Ауған әйелдері ЕО мен БҰҰДБ бірлескен жобасы аясында оқудың бірінші жылын аяқтады

2022 ж. 6 August
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

ЕО-БҰҰДБ жобасының қатысушылары ауған әйелдерінің жаңа тобы Алматы Менеджмент Университетінде (AlmaU) дайындық тілдік курстарын сәтті аяқтады. 2022 жылғы 5 тамызда қыздар ағылшын тілінің қарқынды курстарын аяқтағаны туралы Сертификат алды. Жоба стипендиаттары таңдаған мамандықтары бойынша Алматының үш университетінде оқуларын жалғастырады.

Жобаға қатысушылардың жаңа тобының Қазақстанға келуі 2021 жылдың қыркүйегінде орын алуы тиіс еді, алайда олардың сапары Ауғанстандағы жағдайға байланысты кейінге қалдырылды. Қыздар дайындық курсы бағдарламасын алдымен онлайн режимінде оқыды. Осы жылдың сәуір айында Қазақстанға келгеннен кейін, қыздар AlmaU университетінің қабырғасында офлайн форматында оқуларын жалғастырды.

«Қыздар үшін Қазақстанға келіп, білім алу үлкен жетістік болды. Ең басында, курстар онлайн болған кезде, олар тіпті күлімсіремейтін. Елдеріндегі белгісіздік пен тұрақсыздық оларға қысым жасады. Олардың Алматыға сәуір айында келуі педагогикалық ұжым үшін де және қыздар үшін де керемет оқиға болды. Сондықтан бүгінгі күн бақыт пен күлкіге толы»
Наталия Кузнецова, AlmaU тіл мектебінің мұғалімі

Жобаның екі кезеңі аясында AlmaU-да Ауғанстаннан келген 90 әйел тілдік дайындықтан өтті. Академиялық шәкіртақы ауғандық әйелдер мен қыздарға білім алу және кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Ауған әйелдерінің сапалы жоғары білімге қол жеткізуін жеңілдете отырып, бастама Ауғанстандағы және жалпы Орталық Азия тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Шәкіртақыға бакалавриат, магистратура және TVET (қосымша кәсіптік білім) бағдарламалары кіреді. Барлық бағдарламаларда студенттерге академиялық ағылшын тілінің деңгейін көтеру және осылайша оларды негізгі мамандық бойынша оқуға дайындауға көмектесетін тілдік дайындық қарастырылған. AlmaU-да ағылшын тілінің қарқынды курстарымен қатар, студенттер күнделікті өмірде қажет болатын орыс және қазақ тілдерін оқыды. Мәдени бейімдеу бағдарламасы аясында AlmaU жоба қатысушылары оқуды бітіргенге дейін өмір сүретін ел туралы көбірек білулері үшін бірнеше сапарлар, соның ішінде Нұр-Сұлтанға сапар ұйымдастырды.

«Оқуды бітіру туралы сезімдерім аралас. Мұғалімдеріммен және сыныптастарыммен қоштасуға тура келетінім мұңайтады, біз бірге жақсы уақыт өткіздік. Екінші жағынан, менің жаңа ортадағы жаңа жолымның басталғанына қуаныштымын. Менің сәулет саласындағы бакалавр дәрежем бар және осы салада магистр дәрежесін иеленуді асыға күтемін. Жаңа университеттегі студенттік өмірім маған ұнайтынына сенімдімін»
Марьям, AlmaU түлегі

Пилоттық жоба 2019 жылы іске қосылды. Ол 50 ауған әйеліне Қазақстан мен Өзбекстанда білім алуға мүмкіндік берді. 2021 жылы Еуропалық Одақ қосымша қаржыландыруды ұсынды, бұл жобаны едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Мұқият іріктеуден кейін Ауғанстаннан тағы 105 әйел шәкіртақы алды. Жаңа кезең аясында әйелдер Қазақстан мен Өзбекстанда ауыл шаруашылығын, Қазақстанда маркетинг пен архитектураны, Қырғызстанда информатиканы зерттейтін болады.

***

Еуропалық Одақ қаржыландыратын және БҰҰДБ іске асыратын бағдарлама ауған әйелдеріне Қазақстан мен Өзбекстанның университеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. Бұл бастама Ауғанстаннан келген әйелдердің жоғары білім алуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Ауғанстандағы ерлермен салыстырғанда әйелдер қоғамда қалыптасқан кедергілерге байланысты жұмыспен қамту және білім алуда белгілі бір қиындықтарға тап болады.  Жалпы бағдарлама аясында 2027 жылға дейін Орталық Азия университеттерінде 155 әйел білім алады.