БҰҰДБ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлеріне арнап харассментке қарсы әрекет ету бойынша тренинг өткізді
2024 ж. 15 April
Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлеріне арнап жұмыс орнындағы харассментке қарсы күрес бойынша тренинг өткізді. Іс-шара мемлекеттік мекемелерге арналған, гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша Сертификаттау бағдарламасы аясында өтті.
Сарапшылар гендерлік зорлық-зомбылықтың, оның ішінде жыныстық қарым-қатынастағы серіктес тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ харассменттің қазіргі Қазақстандағы өзекті мәселелер екенін атап өтті. Мұны Қазақстандағы БҰҰДБ «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен бірге жариялаған зерттеу деректері де растайды. Сауалнамаға қатысқан әйел респонденттердің 65%-ы жұмыс орнында жыныстық бопсалау актілері болып тұратынын мойындайды.
Тренингке қатысушылар бопсалаумен күресу терминологиясы мен әдістерін, сондай-ақ гендерлік теңсіздік пен харассмент арасындағы байланысты зерттеді. Іс-шара Министрлік қызметкерлеріне аңдаусыз қалыптасқан көзқарастардың жұмысқа орналасуға, дамуға және ұжымдағы күнделікті қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін түсінуге көмектесті. Жұмыс орнындағы кемсітушілік пен бопсалауды, олардың формаларын, салдары мен заңды аспектілерін түсінуге ерекше назар аударылды. Мұның бәрі қауіпсіз әрі құрметке негізделген жұмыс ортасын құру үшін қажет. Интерактивті жаттығулар қатысушыларға мәселені практикалық тұрғыдан түсініп, әр түрлі жағдайларды талдауға мүмкіндік берді.
Тренинг барысында бопсалаудың алдын алуға, сондай-ақ тиімді әрекет ету стратегияларына ерекше назар аударылды. Іс-шараның негізгі нәтижесі талқыға түскен стратегияларды іс жүзінде қалай қолдану керектігін және олардың корпоративтік мәдениетті жақсартуға қалай көмектесетінін сипаттайтын іс-қимыл жоспары тұжырымдамасын әзірлеу болды.
2023 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі харассменттен қорғау саясатын бірінші болып қабылдаған мекемелердің қатарына кірді. Министрлік гендерлік теңдікті ілгерілету және қолайлы жұмыс ортасын құру бойынша көшбасшылық қағидаттарын ұстанып келеді. Заңнамалық өзгерістерге, соның ішінде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заңдарға енгізілген түзетулерге орай білім беру гендерлік мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық күш-жігердің маңызды құрамдас бөлігіне айналады, ал оның маңызы арта түседі. Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауға және осал топтарды қорғауды күшейтуге бет бұрғандықтан, тренинг нәтижесінде алынған білім мен дағдылар қадір-қасиет, құрмет және теңдік қағидаттарына сай жұмыс ортасын қалыптастыру барысында шешуші рөл атқармақ.
Анықтама: Мемлекеттік мекемелерге арналған, гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша Сертификаттау бағдарламасы — мемлекеттік мекемелерде гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған жаһандық бастама. Тренинг — БҰҰДБ Министрлік қызметкерлеріне арнап, жоғарыда аталған жоба шеңберінде өткізетін іс-шаралар сериясының бөлігі болып табылады.