Қазақстан Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің Ассамблеясында жаңартылатын энергетиканы дамыту саласындағы жетістіктерін таныстырды

2020 ж. 14 January

 

 

 

2020 жылдың 11-12 қаңтарында БАӘ-дегі Елші, IRENA-ға Тұрақты өкіл Менілбеков Мадияр бастаған құрамында Энергетика министрлігінің, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялар тарту орталығының, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының және салалық қауымдастықтардың өкілдері бар Қазақстандық делегация Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында өткен Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) оныншы мерейтойлық ассамблеясына қатысты.

Ассамблеяда делегаттар мен қалың жұртшылық таза, жаңартылатын энергия көздеріне негізделген өздерінің табысты мысалдары мен болашақ жоспарларымен бөлісті.

Биыл Ассамблея жаңартылатын энергия көздері саласындағы гендерлік теңдіктен бастап экономиканы көміртексіздендіру үшін сутекті пайдалануға және жастардың қатысуын кеңейтуге дейінгі жоғары деңгейдегі көптеген сессиялар өткізді.

Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықпен қатар елдегі ЖЭК секторын дамытуға үлкен назар аударып, қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы дамытуға елеулі инвестициялар салуда.

Соңғы жылдары әлемдік тәжірибені ескере отырып, сондай-ақ ЖЭК дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған мемлекеттік саясатты белсенді жүргізудің арқасында ЖЭК секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша елеулі қадамдар жасалды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 90 ЖЭК объектісі – 19 жел электр станциясы, 31 күн электр станциясы, 37 су электр станциясы, 3 биогаз қондырғысы жұмыс істейді.

2019 жылы қолданыстағы ЖЭК объектілерінің белгіленген қуат көлемі 2018 жылғымен салыстырғанда 2 есе өсіп, 1050,1 МВт-қа жетті.

Жалпы өндірілген электр энергиясындағы ЖЭК үлесі 2019 жылы 2,3%-ті құрады.

Қазақстанда қуаты 100 МВт болатын ірі күн парктері алғаш рет пайда болғанын, ал 2020 жылы қуаты 100 МВт жел парктерін енгізу жоспарланып отырғанын атап өту қажет.

Соңғы екі жылда Қазақстан Республикасында IRENA-ның белсенді жәрдемімен ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықтың нарықтық тетігін ілгерілету жүзеге асырылып отыр, ол халықаралық және отандық сарапшылардың тарапынан оларды өткізу ережелерінің ашықтығы, қауіпсіздігі және қарапайымдылығы жағынан жоғары бағаланды.

Мәселен, 2019 жылғы қарашада ҚР үкіметінің, Жаһандық Экологиялық Қордың қаржылық қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі ҚЕАО» ЖШС пен «КОРЭМ» АҚ-ның бірлескен жұмысы шеңберінде Түркістан облысының Шәуілдір кентінде қуаты 50 МВт күн электр станциясын салуға әзірленген техникалық құжаттамасы дайын Қазақстандағы алғашқы аукцион өткізілді.

Бүгінде ЖЭК технологияларын дамыту мен ілгерілетуді халықаралық сарапшылар қауымдастығының ынтымақтастығы мен тұрақты тәжірибе алмасусыз елестету мүмкін емес. Сондықтан Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің Ассамблеясы сияқты басты іс-шаралар зияткерлік қолдауға және ЖЭК-ті дамытуға мүдделі барлық елдердің білімі мен тәжірибесін өзара байытуына жаңа серпін береді.