Астанада анонимді түрде зорлық-зомбылық туралы оқиғалармен бөлісуге мүмкіндік беретін көрме ашылды
2023 ж. 23 November
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» халықаралық науқаны аясында Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында «Шынымды айтсам…» интерактивті арт-инсталляциясы ашылды. Іс-шараның идеясы - Қазақстандағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің жиі жасырын және айтылмаған оқиғаларына жарық түсіру.
Инсталляция келушілердің өздерімен құралатындай етіп жасалған. Инсталляция кеңістігінің ортасында көрме қонақтары анонимді түрде өз оқиғаларын немесе зорлық-зомбылықпен күрес тақырыбы бойынша ойын жаза алатын жабық кішірек кабиналар бар. Содан кейін бұл оқиғалар залдағы стендте көрсетіледі. Осылайша бірте-бірте ұжымдық әңгімеге айналатын көрменің жалпы көрінісіне әрбір келуші өз үлесін қосады.
Көрмені ұйымдастырушылар — БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі, БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ халықтың қоныстану саласындағы қоры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, «БҰҰ әйелдері» және «Нұр сәулесі» бастамасы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық теміржол тасымалдаушысымен қазақстандықтарға зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік маңыздылығын тағы бір рет еске салу үшін күш біріктірді. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда БҰҰДБ-мен бірлесіп іске асырылатын мемлекеттік мекемелерге арналған гендерлік сертификаттау бағдарламасы шеңберінде іс-шараны қолдады
«БҰҰ-ның гендерлік зорлық-зомбылықты жоюға деген мызғымас бейілділігі оның адам құқықтарын бұзу ғана емес, сондай-ақ бейбітшілікке, қауіпсіздікке және орнықты дамуға жету жолындағы кедергі екені жөніндегі түсініктен туындайды. «Шынымды айтсам...» хикаяларына саяхаттап бара жатып, Біріккен Ұлттар Ұйымының гендерлік зорлық-зомбылықты әлем бойынша жою жөніндегі ұстанымын ұмытпайық», –деп атам өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
Зорлық-зомбылық пен кемсітушілік оқиғаларын көрсету арқылы инсталляция қоғамдағы тыныштықты бұзуға, аман қалғандардың күші мен төзімділігін мойындауға және осы проблемамен күресуде біздің әрқайсымыздың атқаратын рөлімізге ой жүгіртуге бағытталған.
«Әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылықпен күресте азаматтық бастамалардың пайда болуы қуантады. Гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес барлығымыздың біріккен күшімізбен табысты жүреді. Әрқайсысымыз өзгерістердің белсенді қатысушысы болып, әйелдер мен қыздардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауымыз қажет. Зорлық-зомбылыққа қарсы «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруымыз маңызды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрбір әйелдің құқықтары мен қауіпсіздігі басымды болатын қоғамды құруға шақырамын», –деді көрменің ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Қазақстанда жыл сайын әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2022 жылы Қазақстанда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 61,277 оқиғасы тіркелген. БҰҰДБ-ның «Гендерлік әлеуметтік нормалар индексі» есебіне сәйкес, ерлер де, әйелдер де Қазақстан азаматтарының 93%-дан астамы әйелдерге қатысты гендерлік теріс көзқарасқа ие.
«Біз, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы ретінде, әйел адамдарға қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін білім беру бағдарламалары мен іскерлік тұрғыдан дамыту арқылы кеңейту мақсатында ұлттық серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Бұл өте маңызды мәселе, өйткені әйел адамдардың экономикалық тәуелсіздігі зорлық-зомбылықтан аулақ болып, өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біз әйел адамдардың шешім қабылдау процестеріне кеңінен қатысуын, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын, жоғары лауазымдарға тағайындалуын және гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу үшін бірлесіп жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ұмтыламыз», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Интерактивті инсталляция екі апта бойы ашық болып, 10 желтоқсанда, Дүниежүзілік адам құқықтары күнінде жабылады. Ұйымдастырушылар жиналған материалды болашақта әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілікпен күресуге бағытталған ақпараттық науқандарда пайдалануды жоспарлап отыр.