Адамдар мен ғаламшарға арналған цифрлық шешімдер: БҰҰДБ қолдауымен Астанада бірегей цифрлық шешімдер көрмесі өтті
2022 ж. 14 December
14 желтоқсан, Астана – Бүгін «Astana Hub» алаңында «Адамдар мен ғаламшар үшін цифрлық қайта жүктеу» конференциясы өтті. Іс-шараның барысында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен іске асырылған тұрақты даму саласындағы цифрлық шешімдер ұсынылды.
«Қазақстандағы БҰҰДБ адамдар мен қоршаған ортаға негізделген цифрлық трансформацияға жәрдемдеседі. Ұлттық әріптестермен цифрландыру саласындағы жемісті ынтымақтастық теңсіздікті қысқартуға, мемлекеттік қызметтер мен халықты әлеуметтік қорғау сапасын арттыруға, сондай-ақ болашақ ұрпақтар үшін Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігі мен экожүйелерін сақтауға ықпал етеді деп сенеміз», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.
Қатысушылардың назарына «Толқын» бағдарламалық-аппараттық кешені – орталық, автономды жылумен жабдықтау және газ қазандықтары жүйелеріне арналған энергия үнемдеу құрылғысы ұсынылды. Бүгінгі таңда бұл энергия үнемдейтін құрал Қостанай және Қызылорда облыстарындағы, сондай-ақ Астана және Теміртау қалаларындағы 60 нысанға орнатылған.
Басқа цифрлық шешімдердің арасында Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында табысты түрде енгізіліп жатқан технологиялық гаджеттер мен жүйелерді: «SMART» патрульдеу жүйесін, ормандарды есепке алуға арналған ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін мониторингілеу және зерттеуге арналған фототұзақтар мен спутниктік қарғыбауларды атауға болады.
Конференция қатысушылары сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰДБ қолдауымен дайындалған бес ұлттық парк пен қорықша бойынша виртуалды саяхаттармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Енді смартфонның, ноутбуктың немесе планшеттің көмегімен туристер Қазақстанның пәк табиғатымен танысып, жабайы жануарлар мекендейтін жерлерді тамашалай алады.
Сонымен қатар, БҰҰДБ-ң тәлімгерлік бағдарламаларына қатысқан әлеуметтік инноваторлар да өз шешімдерін таныстырды. Олардың арасында – әйелдердің медициналық қызмет көрсету мен диагностикаға қолжетімділігін жақсартатын «CLARITY» мобильді қосымшасы, ауа сапасын мониторингілеуге арналған «Airvision.kz» платформасы, сондай-ақ «Технологиялар зорлық-зомбылыққа қарсы» идеялар онлайн-марафоны аясында әзірленген гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге арналған мобильді қосымшалар.
Конференция аясында сондай-ақ «HP Inc» сарапшыларымен әріптестікте ұйымдастырылған жастарға арналған цифрлық дағдылар бойынша мастер-кластар өтті.
«Адамдар мен ғаламшар үшін цифрлық қайта жүктеу» конференциясы «Ұлттық Білім Апталығы 2022» науқанының қорытындылаушы іс-шарасы болып табылады. Білім Апталығының ашылуы 5 желтоқсанда Жезқазған қаласында өтіп, 7-8 желтоқсанда Алматы қаласында «Skills Up» Жастар Хакатонының финалымен жалғасты, онда Қазақстан өңірлерінен келген өңірлік хакатондардың финалистері өздерінің инновациялық стартап жобаларының идеяларын ұсынып, оларды одан әрі дамыту үшін қаржыландыруға ие болды.