бастап экотуризм саласында ұлттық стандарт (ҚР СТ 2993) күшіне енеді. Ол Биологиялық әртүрлілікті қаржыландыру жөніндегі бастама (БИОФИН) аясында әзірленген. Бұл стандарт туристік салада жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді: табиғатқа кері әсерді барынша азайту, биологиялық әртүрлілікті сақтау, «жасыл» технологияларды енгізу және ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы табиғат аясындағы саяхаттарды неғұрлым тұрақты етуге бағытталған.

Жанардың фермасы осы қағидаттарға толықтай сәйкес келеді. Мұнда жерге ұқыпты қарау, қалдықсыз өндірісті дамыту, ұлттық дәстүрлермен таныстыратын экологиялық таза туристік өнім ұсыну басты орын алады.

A person riding a horse rearing up in a snowy, open field with bare trees in the background.
A black cat sitting on a haystack in a barn setting.
A close-up of a brown horse being gently touched by a hand in a rural setting.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова

Ферманы дамыта отырып, Жанар отбасылық дәстүрді, табиғатқа деген қамқорлықты және тұрақты болашаққа деген ұмтылысты біріктіреді. Экотуризмді дамыту, қалдықсыз өндірісті жолға қою немесе жаһандық бастамаларға қатысу- оның еңбегін үлкен өзгерістердің бір бөлігіне айналдырып келеді.

«Жасым ұлғайған сайын адам мен табиғаттың өзара байланысын тереңірек түсіне бастадым. Маңыздысы біздің кім болғанымыз емес, бізден кейін не қалатыны», - дейді Жанар.
A woman with shoulder-length hair sits by a large tree, smiling at a dog beside her.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Жанар Каримова