Қазақстандықтардың 40 пайызынан азы «гендерлік теңдік» деген не екенін біледі: Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері туралы аналитикалық есеп

2024 ж. 5 March
GIF

БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) және Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстандағы гендерлік теңдікті және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қоғамдық көзқарас» атты аналитикалық есебін ұсынды. Есеп Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласындағы 3800 респондент арасында жүргізілген сауалнама деректеріне негізделген.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин
«Біз гендерлік теңдіксіз орнықты даму мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Бұл міндет бізден міндеттеме алуды ғана емес, сонымен бірге теңдік жолындағы тамыры терең жайылған кедергілерді еңсеру үшін бір кісідейатсалысуды талап етеді. Осы есептің қорытындылары мен ұсынымдарын Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізуге ықпал ететін тиімді стратегиялар мен саясаттарды әзірлеудің іргетасы ретінде пайдаланайық», - деп Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов сөйлеген сөзінде үндеді.

Зерттеу аясында сауалнамаға қатысқан сарапшылар Қазақстандағы өзекті гендерлік мәселелер ретінде саяси салада және басшылық қызметте әйелдердің аздығын, еңбекақы алудағы гендерлік алшақтықты, еңбек нарығындағы көлденеңінен де, тігінен де гендерлік сегрегация белең алғанын, заңнаманың олқылықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен алымсақтықты атады. Осындай мәселелердің бар екені бұқаралық сауалнама мен фокус-топтық талқылаулардың нәтижелерімен де ішінара расталып отыр. 

Фото: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Гендерлік теңдік даму және әділ қоғам құру жолындағы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып қала береді. Бұл гендерлік кемсітушілікті жою жөніндегі негізгі халықаралық келісімдерді заңнамалық кодификациялаумен және қабылдаумен расталады. Қазіргі уақытта біз әйелдердің үкіметте де, жеке секторда да шешімдер қабылдауға қатысуын одан әрі арттыруға ұмтыламыз. Ауылдағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, қазақстандық қоғамда гендерлік рөлдерге қатысты стереотиптер әлі де бар және олар  әйелдердің кәсіби дамуына белгілі бір кедергілер жасайды, олардың саяси және экономикалық өмірге қатысуын шектейді, әртүрлі салаларда өзін-өзі жүзеге асыруға кедергі жасайды», -
деп атап өтті Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Алайда зерттеу авторларының айтуынша, респонденттер сарапшылар тізген мәселелердің көпшілігін түсінбейді екен.

Төменде есептің кейбір нәтижелері берілген:

  • Қолданылған терминге байланысты респонденттердің 33,5%-дан 39,4%-ға дейінгі ғана үлесі «гендер», «гендерлік теңдік», «әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту», «феминизм» сияқты ұғымдардың мағынасын білетінін айтты.

  • Ерлердің де (83,1%), әйелдердің де (70,6%) жоғары пайызы гендерлік мәселелерді онша түсінбейтініне қарамастан, Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері жеткілікті деп санайды.

  • Ерлердің 72,9% әйелдердің саясатта құқықтары мен мүмкіндіктері тым көп немесе жеткілікті деп санайды, ал әйелдер арасында бұл пікірмен тек 57,7% ғана келіседі.

  • Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (әйелдердің 53,6% және ерлердің 67,9%) дәстүрлі гендерлік рөлдерді қолдайды және әйелдің басты міндеті отбасының қамын ойлау деген оймен келіседі.

Фото: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Есеп Қазақстандағы гендерлік теңдікті қабылдау және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту туралы өзекті ақпараттың құнды ресурсы болып табылады, оны ұлттық серіктестер гендерлік теңдікті ілгерілету және гендерлік стереотиптерге қарсы тұру үшін тиімді стратегияларды әзірлеу және қабылдау кезінде пайдалана алады. Қазақстанда алғаш рет осындай сипаттағы сауалнама жүргізілді. Есептің нәтижелері елімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін одан әрі ілгерілетуге негіз болады деп сенемін», -
деді Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Дина Амришева.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин (2-4), Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі (1)

Осы зерттеу қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша бірқатар ұсынымдар ұсынады, соның ішінде: гендерлік теңдік туралы қоғамның хабардарлығын арттыру, жастарды білім беру бағдарламалары арқылы тарту, гендерлік зорлық-зомбылық пен харассментке қарсы заңнамалық шараларды күшейту, зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге қолдау көрсететін инфрақұрылым жасау, жалпы елдегі гендерлік теңдікті барлық деңгейде одан әрі дамытуға және нығайтуға мемлекет тарапынан қолдау көрсету. 

Есептің толық нұсқасы осында қолжетімді.