Климаттың өзгеруі Қазақстанның су ресурстарына қалай әсер етеді

2021 ж. 26 October

 
 

Су – бұл климаттың адам мен табиғатқа ықпалы жүзеге асатын, сондай-ақ тіршілік нәрі және қоғамның әл-ауқатына әсер ететін бастапқы ортасы болып табылады. Су ресурстарының жағдайы ауа температурасы мен жауын-шашынның өзгеруіне және олардың қысылтаяң көріністеріне тікелей әсер етеді. Қазақстан қазірдің өзінде су ресурстарының жетіспеушілігін сезіне бастады және болжам бойынша 2040 жылға қарай ол қажеттіліктің 50% көлемінде су ресурстарының едәуір тапшылығына тап болуы мүмкін. Экономиканың барлық салалары дерлік суға тәуелді болғандықтан, ел өңірлерінде оның тапшылығына байланысты
2050 жылға қарай ЖІӨ 6%-ке төмендеуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, елдегі су ресурстарының жетіспеушілігінің себептері табиғи жағдайлар (өзендердің ағынының 90%-і көктем мезгілінде болады) және көршілес мемлекеттер аумағында ағынды судың жартысына жуығын қалыптастыру, сондай-ақ оларды ауқымды пайдалану, суару үшін қайтарымсыз судың шамадан тыс шығыны және судың сарқылуы. Осылайша, Қазақстандағы суармалы судың өнімділігі шет мемлекеттерге қарағанда 6-8 есе төмен.

Қазақстан өзендерінің өзен ағынының 44%-тен астамы басқа мемлекеттердің аумағында қалыптасады, сондықтан тапшылық ең алдымен көршілес елдердегі суды қарқынды пайдалану есебінен болады, бірақ өкінішке орай, Қазақстан да суды ұтымсыз пайдалану қарқыны жағынан басқа елдерден қалыспауда. Климаттың өзгеруі әсерді күшейтеді және өзендердің сулылығының төмендеуіне алып келеді. Ауаның орташа жылдық температурасы көтерілуде. Қыста ауаның жылынуы жиілігі мен ұзақтығы артуда, топырақтың қату тереңдігі төмендейді, осыған байланысты еріген су топыраққа сіңіп кетіп, өзендерді сумен толтырмауда. Көктемнің жылы болуы судың булануына және су қоймаларын толтырудың орнына атмосфераға түсуіне алып келеді. Осының салдарынан өзендердің режимі өзгереді. Қазірдің өзінде біз Орал (Жайық), Тобыл, Іле, Ертіс, Есіл сияқты өзендердің тайыздануына куә болып отырмыз.

Мәселен, соңғы 15 жылда Орал суының деңгейі үш есе төмендеді. Екі жыл бұрын өзен рекордтық тайыздануды бастан кешірді. 2019 жылғы 23 тамызда Орал қаласының бірнеше ауданының тұрғындары сусыз қалды. Қала судың 60%-ін өзеннен, 40%-ін жер үсті су жинағыштарынан пайдаланады. Оралдың тайыздануының себебі климаттың өзгеруінде ғана емес, сонымен қатар Ириклинский су қоймасында Оралдың жоғарғы ағысынан суды жинап, оны төменгі ағысқа жібермеуінде жатыр. Бүгінгі таңда өзен бассейнінде Ириклинскийден басқа 12 ірі су қоймасы бар, олардың әрқайсысында кемінде 10 миллион текше метр су бар. Орал трансшекаралық өзен болғандықтан, мәселені шешу үшін Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы қажет.

Өз кезегінде 80% мұздықтармен толығатын трансшекаралық Іле өзеніне тәуелді Балқаш тұйық көлі ағын мен климаттың өзгеруіне ең осал болып табылады. Көлдің ауданы мен көлемі су деңгейінің ұзақ мерзімді ауытқуларына және қысқа мерзімді тербелістеріне сәйкес айтарлықтай өзгерді. Іле өзенінің Қытайдың солтүстік-батысынан келетін ағысы 1970 жылдардан бері тұрақты түрде азайып келеді, ал соңғы 20 жылда Қытайдағы Іле өзенінің бойында егіншілік пен егін жинау үшін пайдаланылатын аумақ 30%-ке артты. Қазақстан аумағында да суды қарқынды тұтыну орын алды. Іле өзенінен алынатын судың 90%-тен астамы суармалы егіншілікке, Қапшағай су электр станциясына, коммуналдық және өнеркәсіптік сумен жабдықтауға пайдаланылады. 1970 жылдан бастап Қапшағай су қоймасын толтыру үшін өзеннің 39 км³ қажет болды, бұл ағынның 2/3 төмендеуіне және көл деңгейінің төмендеуіне әкелді. Балқаш тау-кен металлургия комбинатының жыл сайын қорғасын, мырыш және мыс қоса алғанда, 600 мың тоннаға жуық өндірістік қалдықтарды шығаруы да қосымша соққы болып табылады. Іле-Балқаш трансшекаралық бассейніндегі су ресурстарына сұраныстың артуымен, климаттың құрғақшылығына, мұздықтардың тез еруіне және ластануға байланысты буланудың күшеюіне қатысты Балқаш көлінің бірегей экожүйесі сыни қатерге ұшырады.

Мұздықтар жыл бойы су ресурстарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, тіпті өзендердің бассейндерінде мұздықтардың еруі кезінде пайда болған судың үлесі
5%-тен аспаса да бұл судың жаз мезгілінде жауын-шашын аз болғанда суару үшін маңызы өте зор болатындығы ақиқат. Қазіргі уақытта мұздықтардың еруі өзен ағынының жетіспеушілігін өтейді, бірақ 2030–2050 жылға қарай ағынның ең жоғары мәніне жеткенде олардың сулылығының мөлшері төмендейді деп күтілуде. Кейінгі 60 жылда
Іле-Алатауының мұздықтары Орталық Азияның басқа да сыртқы тау жоталары сияқты аудан бойынша жылына орта есеппен 0,73–0,76%-ке және жылына мұздың көлемі жағынан шамамен 1%-ке қысқаруда. Егер бұл көрсеткіштер болашақта жалғаса берсе, онда мұздықтардың басым көпшілігі осы ғасырдың соңына дейін толық еріп кетуі мүмкін. Жоңғар мұздық жүйесі 2080 жылы, Солтүстік Іле мен Алтай мұздықтары 2085 жылға қарай жойылуы мүмкін.

Сарапшы бағасы және бастама

Сонымен қатар, Қазақстанның қалаларында сумен жабдықтаудың дамуы өңірдің гидросферасына ауыр жүктеме алып келеді, мысалы, қарқынды дамып келе жатқан елорданы сумен қамтамасыз етуді шектеулі жасауға болады, себебі су тапшылығы
2030 жылға қарай жылына 75,0 млн м3 дейін жетеді. Тұтыну өсуде, осымен бірге
Астана (Вячеславское) су қоймасына судың түсуі де азаюда. БҰҰДБ сарапшыларының пікірінше, бассейндік басқаруды күшейту, соның ішінде шағын бассейндік кеңестердің жұмысы, олардың шешімдері мен бассейндік келісімдердің ережелерін іске асыру үшін қажетті жағдайларды әзірлеу қажет.

Су ресурстарын кешенді басқару, тауарлар мен қызметтерді өндіру кезінде су ресурстарының әлеуметтік, экономикалық және экологиялық құндылығын бағалауға көшу қоршаған ортаны ұтымды басқарудың тиімділігін арттырады. Бассейндік кеңестердің өздері шешім қабылдау кезінде су ресурстарына өзгеретін климаттың қысымының неғұрлым күшеюін ескеруі тиіс.

Негізгі су тұтынушылардың даму қарқынын төмендету бойынша шараларды іске асыруды және өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және коммуналдық шаруашылықта тұщы суды тұтынуды төмендету үшін заманауи технологияларды қолдануды, сондай-ақ қолда бар су ресурстарын өзен ағынын реттеу арқылы пайдалану есебінен
су ресурстарының аумақтық дұрыс бөлінуін реттеуді қарастыру қажет.

Бұған қоса, барлық жерде суды үнемдейтін жаңа технологияларды; өндірістік процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін; сулардың мемлекеттік және бастапқы есебін құру, трансшекаралық су ағындарының су ресурстарын бірлесіп пайдаланудың құқықтық және экономикалық механизмдерін құруды енгізу керек. БҰҰДБ серіктестермен Париж келісімі шеңберінде ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерді әзірлеу кезінде ескерілетін судың мәселелерін анықтауға көмектесетін климаттық өзгерістер мамандарына көмектесу үшін салалық бақылау тізімдерінің сериясын әзірлеу үшін жұмыс жасағанын да ескеру қажет. Бұл нұсқаулықты мына сілтеме  бойынша алуға болады.

31 қазан мен 12 қараша аралығында қазақстандық делегация Орталық Азия республикаларының павильоны тұңғыш рет ұсынылатын СОP26 климаттық
26-шы конференциясына қатысатындығын естеріңізге сала кетейік. Сарапшылар мен мемлекеттер басшыларының жаһандық кездесуінің басым бағыты – су және климаттың өзгеруі мәселелері болып табылады.