Гендерлік әлеуметтік нормалар индексі бойынша прогрестің жоқтығы адам құқықтарын бұзумен қатар әлеуметтік тұрғыдан ысырапшыл болып табылады
Он жылдық тоқырау: БҰҰДБ-ның жаңа деректері гендерлік теріс ұғымдардың тамыры әлі де терең екенін көрсетеді
2023 ж. 13 June
«Гендерлік әлеуметтік нормалар индексі» (GSNI) бойынша соңғы есеп он жыл ішінде әйелдерге қатысты біржақты көзқараста ешқандай оң өзгерістің болмағанын көрсетті: дүние жүзіндегі 10 ер адам мен әйел адамның 9-ға жуығы әлі де осындай теріс ұғымдарға ие. Дүние жүзіндегі адамдардың жартысы әлі күнге дейін әйелдерге қарағанда ер адамдар саяси көшбасшылыққа лайықтырақ деп санаса, 40 пайыздан астамы әйелдерге қарағанда ер адамдар бизнесті жақсырақ басқарады деп санайды. Қазақстанда азаматтардың 93 пайыздан астамы, оның ішінде ерлер де, әйелдер де, әйел адамдарға қатысты теріс түсінікті ұстанады.
Адамдардың 25 пайызды ер адамның өз әйелін ұрып-соғуын орынды деп санайтыны таңғаларлық жайт, делінген бүгін БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) ұсынған және Дүниежүзілік құндылықтарды зерттеудің соңғы деректерін көрсететін жаңа GSNI баяндамасында.
Баяндамада бұл теріс ұғымдар әйелдердің алдында тұрған кедергілерді анықтайды делінген, бұл әлемнің көптеген елдеріндегі әйелдердің құқықтарына шек қойылуынан, гендерлік теңдікке қарсы қозғалыстардың күшеюінен және, кейбір елдерде, адам құқықтарын бұзушылықтың өршуінен көрінеді. Біржақтылық сонымен қатар басшылық лауазымдардағы әйелдер үлесінің төмендігінен байқалады. Орташа алғанда, мемлекет басшысы немесе үкімет басшысы лауазымындағы әйелдердің үлесі 1995 жылдан бері шамамен 10 пайыз төңірегінде сақталып отырған болса, еңбек нарығында әйелдер басшылық лауазымдардың үштен бірінен азын атқарады. Есепте, сонымен қатар, әйелдердің білім беру саласындағы ілгерілеуі мен олардың экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту арасындағы бұзылған байланыс анықтала түседі. Әйелдердің біліктілігі мен білімі адамзат тарихындағы ең жоғары деңгейде болғанымен, қазіргі таңда әйелдері ер адамдарға қарағанда білімдірек 59 елдің өзінде табыстардың орташа гендерлік алшақтығы әлі де таңғалдырарлық – ер адамдардың табысы 39 пайызға жоғары.
«Әйелдердің құқықтарын шектейтін әлеуметтік нормалар сонымен бірге жалпы қоғамға кері әсерін тигізіп, адам дамуының өсуін тежейді. Іс жүзінде, гендерлік әлеуметтік нормалар саласындағы прогрестің жоқтығы адам дамуының дағдарысы тұсында орын алып отыр: жаһандық адам дамуының индексі (АДИ) 2020 жылы тарихта алғаш рет және келесі жылы қайтадан төмендеді. Әйелдердің еркіндігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуден бәрі де пайда көреді», –деді БҰҰДБ-ның Адам дамуы туралы баяндамалар дайындау бөлімінің басшысы Педро Консейсао.
Есепте үкіметтердің гендерлік әлеуметтік нормаларды өзгертуде шешуші рөл атқаратыны атап көрсетілген. Мысалы, ата-аналарға балаға күтім жасау бойынша демалыс беру саясаты балаға күтім жасау міндеттері туралы түсініктерді өзгертіп, еңбек нарығындағы реформалар әйелдердің жұмысбастылығы туралы көзқарастардың өзгеруіне алып келді.
«Ақы төленбейтін күтім жасау еңбегінің экономикалық құндылығын мойындаудан бастау маңызды. Бұл күтім жасау жұмысына деген көзқараспен байланысты гендерлік нормалармен күресудің өте тиімді әдісі болуы мүмкін. Бағалау бойынша, әйелдерге қатысты гендерлік теріс ұғымдардың деңгейі жоғары елдерде әйелдер ерлерге қарағанда ақы төленбейтін күтім жұмыстарына алты есе көп уақыт жұмсайды», –деді БҰҰДБ гендерлік тобының директоры Ракель Лагунас.
Баяндамада әйелдерге қатысты біржақты көзқарастың әлі де кең таралып отырғанына қарамастан, деректер өзгерістердің бола алатынын көрсетеді деп атап өтілген. Зерттеумен қамтылған 38 елдің 27-сінде бір де бір көрсеткіш бойынша біржақты көзқарасы жоқ адамдар үлесінің өсуі байқалған. Есеп авторлары атап көрсеткендей, гендерлік теңдік бағытындағы өзгерістерге қол жеткізу үшін инвестициялар, сақтандыру және инновациялар арқылы адам дамуын кеңейтуге назар аудару қажет.
Бұған саяси шешімдерді қабылдауға қатысудағы әйелдердің теңдігіне ықпал ететін заңдар мен саяси шараларға инвестиция салу, әлеуметтік қорғау мен медициналық көмек көрсету жүйелерін нығайту сияқты сақтандыру тетіктерін кеңейту және зиянды әлеуметтік нормалармен, патриархалдық көзқарастар мен гендерлік таптаурындармен күресуде әсіресе тиімді бола алатын инновациялық шараларды ынталандыру жатады. Мысалы, Интернеттегі өшпенділікті қоздыру мен гендерлік мәселелер жөнінде жалған ақпарат таратумен күресу кең таралған гендерлік нормаларды көбірек қабылдау мен теңдік бағытында өзгертуге көмектеседі.
Оған қоса, есепте әлеуметтік нормалар мәселелерін адамдардың көзқарастарын өзгерту үшін білім беру арқылы, саясат пен өмірдің барлық салаларындағы әйелдердің құқықтарын мойындайтын құқықтық өзгерістер арқылы және шешім қабылдау процесі мен саяси процестердегі әйелдердің кеңірек өкілдігін қамтамасыз ету арқылы тікелей шешу ұсынылады.