Қазақстан халықты әлеуметтік қорғаудың цифрлық трансформациясы үшін инновациялық GovTech шешімдерін ұсынды

2024 ж. 3 September
a group of people sitting in front of a crowd
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Бүгін Азия-Тынық мұхиты министрлік конференцияда цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Қазақстанда жүзеге асырылған инновациялық GovTech шешімдері ұсынылды.

Олардың ішіндегі негізгі жоба – «Цифрлық отбасы картасы», ол қазақстандықтардың әлеуметтік саладағы мемлекеттік қолдауға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу немесе пайда болу белгілерін анықтау үшін сигнал көзі болу, осылайша мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін болжау құралына айналу.

a person in a blue shirt
Фото: Астана Хаб
«Бүгін біз Азия-Тынық мұхиты аймағының белсенді цифрлық трансформациясының куәсі болып отырмыз. Қазақстан өз кезегінде ел ішінде ғана емес, шекарадан тыс жерлерде де мойындалған инновациялық цифрлық шешімдер көшбасшысына айналды. БҰҰДБ қолдауымен әзірленген «Отбасының цифрлық картасы» әлеуметтік қорғау төлемдері жүйесін өзгерте алатын цифрлық құралдардың мысалы болып табылады. Бұл әлеуметтік қолдаудың ең мұқтаж адамдарға тиімді және ашық түрде көрсетілетінін қамтамасыз етеді», -
деді Армида Салсия Алишахбана, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) Атқарушы хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары.

Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» 100-ден астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді пайдаланады. Бұл оны әлеуметтік қорғау саласындағы шешімдер қабылдау үшін сенімді дереккөзге айналдырады. 2022 жылы осы инновациялық платформа іске қосылғаннан бері қазақстандықтар 2,2 миллионнан астам әлеуметтік қызмет алды.

a man and a woman sitting in a box
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев
«Цифрлық трансформация өмірдің барлық салаларын қамтыды, және әлеуметтік сала да тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан әлеуметтік саланы цифрландыруда көшбасшылардың бірі болып табылып, өз азаматтары үшін онлайн қызметтерді белсенді түрде дамытып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның онлайн қызметтер индексінде Қазақстан әлемде сегізінші орынға ие болды. «Отбасының цифрлық картасы» – әр отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға, оның әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын анықтауға мүмкіндік беретін бірегей құрал. Бұл қолдау шараларын уақтылы түзетуге және әлеуметтік оқшаулануды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе әлеуметтік саясаттағы ашықтық пен есептілікті арттырады», -
деп атап өтті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өз сөзінде.

Қазақстан бүгінде GovTech шешімдерінің көшбасшыларының бірі ретінде танылып, цифрлық экожүйесін қарқынды дамытуды жалғастырып келеді. Қазақстанда осы саланың дамуының нәтижесінде пайда болған негізгі бастамалардың қатарында бизнеске деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету және бәсекелестік ортаны арттыру құралына айналған Smart Bridge порталы бар. Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесі маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін Үкіметті деректермен қамтамасыз ететін инновациялық өнім болып табылады. eOtinish платформасы тыңдаушы үкімет қағидаттарын жүзеге асырады.

Қазақстан жасанды интеллект негізінде бірнеше отандық жобаларды, соның ішінде қоғамдық кеңістік пен жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесін әзірледі. Жүйені енгізу тоғыз пилоттық қалада қоғамдық орындардағы қылмыстар мен өлімге әкелетін жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтты.

Қазақстан сондай-ақ инновациялар, зерттеулер және ынтымақтастық орталығына айналатын Орнықты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру туралы жариялады. Орталық Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге тікелей ықпал ететін цифрлық шешімдерді енгізуде маңызды рөл атқаратын болады. Қазақстан қазірдің өзінде Азия-Тынық мұхиты аймағы елдеріне мемлекеттік қызметтерді ұсыну, бұлтты құжат айналымы, салық салу, кедендік рәсімдер және тағы басқа шешімдерді қамтитын 23 шешімді ұсынуға дайын.

a man reading a book
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев
«Қазақстан инновациялық шешімдер арқылы ОДМ-ды іске асыруды жеделдетуге деген ұстанымын растайды. Біз цифрлық инклюзивтілік цифрлық трансформацияның артықшылықтарын барлығына қолжетімді ету, цифрлық алшақтықты жою және қауымдастықтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін кілт болып табылады деп санаймыз. Технологиялар орнықты дамуға ықпал ететін болашақты құра отырып, біз барлығына арналған әділ және инклюзивті әлемді жасай аламыз», -
деп атап өтті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Инклюзивті цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды құру Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдете алады, соның ішінде теңсіздікті азайту және мемлекеттік институттарға қоғамдық сенімді арттыру да бар. Цифрландырудың катализаторлық әлеуетін пайдалана отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бүкіл әлемдегі үкіметтерге, соның ішінде Қазақстанға цифрлық трансформация мәселелерінде көмек көрсетеді.

«Отбасының цифрлық картасы» жобасы Қазақстандағы БҰҰДБ-мен серіктестікте жүзеге асырылды. 2023 жылы бұл инновациялық шешім БҰҰ-ның штаб-пәтерінде БҰҰ-ның Жоғары деңгейдегі саяси форумында, сондай-ақ Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде «Цифрлық күн» аясында ұсынылып, ОДМ-ға қол жеткізу үшін жетекші жаһандық цифрлық бастамалардың қатарына кірді. Биылғы жылдың ақпан айында Дубайда өткен Дүниежүзілік үкіметтік саммитте Қазақстанның «Отбасының цифрлық картасы» инновациялық жобасы «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында үздік деп танылып, 2024 жылғы GovTech Prize беделді сыйлығын алды.

a person holding a laptop
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев
«БҰҰДБ Қазақстан Үкіметімен серіктестікті жоғары бағалайды, ол ең осал топтардың қажеттіліктерін ескеретін цифрлық трансформация күн тәртібін ілгерілетуде. «Отбасының цифрлық картасы» жобасы – жаңа технологиялар, серіктестік және стратегиялық көзқарастың синергиясының тамаша мысалы, ол «ешкімді артта қалдырмау» үшін қажетті өзгерістердің катализаторына айналды. Бұл қазақстандықтардың инклюзивті дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатына қарай маңызды қадам», -
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесінің цифрлық трансформациясы туралы тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналған қатарлас іс-шара Қазақстандағы БҰҰ-ң Даму бағдарламасымен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылды.

a group of people standing in front of a crowd posing for the camera
Фото: Астана Хаб