
Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы.
Бүгін Астанада Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Сенат және Үкімет мүшелері, сондай-ақ мәслихаттар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа да болды.
Отырысты аша отырып Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат пен мәслихаттар арасындағы өзара іс-қимылдың мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асыру үшін аса маңызды екенін атап өтті:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мызғымайтын «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үш тағанының маңызды элементі жауапты жергілікті басқару екенін үнемі айтып келеді. Бұл қағидат аясында мәслихаттарға маңызды міндет жүктелетіні сөзсіз. 2022 жылғы конституциялық реформалардың аясында мәслихаттардың дербестігін нығайту арналған жүйелі шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде олар мемлекеттік саясаттың толыққанды қатысушысына айналып, жаңа кезеңде елдің дамуына үлкен үлес қосып келеді».

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев реформалар мен міндеттерді жүйелі әрі сапалы түрде жүзеге асыру үшін қажет бірқатар басым бағыттарды атады. Олар — қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру, орнықты қоғам құру, бюджеттің мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, мәслихаттардың мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен айқындығын арттыру ісіне белсенді қатысуы.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа өз сөзінде мәслихаттардың халық пен билік арасындағы алтын көпір, орнықты даму саясатын қалыптастыру және оны жүзеге асыру барысында халықтың қажеттіліктерін ескеретін негізгі өкілдік құрылым екенін атап өтті.
«Мәслихаттар Қазақстанның орнықты өңірлік дамуының алдыңғы қатарында тұр. Олардың заңнамалық, бақылаушы және саяси функциялары оларға дамуды әділ, инклюзивті және тұрақты ету үшін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олардың рөлін нығайту және әлеуетін арттыру арқылы біз тұрақты және гүлденген өңірлерді қалыптастыра аламыз»,— деді Катаржина Вавьерниа.

Катаржина Вавьерниа, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі.
Сонымен қатар Тұрақты өкіл БҰҰДБ мен Қазақстан Үкіметі бірге әзірлеген жаңа Өңірлік бағдарламаны таныстырды. 2024 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама өңірлік теңсіздіктерді еңсеруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жету үдерісін ілгерілетуге бағытталған. Пилоттық өңірлер — Абай және Ұлытау облыстары. Болашақта бағдарлама Жетісу, Қызылорда және өзге де облыстарды қамтымақ. Бағдарлама аясында халық қатысатын бюджет механизмдерін дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, жасыл технологияларды енгізуге және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға ерекше мән беріліп отыр.
Кеңейтілген отырыс мәслихат депутаттарының құзіретін арттыру, экономикалық және қаржылық өкілеттігін кеңейту, сондай-ақ оларды өңірлік саясатты қалыптастыру, оны жүзеге асыру және аса маңызды мәселелерді шешу процестеріне тарту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылау алаңына айналды.
Отырыс соңында қатысушылар Сенаттың, мәслихаттардың және БҰҰДБ сынды халықаралық ұйымдардың ортақ күш-жігерінің 2030 жылға дейін орнықты даму саласындағы күн тәртібін орындап, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңыздылығын атап өтті.