Қызылорда облысының Арал ауданында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Олий Мажлисі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті.
Бұл отырыс Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Өзбекстан Республикасына ресми сапары барысында екі ел парламентшілері қол жеткізген уағдаластықтардың нәтижесінде ұйымдастырылып отыр.
Кездесудің басты мақсаты – Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын одан әрі нығайту. Сондай-ақ аталған жиын ғылым мен экология саласында білім беруге қатысты бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынас бүгінде бауырлас елдер тарихындағы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты және мұндай ынтымақтастық екі мемлекет үшін де маңызды саналатын Арал проблемасын шешуге өз ықпалын тигізетіне сенім білдірді.
«Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары Арал проблемасын шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Кезінде бірегей су қоймасы болған Арал қазіргі таңда өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр. Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндігі екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол Арал мәселесіне қатысты бірқатар мәселені шешу кезіндегі оң тәжірибеге тоқталды. Сенат Төрағасы Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі қаржыландырған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының қолға алынуы және оның бірінші кезеңінің іске асырылуы маңызды қадам екенін айтты. Сондай-ақ Палата Спикері қазіргі таңда теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жаңа міндеттердің ауқымды кешенін қамтитын осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.
Мәулен Әшімбаев Арал аймағын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты қолдай отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының платформасын барынша пайдалану маңызды екенін жеткізді. Бұдан басқа, өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өзара тиімді және оңтайлы тәртібін іздестіру керектігін де тілге тиек етті.
Іс-шараны Қазақстан Сенаты Төрағасының орынбасары, Комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы Асқар Шәкіров жүргізіп отырды. Өзбек делегациясын сол елдің Олий Мажлисі Сенаты төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Өзбекстан тарапынан тең төрағасы Содык Сафоев бастап келді.
Кездесу аясында екі елдің парламентшілері Арал ауданын аралап, Көкарал бөгетінің қазіргі жағдайымен арнайы барып танысты. Соның барысында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі өңірдің бүгінгі гидрологиялық ахуалы мен оның даму перспективалары туралы айтты.
Іс-шараға екі елдің сенаторларынан бөлек, Қазақстан Үкіметінің мүшелері және халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысты. «Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасы елдердің аймақтың экожүйесін және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қалпына келтіру және қорғау жөніндегі күш-жігерін құптайды. Аймақтың тұрақтылығын арттыру екі елдің де басымдығы болып табылады және біз бұл маңызды бастамаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Якуп Бериш.