Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев пен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш кездесу өткізді. Кездесу барысында 2021-2025 жылдарға арналған қолданыстағы елдік бағдарлама шеңберіндегі бірлескен жұмыстың түйінді бағыттары талқыланды.
Кездесу барысында Брекешев мырза БҰҰДБ-ға Қазақстандағы бірлескен ынтымақтастығы үшін, Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын және биологиялық алуантүрлілікті сақтау және төмен көміртекті даму бойынша бірлескен жобаларды іске асыру процесінде көрсетілетін қолдауы үшін алғыс білдірді. Министр сондай-ақ БҰҰДБ-ның «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын және табиғи ресурстарды тұрақты басқаруға, экожүйелерді сақтау үшін инвестициялар тартуға және елдің климаттың өзгеруіне тұрақтылығын нығайтуға ықпал ететін басқа да бірлескен жобаларды әзірлеуде жоғары деңгейдегі сараптамалық қолдауын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар сондай-ақ «Шағын гранттар бағдарламасы» және «Тұрақты азық-түлік жүйелерін ілгерілету және Солтүстік Қазақстанның ландшафтындағы экожүйелік қызметтерді жақсарту» сияқты Жаһандық экологиялық қордың жаңа жобаларын іске қосу бойынша бірлескен күш-жігердің оң нәтижелерін атап өтті.
Кездесу соңында БҰҰДБ Тұрақты өкілі Бериш мырза Министрді Швецияның Стокгольм қаласында өтетін Адам дамуы жөніндегі конференцияның 50 жылдығына орайластырылған «Стокгольм+50: жалпыға ортақ өркендеу үшін сау планета – біздің жауапкершілігіміз, біздің мүмкіндігіміз» атты халықаралық кездесуге шақырды.
БҰҰДБ Қазақстанды 1994 жылдан бастап ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде түрлі салаларда: ирригациялық желілерді қалпына келтіруден бастап орман шаруашылығын тұрақты жүргізуге дейін, полицияның сервистік моделін енгізуден бастап халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік қызмет жүйесін цифрлық трансформациялауға дейін жалпы сомасы 200 миллион АҚШ долларынан астам 200-ден астам жобаны іске асыра отырып, даму процесінде қолдап келеді. Қазіргі уақытта БҰҰДБ-ның елдегі қызметі басымдықтары Қазақстанның даму саласындағы ұлттық басымдықтарымен келісілген Елдік бағдарламамен реттеледі.