
Сексеуіл, Арал өңірі, Қазақстан
Зәуреш балалық шағындағы көрген түрлі өсімдіктерге, балықтар мен жануарларға толы телегей теңізді еске алады. Бір кездері үлкен теңіз айналадағы ауылдардың тұрғындарын азық-түлікпен және жұмыспен қамтамасыз етті, бірақ мақта егу алаңын арттыру, химиялық заттарды жаппай пайдалану, су алуды ұлғайту туралы шешімге байланысты Арал теңізі құрғап «экологиялық проблемаға» айналды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) Арал теңізінің дағдарысын адам әрекетінен туындаған әрі біртіндеп басталған экологиялық проблема деп атайды. Теңіздің құрғауы жердің деградациясы, шөлейттену, биоәртүрліліктің жоғалуы және бүкіл өңірдегі климаттың өзгеруі сияқты жағымсыз салдарға алып келді.
«Мен Арал қаласынан 60 шақырым жердегі Сексеуіл станциясында дүниеге келдім. Бір кездері біздің өңір көк жазира болғаны, адамдары бақытты және жұмыспен қамтылғаны есімде. Біз жаһандық экологиялық апат аймағы саналатын жерді қалпына келтіріп жатырмыз. Маған зейнеткерлікке шығуға шамалы ғана қалды және ортақ жұмысымыздың нәтижелерін де көргім келеді»,– деп Зәуреш Әлімбетова естеліктерімен бөлісті.

Зәуреш Әлімбетова, «Aral Oasis» қоғамдық бірлестігінің директоры
Зәуреш бүгінде Арал маңы өңірінде орман өсірудің озық әдістерін әзірлеумен және енгізумен айналысатын «Aral Oasis» қоғамдық бірлестігінің директоры. Ұйымның миссиясы жергілікті қоғамдастықтарға климаттық өзгерістерге бейімделуге, Арал өңірінің экожүйелерін қалпына келтіруге және Арал теңізінің құрғаған түбіне орман өсіруге жәрдемдесу болып табылады. Зәуреш қазіргі кезде Жаһандық экологиялық қордың Шағын гранттар бағдарламасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен «Арал оазистері үшін 100 шағын тәлімбақ» жобасының командасымен орнықты экожүйелер құру және жергілікті қоғамдастықтарды нығайту арқылы осы жерлерде тіршілікті қалпына келтіруге ұмтылуда.
«Шағын тәлімбақтар желісін құру жай ғана аумақты көгалдандыру емес. Бұл Аралдың экожүйесін қалпына келтіруге және өз жерінің қамқоршысы болған жергілікті қоғамдастықтардың осы істі қолдауға қосқан үлесі. Әрбір тәлімбақ – бұл шөлейттену мен топырақтың деградациясына қарсы күресте шешуші рөл атқаратын жергілікті төзімді өсімдіктерді өсіруге қабілетті кішкентай ғана оазис»,
– деп атап өтті Зәуреш Әлімбетова.
Жоба тобы ауқымды әрі қаражатты қажет ететін ағаш отырғызудың орнына, жергілікті шешімдерге, яғни жергілікті тұрғындар оңай күтіп-баға алатын шағын тәлімбақтарға басымдық берді. Бұл тәсіл экологиялық тәуекелдерді азайтып қана қоймайды, сонымен қатар қоғамдастықтарды табиғатты қалпына келтіру процесіне тартады.

Шағын тәлімбақтар идеясы қарапайым және тиімді: жергілікті тұрғындар үй шаруашылықтарының аумағында сексеуіл тұқымын құм мен органикалық тыңайтқыштар салынған арнайы қапшықтарға егеді. Бұл жағдайда көшеттер жыл бойы жақсы өседі. Сексеуілді қайта отырғызу кезінде олардың тамыр жүйесі зақымдалмайды, өйткені ол қапшықпен қорғалған күйінде қалады. Жабық тамыр жүйесі бар бұл технология өсімдіктердің өмір сүру деңгейін 90 пайызға дейін айтарлықтай арттырады.
«Сексеуіл – бірегей өсімдік, ол құмның қозғалысын тоқтатуға, сондай-ақ Аралдың экожүйесін қалпына келтіруге көмектеседі. «100 шағын тәлімбақ» жобасы аясында біз сексеуіл көшеттерін отырғызып және жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіру үшін кооперативтер құра алатындай жергілікті тұрғындарды осы іске тартамыз»,
– дейді Зәуреш.
Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, бір жылдық сексеуіл екпелері желдің жылдамдығын 20.5 пайызға төмендетеді, ал екпелер жеті жасқа жеткенде желдің жылдамдығын нөлге дейін төмендетуі мүмкін. Осының арқасында құрғаған теңіздің түбінен тұз бен химиялық элементтердің желмен ұшуы азаяды. Сонымен қатар, сексеуіл климаттың жақсаруына ықпал етеді және парниктік әсермен күреседі: 13 жастағы орманның гектары 5 тоннаға жуық көміртекті сіңіреді және жылына шамамен 4 тонна оттегін шығарады. Оның қуатты тамыр жүйесі құмды топырақты нығайтады және оларды эрозиядан қорғайды.
Жоба жергілікті тұрғындарды табиғатты қалпына келтіру процесіне белсенді түрде тартады. Ауыл тұрғындары орнықты көгалдандыру әдістері туралы білім алып қана қоймай, бастаманың тікелей қатысушылары болады.

Қаратерек ауылының тұрғыны Қазынагүл Әйімбетова өз тәжірибесімен бөлісті:
«Біз әрқашан жеріміз үшін жауапкершілікті сезіндік, бірақ оны қалпына келтіру үшін ешқандай құрал болған жоқ. Енді шағын тәлімбақтардың көмегімен біз нақты өзгерістерді көріп отырмыз және біз балаларымызға жасыл әрі құнарлы жерді бере аламыз деп сенеміз».
Жоба аясында фермерлер мен жергілікті тұрғындар үшін оқыту тренингтері ұйымдастырылды, онда қатысушылар шағын тәлімбақтарды жасау және күтіп-бағу туралы практикалық білім алды. Бұл іс-шаралар қоғамдастықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін дамытуға және адамдар мен табиғат арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі.
Aралдың жандануы өңірдің болашағын өсімдіктерді өсіретін шағын тәлімбақтар сияқты кішкентай болса да, бірақ батыл қадамдардан басталады. Зәуреш пен Қазынагүл сияқты жергілікті тұрғындардың арқасында қаңырап қалған жер қайтадан өмір мен мағынаға толады. Бұл жоба табиғатты қалпына келтіру туралы ғана емес. Бұл жергілікті қоғамдастықтар табылған шешімнің бір бөлігі болған кезде өзгеріс болуы мүмкін деген сенім туралы.
***
Қазақстандағы ЖЭҚ/БҰҰДБ Шағын гранттар бағдарламасы қоршаған ортаны қорғауға және жергілікті қоғамдастықтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін бастамаларды қолдауды жалғастыруда.
Біздің қызметіміз туралы gefsgp.kz көбірек біліңіз.