БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматовтың Орталық Азиядағы орнықтылық және климаттың өзгеруі жөніндегі семинардағы сөзі
2024 ж. 6 June
Құрметті серіктестер, қатысушылар, әріптестер!
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасының атынан сіздерге Орталық Азиядағы аймақтық сумен қамтуды және тұрақтылықты қолдау үшін қар, мұздық және мәңгі тоң жүйелерінің маңыздылығына қатысты мәселелерге арналған бүгінгі іс-шараға қош келдіңіздер деймін.
Біз күн сайын климат өзгерісінің салдарына куә болып отырмыз. Бұл мәселенің өзектілігі барлық жерде сезіледі. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2024 жылғы жаһандық қауіп-қатерлер есебіне сәйкес алдағы он жылда күтілетін ең үлкен жаһандық қауіп-қатер «төтенше ауа райы құбылыстары» болып табылады.
Бақылау жүргізілген уақыт ішінде соңғы жеті жыл ең ыстық жылдар болды. Біз адам денсаулығы мен амандығына, экожүйелерге және жалпы дамуға қатысты көңіл көншітпейтін өзгерістерге жылдам жақындап келеміз. ИПСОС дайындаған 2023 жылғы жаһандық үрдістер туралы есеп бүкіл әлемдегі адамдардың 80%-ы экологиялық апатқа бет алып бара жатқанымызға сенімді екенін көрсетеді.
Климат өзгерісінің 80 пайызы сумен байланысты. Жаһандық экожүйелерге төтенше су тасқыны, құрғақшылық, мұздықтардың еруі және теңіз деңгейінің көтерілуі қауіп төндіреді. Климат өзгерісінің салдары туралы жаһандық диалогтың маңызды бөлігі су болып табылады.
Бүгінгі таңда Орталық Азия аймағында климат өзгерісінің салдары көрінбейтін және сезілмейтін бірде-бір мемлекет жоқ. Аймақтың оңтүстік бөлігінде температураның жоғарылауы әлемдік үрдістерді басып озып жатыр. Соңғы жылдардағы апатты су тасқындары, ұзақ құрғақшылық бәріміздің есімізде. Климат өзгерісінің қарқындылығы мен жиілігі жылдан жылға үдеп барады.
Орталық Азиядағы төтенше ауа райы құбылыстарының күшеюі Тянь-Шань мұздықтарының ұдайы кемуіне және олардың мұздық коэффициенттерінің азаюына себепші болып отыр.
Мұздықтар Орталық Азиядағы су ресурстарының қалыптасуында аса маңызды рөл атқарады. Мұздықтардың еруінен пайда болатын судың ағын суға қосатын үлесі 5%-дан аспайтын өзен бассейндерінің өзінде сол су жазда, әсіресе құрғақшылық болатын жаз мезгілінде, суару үшін аса маңызды мәнге ие.
Сондықтан да мұздықтардың жойылуы су және азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы, таулы аймақ тұрғындарының амандығы мәселелерінің күрт шиеленісуіне әкеліп соғады, салдары да тиісінше ауыр болады.
Мәселенің трансшекаралық сипаты аймақтағы елдердің тұрақтылығын нығайту, климаттың өзгеруіне экологиялық тұрақты бейімделу шараларын және Орталық Азиядағы қар, мұздық және мәңгі тоң жүйелері туралы ғылыми негізделген қорытындыларға сүйене отырып нақты іс-қимыл жоспарларын әзірлеу үшін күш біріктіруді талап етеді.
Осы тұрғыда БҰҰДБ мен ЮНЕСКО бірлескен бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығы мен мәні айқын көрінеді,әрі аймақ елдерінде су ресурстарын кешенді басқаруды қалыптастырудың іргетасын ұсынады. Осы іс-шара криосфераға, су ресурстарына және климаттың өзгеруіне қатысты әрбір елдің ағымдағы жағдайы мен ұлттық басымдықтарын анықтауға арналған алаңға айналады деп кәміл сенемін.
БҰҰДБ-ның су ресурстарын кешенді басқару тәсілі елдердің климаттың өзгеруіне төзімділігі мен бейімделуі тұрғысынан су саласындағы бастамаларға,сонымен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін су мәселесіне қатысты күн тәртібінің маңыздылығына негізделген. Соңғы бес жылда БҰҰДБ әлемнің 100-ден астам елінде су ресурстарының тұрақты дамуын қолдау мақсатында құны 3,8 миллиард АҚШ долларынан асатын 580 жобадан тұратын портфельді жүзеге асырды.
Қазақстандағы БҰҰДБ Қазақстан Үкіметімен және жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігімен тығыз жұмыс істейді. Біздің жүйелі жұмысымыз стратегиялық салалық құжаттарды әзірлеуде қолдау көрсетуге бағытталған, оған қоса су ресурстарын басқару, су секторын цифрландыру және болжау жүйелерін жетілдіру саласында жаңа бастамаларды қамтиды.
Біз үшін осындай өзекті мәселелерді шешу үшін су мәселелерін аймақтарды кешенді дамыту бағдарламаларына енгізу, барлық даму серіктестерінің күш-жігерін үйлестіру және инвестицияларды жұмылдыру кезек күттірмейтін басымдықтар болып табылады.
Баршаңызға нәтижелі пікірталастар тілеймін және назарларыңызға рахмет.