Еуропалық Одақ қаржыландыратын, Орталық Азияға арналған ОДМ платформасы: Қазақстанда ОДМ-на жетуге бағытталған бюджеттеуге жәрдемдесу
2024 ж. 13 May
Қазақстан орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) деген міндеттемелерін белсенді түрде айқындап, оларды Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізіп, 2030 жылға қарай ұлттық жобалар мен өңірлік даму бағдарламалары аясына кірген ОДМ-ның 88 ұлттық көрсеткішіне жетуге ұмтылуда. Алайда мемлекеттің жетістікке жетуі тек институционалдық және заңнамалық шешімдерге ғана емес, тиісті қаржыландыруға да байланысты.
ОДМ-на жету үшін жоспарлау мен бюджеттеуді үйлестіру
Қазақстан 2030 жылға қарай ОДМ-на жету үшін Мемлекеттік жоспарлау жүйесін бюджеттік процестермен үндестіруде. ОДМ-на жетуге бағытталған бюджеттік талдау және үйлестіру тәсілі мониторинг сапасын арттыру және бар тәуекелдерді ерте анықтау үшін қарым-қатынастардың ашық болуын қамтамасыз ету арқылы сенімді стратегия әзірлеуге мүмкіндік береді.
Бұл зерттеу Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын, Орталық Азияға арналған, өңірлік ОДМ Платформасын құруға бағытталған БҰҰДБ бағдарламасы шеңберінде жүргізілді. Бұл Платформа — орнықты дамудың ілгерілеуін назар аударуды қажет ететін салаларды анықтау арқылы бақылайтын және оны жеделдететін білім алмасу орталығы.
Қазақстанның ОДМ-на жету жөніндегі қаржылық міндеттемелерін бағалау
2022 жылы БҰҰДБ мен Экономикалық зерттеулер институты Қазақстанның 17 ОДМ-на және оның 169 нысаналы көрсеткішіне, сондай-ақ мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландыру үлесіне жан-жақты бағалау жүргізді. ОДМ-на жетуге мемлекеттік бюджет қаражатының орта есеппен алғанда 81%-ы бөлінгенімен, нысаналы көрсеткіштердің тек 58,6%-ы ғана қаржыландырылғаны анықталды. Бұл жағдайдың арты бюджетті бөлу мен мақсаттарға басымдық беру арасындағы сәйкессіздікке апарып соғуы мүмкін.
Қаражат негізінен мына бағыттарға бөлінді:
кедейлікті жою (ОДМ 1) — 21,7%;
сапалы білім (ОДМ 4) — 14,1%;
индустрияландыру, инновация және инфрақұрылым (ОДМ 9) — 11,4%.
Алайда, гендерлік теңдік, таза су және санитария, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күресу сияқты салаларға бөлінген бюджет 1%-ға да жетпеді, ал су экожүйелерін сақтау бағыты мүлде қаржыландырылмай қалды.
Бюджеттік жауапкершілікті күшейту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан есеп алуды күшейту үшін блоктық бюджет енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл реформа бюджеттік бағдарламаларды шоғырландыруға, оларды пайдалануды оңтайландыруға, рәсімдерді жеңілдетуге және бюджеттің икемділігін арттыруға бағытталған.
ОДМ-на жету жөніндегі міндеттерді бюджеттік бағдарламаларға енгізу «ешкімді артта қалдырмау» қағидатына сәйкес болумен қатар, саясат пен бюджетті бағалаудың тиімділігін, сондай-ақ жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Қазақстанның ОДМ саласындағы рейтингі
Қазақстанның ОДМ-на жетудегі жетістігі оның халықаралық мәртебесіне айтарлықтай әсер етеді. 2023 жылғы жағдай бойынша ел ОДМ рейтингінде 163 ел арасында 66-шы орынға ие болды. Қиындықтар мына салаларда сақталады: жеткілікті тамақтанбау (ОДМ 2), таза энергия (ОДМ 7), климаттың өзгеруі (ОДМ 13), құрлықтағы экожүйелер (ОДМ 15), бейбітшілік пен әділеттілік (ОДМ 16) және орнықты серіктестіктер (ОДМ 17).
Не істеу керек?
Қазақстанда ОДМ-на жетуге бағытталған бюджеттеуді нығайту үшін мынадай шешімдер ұсынылады:
ОДМ көрсеткіштерін блоктық бюджетті әзірлеуге қосу;
шоғырландырылған бюджеттік бағдарламаларды ОДМ-на сәйкестендіру;
2030 жылға қарай ұлттық Мақсаттарға жетуге бағытталған қаржыландыру мүмкіндіктерін талдау;
ОДМ-ын қаржыландыратын бюджеттік бағдарламаларды тұрақты түрде және жан-жақты талдау;
бюджет заңнамасын қайта қарау және «ОДМ-на сәйкес бюджеттеу», «гендерлік бюджет», «климаттық бюджет» және «балалар бюджеті» сияқты ОДМ қағидаттарын қабылдап, әдістемелік тәсілдерді әзірлеу;ОДМ көрсеткіштері мен нысаналы көрсеткіштерін Бірыңғай бюджеттік сыныптамаға енгізуді қарастыру.
ОДМ-на жетуге бағытталған бюджеттің басымдығы ресурстарды бөлудегі келісімділікке, есептілікке және тиімділікке ықпал ете отырып, елді ОДМ-на жетуге және оның орнықты даму саласындағы міндеттемелерін орындауға жетелей отырып, Қазақстанның орнықты дамуы барысында шешуші рөл атқарады.
ЕО мен БҰҰДБ серіктестігінің 20 жылдығы
Бұл серіктестік аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтың трансформациялық күшін бейнелейді. ЕО ресурстары мен техникалық тәжірибесі БҰҰДБ-ның жергілікті жұмысымен, оның дамуға деген ұмтылысымен үйлесім тауып, серіктестікті оң өзгерістер катализаторына айналдырды. Мұның бәрі Қазақстан мен Орталық Азия азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ете отырып, орнықты экономикалық даму, инклюзивті басқару, экологиялық және әлеуметтік орнықтылық сияқты негізгі мәселелер бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
***
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек БҰҰДБ жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.