2021 жылғы 30 қараша, Қызылорда - Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жобасының шеңберінде Қызылорда облысының оңалту орталығының базасында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді модельдік пәтер құрудың пилоттық жобасы іске асырылды.
Жоба денсаулығының мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік оңалтуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Әлеуметтік нысандарды мүгедектігі бар адамдарға бейімдеу кедергісіз ортаны құрудың маңызды бөлігі болып табылады. Біз инфрақұрылымды құрумен де, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалту стандарттарымен де жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба министрлік пен БҰҰДБ арасындағы осы саладағы ынтымақтастықтың тағы бір сәтті үлгісі болып табылады», - деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сакеев.
Қазақстанда мүгедектігімен 695 000 адам бар, олардың ішінде 15 000 адам жүріп-тұру үшін кресло-арбаны пайдаланады.
БҰҰДБ қолдауымен Қызылорда облысындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығындағы үй-жай дәліз, қонақ бөлме, жатын бөлме, ас үй және жуынатын бөлмеден тұратын екі бөлмелі пәтерге айналдырылды. Модельдік пәтер мүгедектігі бар адамның кресло-арбада еркін жүріп-тұруына толықтай бейімделген және тұрмыстық техникамен, арнайы жиһазбен және құрылғылармен жабдықталған. Мысалы, пәтерде табалдырықтар жоқ, есік ойықтары стандарттыдан кеңірек, жуынатын бөлме тұтқалармен жабдықталған, барлық жиһаздар мен тұрмыстық техника кресло-арбасындағы адамның деңгейіне дейін төмендетілген. Пәтерге арнайы ас құралдары мен еденнен заттарды көтеруге арналған құрылғылар да сатып алынды.
«БҰҰДБ мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенцияны, оның ішінде тәуелсіз өмір салты үшін жағдай жасауды және мүгедектігі бар адамның өмірдің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысуын қоса алғанда, толық көлемде жүзеге асыруға шақырады», - деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.
Ортақ жобаның шеңберінде кейіннен елдің оңалту орталықтарының жұмыс практикасына енгізлетін мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу мен оңалтудың әдістемелері мен технологияларын әзірлеу жоспарланып отыр.
Оңалту орталығы базасында модельді пәтердің ашылуы жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орайластырылған.