Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасарының Әмбебап мерзімді шолудың төртінші цикліне дайындық бойынша дөңгелек үстелде алғы сөзі

2024 ж. 26 July
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Құрметті Ботагөз Шаймарданқызы, құрметті әріптестер және дөңгелек үстелге қатысушылар!

Баршаңызға Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы басшылығы атынан сәлем жолдауға рұқсат етіңіздер. Біз бүгін азаматтық сектордың, ғылыми қауымдастықтың және мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстан адам құқықтары саласындағы халықаралық институттардың ұсынымдарын орындауда қандай жетістіктерге жетіп жатқанын тағы бір мәрте талқылау үшін бір үстел басына жиналғанын көргенімізге қуаныштымыз. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің механизмі ретінде Әмбебап мерзімді шолу (ӘМШ) азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарды қоса, құқықтардың барлық санаттарының орындалуына кешенді мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы геосаяси оқиғалар мен жаһандық ауқымдағы климат өзгерісінің сын-қатерлері аясында әлемнің көптеген елдерінде адам құқықтарына қатысты жағдай нашарлап барады, сол туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі құрылымдарының басшылары талай айтып жүр.

Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 52-ші сессиясында «... зорлық-зомбылық, қақтығыстар және адам құқықтарының бұзылуы салдарынан жүз миллион адам қашуға мәжбүр, бұл - рекордтық көрсеткіш. Әлемдегі адамдардың жартысына жуығы: 3,5 миллиард адам климаты ыстық жерлерде тұрады. Сол ұлан-ғайыр аумақтар адам құқықтары саласындағы «апатты» аймақтарға жылдам айналады, яғни, су тасқыны, құрғақшылық, дауыл болса, адамдар климат әсерінен 15 есе көп қаза табады... Жаңа технологияларды теріс пайдалану адам құқықтарына біз тіпті елестете алмайтын ауқымда қауіп төндіруі мүмкін».

Осы тұрғыда біз Қазақстан Үкіметінің сыртқы, техногендік және табиғи факторлардың теріс әсерін жұмсарту үшін адам құқықтарын қорғау бойынша уақытылы шаралар қолдануға, мемлекет адам құқықтарын қорғау саласында қабылдаған халықаралық конвенцияларды, сондай-ақ ӘМШ 3-ші айналымының ұсынымдарын іске асыру жұмысын жалғастыруға бағытталған шараларын құптаймыз, бұл мемлекеттің жаһандық факторларды түсінетінін және халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылатынын көрсетеді.

Қазақстан ӘМШ 3-ші айналымының ұсынымдарының басым көпшілігін қабылдағанын және олардың көпшілігін жүзеге асырғанын тағы да атап өткім келеді, солардың ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге (АСҚХП) және Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаларды ратификациялау туралы ұсынымдар, азаптаулардың алдын алу және оларды тиімді тергеу, гендерлік зорлық-зомбылықпен және адам саудасымен күрес мәселелері бойынша заңнаманы және адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін басқа да бірқатар заңдарды жетілдіру туралы ұсынымдар бар.

Қазақстан заңнамасын халықаралық құқық нормаларымен толық сәйкестікке келтіру үшін азаматтық және сарапшылық қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, осы жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет. Әңгіме сөз бостандығына, бірлестіктер бостандығына, бейбіт жиналыстар бостандығына, дін бостандығына, әділ сот құқықтарына және Әмбебап Мерзімді Шолу жөніндегі Жұмыс тобының мүшелері белгілеген басқа да бірқатар құқықтарға қатысты болып отыр.

Осыған байланысты Президент 2023 жылғы желтоқсанда қол қойған Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы іс-қимылдар жоспарының өзектілігін атап өткім келеді, оның мақсат-міндеттері ӘМШ 3-ші айналымының ұсынымдарына сай келеді.

 

Құрметті қатысушылар,

Адам құқықтары БҰҰДБ-ның барлық даму бастамаларында іргетасы және арнайы көрсеткіші болып табылады. Осы мақсатта біз бір мезгілде мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғаммен, ғылыми ортамен және жеке меншік сектормен мемлекет деңгейінде де, корпоративтік секторда да адам құқықтары саласындағы саясатты талдау және ұсынымдар әзірлеу үшін жұмыс істейміз.

Жаһандық деңгейде БҰҰДБ мүше мемлекеттерге 75 елде, соның ішінде Қазақстанда адам құқықтарын және Тұрақты даму мақсаттарын одан әрі кіріктіруде келесі жолдармен қолдау көрсетуге міндеттеледі:

  • Ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы жүйелер және ТДМ арасындағы техникалық ынтымақтастықты, бірін-бірі толықтыруды және тиімділікті арттыру үшін адам құқықтары жүйелерін және Тұрақты даму мақсаттарын өзара біріктіру.

  • 100 елде таза, сау және тұрақты қоршаған ортаға («R2HE») құқықты жүзеге асыруда мүше мемлекеттерге қолдау көрсету.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, Конституциялық Сотпен, Жоғарғы Сотпен, Қазақстан Республикасының министрліктерімен және ведомстволарымен бірге жүргізген бұрынғы және жүзеге асырылып жатқан қазіргі жобаларымызды ескере отырып, БҰҰДБ Қазақстан қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарына тікелей сай келетін ӘШМ ұсынымдарын әрі қарай жүзеге асыру үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға және халықаралық тәжірибесін ұсынуға дайын.

Назарларыңызға рахмет, баршаңызға қызықты әрі нәтижелі пікірталас тілеймін.