БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматовтың құттықтау сөзі
2023 ж. 17 October
Құрметті ханымдар мен мырзалар, Жоғары мәртебелі, құрметті қонақтар және құрметті әріптестер!
Бүгінгі іс-шараға қатысып отырғандығым және Qazaq Green ЖЭК қауымдастығымен жуырда құрылған, БҰҰДБ қолдайтын, «Әйелдер әділетті энергетикалық жүйеге көшу үшін» желісін құттықтауым, мен үшін орасан зор мәртебе.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, маңызды тақырыпқа елеулі үлес қосу үшін уақыт бөліп келген парламент, министрліктер, азаматтық қоғам және ғылыми орта өкілдеріне алғыс білдіремін. Біз сіздердің қолдауларыңызды шынайы бағалаймыз.
Дипломатиялық корпустың гендерлік чемпиондары – жоғары мәртебелі Кэти Лич пен жоғары мәртебелі Моника Иверсенге де алғысымды білдіремін. Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге деген бейілділігіңіз БҰҰДБ миссиясымен тамаша үйлеседі және сіздерді бүгінгі іс-шарамызда көру біз үшін зор мәртебе.
БҰҰДБ-ның Гендерлік теңдік жөніндегі жаһандық директоры Ракель Лагунас пен гендерлік мәселелер бойынша өңірлік кеңесші Корнелио Эфтодиді көргеніме қуаныштымын. Олардың тәжірибесі осы іс-шараның сәтті өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстанға қош келдіңіздер!
Бүгінгі іс-шарамыздың тақырыбына қайта оралсақ, әйелдердің әділ әрі инклюзивті энергетикалық жүйеге көшудегі рөлі біздің қоғамның бүгініне ғана емес, болашағына да қатысты екендігінен бастауға рұқсат етіңіз.
Осыдан бір апта бұрын ғана әлемдік қоғамдастық экономика саласындағы Нобель сыйлығын алған профессор Клаудия Голдиннің жаңашыл жұмысын атап өтті. Голдиннің зерттеуі әйелдің тұңғыш баласы дүниеге келгеннен кейін жалақы төлеудегі гендерлік алшақтықтың едәуір күшейгендігін көрсетеді, бұл әйелдердің, әсіресе олар ана болған кезде кезігетін ауқымды экономикалық проблемаларды білдіреді.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректері бойынша 2023 жылы жаңартылатын энергия көздерінің жаһандық қосымша қуаты 107 гигаваттқа (ГВт) артады деп күтілуде, бұл тарихтағы ең үлкен абсолютті өсім. Мұндай серпінді өсу әртүрлі факторларға, соның ішінде саяси қарқынға, қазба отынының қымбаттауына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылыққа байланысты болуда. Қуаттылықтың ұлғаюындағы мұндай серпіліс осы сектордағы еңбек нарығының бір уақытта кеңеюіне де алып келеді. Бұл ретте, ресми статистика энергетика саласында әйелдердің біліктілік деңгейін ескерсек те, олар ерлерге қарағанда 15%-ға аз табыс табады деп мәлімдейді.
Гендерлік теңдік мәселелері бұрынғыдан да өзектілігі мен маңыздылығын еселей түсуде.
IRENA-ның 2022 жылғы «Энергетикалық жүйеге көшудің дүниежүзілік болжамы» есебінде 2030 жылға қарай бүкіл әлем бойынша энергетика саласында 139 миллион жұмыс орны құрылатыны баяндалған. Осы жұмыс орындарының 38,2 миллионы жаңартылатын энергия көздері саласында және энергетикалық жүйеге көшумен байланысты 74,2 миллионы басқа секторларда болады. Бұл өтпелі кезеңдегі әртүрлі және теңдестірілген жұмыс күшін қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Әйелдердің өзгерістер бастаушысы ретінде қатысуы энергетикалық трансформацияны ынталандыруы, әсер етуі және жеделдетуі мүмкін.
БҰҰДБ-ның жуырда Қазақстанда жүргізген талдамалық зерттеуі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторының гендерлік аспектілерін қарастырды. Зерттеу белгілі бір институционалдық, құқықтық және білім беру қайта өзгертулерінің мүмкіндіктерін айқындады. Қорытындылар мен ұсынымдар туралы толығырақ ақпаратты бүгін сәл кейінірек естисіздер.
Қазақстан шынайы түрде орнықты әрі әділ экономикалық өтуді іске асыру үшін әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріп, олардың саясатқа және шешімдер қабылдауға белсенді қатысуы мен көшбасшылығын қамтамасыз етуге тиіс. Қазақстандағы демографиялық серпінді және оның төмен көміртекті экономикаға көшу туралы өршіл мақсатын ескере отырып, қазіргі кезде кадр тапшылығын, әсіресе әйелдер арасында шешу жолдарын табу өте маңызды.
Қазақстан үшін бұл әділеттілік мәселесі ғана емес, сондай-ақ Орнықты даму мақсаттарында тұжырымдалған экологиялық және экономикалық ұмтылыстарына қол жеткізу үшін де маңызды. БҰҰДБ ұйымдастырған бүгінгі семинар бұл мәселені бірінші орынға қойғанын мақтан тұтамын.
Қазақстанда гендерлік теңдікті ілгерілетуге жәрдемдесуге деген бейілділігіміз мызғымас күйінде қалып отыр. Біз шешімдерді қабылдау процесінде әйелдердің үнін күшейтетін, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, оларды жеке сектордағы басшылық рөлдерге жоғарылататын және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтетін бастамаларға басымдық береміз.
Гендерлік теңдікті ілгерілетуде мемлекеттік мекемелерді сертификаттау бағдарламасы арқылы көрсетілген БҰҰДБ-ның жаңашыл тәсілі осы саладағы нәтижелі ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін Қазақстанда белсенді түрде таныстырылып, енгізілуде. Бұл кешенді бастама мемлекеттік мекемелерді халықаралық деңгейде танылған өлшемшарттар бойынша бағалайды және гендерлік теңсіздікке кадрлық резерв тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар қоғамдық игіліктерді алушылар тұрғысынан да маңызды жауап ретіндегі гендерлік бағдарланған дамуға жәрдемдесудің тиімді жоспарын да қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, мен бірлескен күш-жігеріміз арқылы біз осы ұсыныстардың барлығын практикалық қадамдарға айналдыра алатындығымызға нық сенемін, яғни әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жай ғана құрғақ сөз емес, нақты шындық екендігіне кепілдік беремін. Гендерлік теңдікке жету жолында сүбелі жетістіктерге жету үшін бірлесіп жұмыс істейік.
Негізгі мүдделі тараптармен пікірталастар мен оқыту сессиялары біздің қоғамда және одан тыс жерлерде оң өзгерістерге серпін беретініне сенімдімін.
Көп рахмет!