2021 жыл 20 қаңтар, Нұр-Сұлтан - Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ҚР ЭГТРМ) Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен (Қор) бірлесіп, 2020-2024 жылдарға арналған «Эко-Даму» несиелеу бағдарламасының екінші кезеңің іске қосты.
Бағдарлама экожүйелердің сақталуына ықпал ететін кәсіпкерлікті бастау немесе одан әрі дамыту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын тұратын Қазақстанның ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған. Кәсіпкерліктің бұл түріне экотуризм, орман шаруашылығы, балық аулау, аңшылық және жайылымдық шаруашылық, құс шаруашылығы, қоян өсіру және ара шаруашылығы жатады. Жобалары іріктеу өлшемдеріне сәйкес келетін ауыл кәсіпкерлері 4,5 жылға дейін жылдық көрсеткіші 6%-ды құрайтын несие ала алады, сонымен қатар тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан аспауы тиіс.
«Эко-Даму» бағдарламасының екінші кезеңі Қазақстанның 12 облысын, 770 ауылдық елді мекенін және 28 ерекше қорғалатын табиғи аумағын қамтиды. Бағдарламаның жалпы бюджеті 275,3 млн теңгені құрайды.
«Эко-Даму» бағдарламасы ауыл тұрғындарына мал шаруашылығын, омарта шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, туристік бизнесті дамытуға несие беру арқылы бағдарламаның іске асырылуының бірінші кезеңінде өз тиімділігін дәлелдеді. Бұл бастама еліміздің биоалуантүрлілігі мен экожүйесін сақтай отырып, жергілікті дамуды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға тамаша мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Якуп Бериш, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі.
Бағдарламаның негізгі басымдықтарының қатарында - гендерлік теңдікке қолдау көрсету және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Осылайша, бағдарламаның бірінші кезеңінде ауылдарда тұратын 30 әйел өз кәсібін дамыту үшін қаржы алып үлгерді.
Бұл бағдарлама БҰҰДБ мен Қордың бірлескен төртінші бастамасы болып табылады. 2008 жылдан бастап барлығы жалпы сомасы 561,6 млн. теңгені құрайтын 221 жоба іске асырылды, оның ішінде 345 млн. теңгені БҰҰДБ-ҒЭҚ гранттық қаржыландыруы құрайды. «Эко-Даму» сияқты бағдарламалар ауыл тұрғындарына өздерінің кішігірім кәсіптерін ашып, дамытуға, сонымен қатар қоршаған ортаға зиян келтірместен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді қор төрағасы Жандар Омаров.
ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Мұратовтың айтуынша, «Эко-Даму» бағдарламасы биоалуантүрлілікті сақтауға баса назар аудара отырып, экотуризмді, орман, аңшылық, балық шаруашылығын дамытуды қолдайтын Қазақстандағы жалғыз ғана кредиттік бағдарлама».
Несие алуға өтініш беру үшін ауыл тұрғындары қордың өз аймағындағы филиалына хабарласа алады немесе толық ақпаратты www.fagri.kz ресми сайтынан таба алады.