Түркістан қаласындағы мектепте күн электр станциясы орнатылды
2022 ж. 7 July
«Біздің мектеп жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу бойынша жоба аясында пилоттық болып отыр. Енді бізде өзіміздің күн электр станциямыз бар болғандықтан, біз CO2 шығарындыларын азайтуға өз үлесімізді қоса аламыз»Нұрлытаң Жәнібек, Түркістан қаласындағы №23 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы
«Бұрын маған «жасыл» технологиялар менің туған қалам туралы емес сияқты көрінетін. География және физика сабақтарында бізге климаттың өзгеруі, ол неліктен болатындығы және жаңартылатын энергия жылынумен күресуге қалай көмектесетіні туралы айтылады.. Қазір біздің мектепте осындай өзгерістер болған кезде, мен мұның қалай жұмыс істейтіні туралы көбірек білгім келеді!»Азамат Қарабек, Түркістан қаласындағы №23 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы
Түркістан қаласында орналасқан №23 мектепті жаңғырту жобасы – бұл Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Eni-дің Түркістан облысы әкімдігімен серіктестігіндегі энергия тиімділігі, энергияны үнемдеу және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы бірлескен бастамасы.
Жоба шеңберінде электр энергиясын тұтынуды азайту бойынша іс-шаралар өткізілд. Осылайша, мектептің ішінде және сыртында барлық ескірген жарықтандыру құрылғылары жарықдиодты аналогтармен алмастырылды, ал жылу радиаторларына термореттегіштер орнатылды.
«Біздің өңірдегі климат өте ыстық және бұл үй ішіндегі температураға, әсіресе жаз мезгілінде әсер етеді. Алдымен энергоаудит жүргізілді, нәтижесінде мектептегі терезе шынылары жазда өте қатты қызатыны, ал қыста жылу жоғалуы байқалатыны белгілі болды. Сондықтан мектептің барлық терезелеріне энергия үнемдейтін пленка жапсырылды»Жаңыл Әзіретбергенова, №23 мектеп-лицейінің директоры
Білім беру мекемелерін жылумен және электрмен жабдықтау - бұл білім беру саласындағы шығындардың маңызды бөлігі. Энергия тиімді жаңғыртудың арқасында тек электр энергиясына жұмсалатын шығындар 19%-ға қысқарады деп күтілуде.
«Әрине, шығындардың төмендеуі микроклиматтың жақсаруымен қатар жүреді және тиісінше балалардың денсаулығы мен олардың үлгеріміне оң әсер етеді», - деп атап өтті Жаңыл Әзіретбергенова.
Түркістан Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Күн радиациясының орташа мөлшері жыл сайын м2-ге 1500 кВт*сағ құрайды, мұны Түркия, Испания, Италия сияқты елдермен салыстыруға болады.
Мұндай күн әлеуеті мектеп аумағында орнатылған желілік күн фотовольтаикалық электр станциясын (КЭС) пайдалануға мүмкіндік берді. Станцияның қуаты 50 кВт құрайды және КЭС-тің барлық «жасыл» энергиясы мектептің өзінің мұқтаждықтары үшін мектептің электр желісіне түседі.
«Біздің күн электр станциямыз 112 күн панелінен тұрады. Күн сайын біз оның қалай орнатылғанын және қосылғанын қызығушылықпен бақылап отырдық», - дейді Нұрлытаң.
Жоба шеңберінде сондай-ақ оқушылар, мұғалімдер және оқушылардың ата-аналары үшін білім беру сессиялары жоспарланған, тренингтер энергия тиімдіі іс-шаралар және жаңартылатын энергия көздері технологияларын пайдалану саласындағы білімді арттыруға бағытталған.
«Тренингтер мен семинарларда бізге ЖЭК-тің түрлі технологияларын орнату электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беретінін және енді меншікті КЭС арқасында біздің мектепті «жасыл» және энергия тиімді деп мақтаныш етуге болады», - дейді Азамат.
Энергия тиімді және шағын көлемді ЖЭК жобаларын пайдалану тұтынушылар, шағын және орта бизнес субъектілері үшін, сондай-ақ коммуналдық меншік объектілері үшін көптеген оң аспектілерге ие. Барлық тараптар үшін негізгі оң аспектілер мынадай: өндірілетін электр энергиясының құны энергия тасымалдаушылардың құнына тәуелді болмайды, ал орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада энергия тұтыну азаяды, бұл кейіннен ресурстарды үнемдеуге әкеледі.
ЖЭК технологиялары және энергия тиімділігі туралы хабардарлықты арттыру, климаттың өзгеруі проблемаларына назар аудару үшін Қазақстандағы БҰҰДБ сондай-ақ ШОБ өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, банк қызметшілері және жергілікті қоғамдастықтар үшін оқыту тренингтерін өткізеді.