Климат өзгеруде және бұл құбылыс дәл қазір болып жатыр. Бұл болашақта болатын алыс құбылыс туралы емес – біз адамның іс-әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі бүгінде планетаның барлық бұрыштарында қайтымсыз өзгерістерге әкелетінін көріп келеміз.
Ғалымдардың болжамдарына сәйкес алдағы онжылдықтарда климаттық өзгерістер тек арта түседі. Климатқа байланысты сел, су тасқыны және құрғақшылық сияқты табиғи апаттар жиілігі мен ауқымы бойынша артады және мұндай үрдіс алдағы онжылдықта жалғасады. Цельсий шкаласы бойынша екі градусқа Жаһандық жылыну кезінде, ең алдымен, ауыл шаруашылығы зардап шегеді және денсаулық сақтау жүйелеріне жүктеме артады.
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаһандық күш-жігер жастардың елеулі қатысуынсыз табысты болмайды. Біз бүкіл әлемдегі жастардың өз болашақтарын құру арқылы климаттың өзгеруімен қалай күресетіндігінің сәтті мысалдарын көреміз және олардың жұмысы бәрімізді шабыттандырады. Жаңа ұрпақ экологиялық мәселелерде, энергия мен білімдерде үнемі өсіп келе жатқан хабардарлыққа ие, олар көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және климаттың өзгеруіне берік болашаққа ықпал етеді.
Біз Қазақстандағы жастардың осындай өкілдерінің бірі Вероника Дашковамен сұхбаттастық, ол үшін «саналы тұтыну» термині бос сөз емес және бүкіл әлемдегі миллиондаған жас экобелсенділер сияқты қоғамда экологиялық мәдениеттің дамуына ықпал етіп, климаттың өзгеруіне қарсы күреске үлес қосып келеді.
Вероника, Сіз неге экологиялық тақырыппен айналысуды шештіңіз?
Экология мәселелерімен бірнеше жыл кәсіби түрде айналысып келемін. Мен Ұлыбританиядағы Йорк университетінде экология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алдым, одан кейін Назарбаев университетінде магистр дәрежесіне ие болдым және сол жерде докторантура бағдарламасы бойынша оқуды жалғастырдым. Біз Арал теңізінде, Балқаш көлі мен Қорғалжын қорығында гидробиологиялық зерттеулер жүргіземіз, фитопланктондарды зерттейміз.
Бірақ экобелсенді болу – бұл басқа нәрсе. Менің көптеген әріптестерім, қоршаған ортаны қорғау саласындағы маман бола отырып, әрқашан экологиялық өмір салтын немесе саналы тұтынуды ұстанбайды. Мен болсам, біздің күнделікті әдеттеріміз бен әрекеттеріміз климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық үдерістерді өзгерте алады деп санаймын. Мені бұл тақырып алаңдатпай қоймайды, сондықтан мен қоғаммен диалогты бастағым келді. Климаттың өзгеруімен күресті өзіңнен бастау керек. Мен адамдарға әрқайсымыз экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қоса алатынымызды жеткіземін. Егер мұхит бір тамшы судан тұрады деп елестетсек, онда әрқайсымыздың күш-жігеріміз мұхиттағы тамшы және оларды біріктіру арқылы біз жаһандық процестерге әсер ете аламыз.
Менің ғылыми қызметім қоғамнан алшақ екенін түсініп жүрдім. Біз зерттеу жүргіземіз, есептерді жариялаймыз, бірақ халыққа экологиялық өмір салтының негізгі постулаттарын жеткізбейміз. Сондықтан мен экотренер мамандығына оқуға бел будым. Бұл экологиялық ағарту бойынша жаңа мамандық. Қосымша білім алып, мен 2019 жылдан бастап түрлі ұйымдарда, оның ішінде Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының жобалары шеңберінде саналы тұтыну бойынша дәрістер мен тренингтер өткіземін.
Сіз үшін саналы тұтыну дегеніміз не? Экологиялық тұрғыдан неғұрлым таза өмір салты үшін қандай әрекеттер жасайсыз?
Бірнеше жыл бойы мен экологиялық таза өмір салтын ұстанамын, атап айтқанда, азық-түлік, тұрмыстық тауарлардан бастап, алған ақпаратыма дейінгі барлық нәрсені саналы түрде тұтынуды ұстанамын.
Мен киім сатып алудың өзіне де саналы түрде қараймын, мақта немесе зығыр сияқты жоғары сапалы биологиялық ыдырайтын материалдардан жасалған жергілікті өндірушілердің киімдерін сатып алуға тырысамын. Синтетакасыз болмайтын спорттық киімге келетін болсақ, мен қайта өңделетін материалдардан жасалған киімді қалаймын. Жаңа затты сатып алмас бұрын, ол маған керек пе, оны қанша уақыт киемін деп ойланамын. Осылайша, қалдықтар осы кезеңнің өзінде азаяды.
Азық-түлікті таңдағанда, мен ресми экомаркерлердің болуын тексеремін. Мен іс жүзінде пластикалық пакеттер мен бөтелкелерді қолданбаймын. Менде супермаркетке, дүкенге баруға арналған қайта пайдалануға болатын сөмкелер бар. Мен барлық бір реттік нұсқаларды қайта пайдалануға болатын баламалармен ауыстыруға тырысамын.
Оның үстіне, мен өңделетін қалдықтарды – шыны, пластик, қағаз – бөлек жинаймын да қайта өңдеу пункттеріне апарамын. Органикалық қалдықтармен және бүлінген тағамдармен де солай жасаймын. Назарбаев университетінде профессорларға арналған органикалық қалдықтарды тыңайтқышқа айналдыратын контейнерлер бар.
Климаттың өзгеруімен күресте жастар қандай рөл атқара алады деп ойлайсыз?
Жастардың өздерінен бастау арқылы әлемді қалай өзгертетіні туралы көптеген сәтті мысалдар бар. Менің ойымша, әрқайсымыздың жүріп-тұруымызда саналы болу қаншалықты көп болса, біз планетамыздың тұрақты болашағы үшін климаттың өзгеруін ертерек тоқтата аламыз.