Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматовтың Жапония үкіметімен бірлескен жобаларды іске қосуға арналған іс-шарада сөйлеген сөзі
2022 ж. 13 September
Аса мәртебелі қатысушылар –
Жоғары Мәртебелі Елші Ямада мырза,
Эльвира Азимова ханым, Зүлфия Сүлейменова ханым,
Ханымдар мен мырзалар!
Жапония үкіметінің қаржыландыруымен жүзеге асырылатын Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының екі жаңа жобасын іске қосуға арналған осы айрықша іс-шараға қош келдіңіздер.
Ең алдымен Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшісі Жоғары Мәртебелі Ямада мырзаға Жапония үкіметінің біздің бірлескен бастамаларымызға қаржылық қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер.
Біз бұл жобалардың өткен аптада ел басшылығы жариялаған әлеуметтік-экономикалық дамудың ұлттық басымдықтары мен кәсіпкерлікті жүйелі қолдауды көздейтін бағытын қолдай отырып, қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз.
Сонымен бір уақытта жауапты бизнес жүргізудің ең беделді әрі кеңінен қабылданған қағидаттарының жиынтығы болып табылатын БҰҰ-ның адам құқықтары тұрғысынан кәсіпкерлік қызметтің басшылыққа алынатын қағидаттарын енгізуге және ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеуге ерекше назар аударылатын болады.
Бүгінгі таңда 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізу жолында БҰҰДБ жеке меншік секторының қатысуының маңыздылығын баса айта отырып және оған шүбәсіз сене отырып, бүкіл дүние жүзіндегі іскерлік қоғамдастықпен белсенді жұмыс жасап отыр.
Сонымен бірге, 11 жыл бұрын қабылданған БҰҰ-ның адам құқықтары тұрғысынан кәсіпкерлік қызметтің басшылыққа алынатын қағидаттары тұрақты дамудың экологиялық және әлеуметтік құрам бөліктерін кәсіпкерлік қызметке енгізуге мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан соңғы бірнеше жылда көптеген елдерде корпоративтік деңгейде міндетті түрде адам құқықтары мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін заңдардың қабылдануы аса маңызды. Бизнестің адамдар мен ғаламшарға әсерін азайту үшін ұлттық іс-қимыл жоспарлары әзірленіп, жеткізушілер жұмысының жүйесінде тиісті сақтық саясаты енгізіліп жатыр.
Осыған ұқсас жұмыстар гендерлік аспектілерді ілгерілету мен ұлттық жоспарлар мен соған ұқсас стратегияларды әзірлеуде мемлекеттік органдарға қолдау көрсетуді ескере отырып, Қазақстандағы жобалардың шеңберінде де жүргізілетін болады.
Бұл тұрғыда қазақстандық бизнес тек экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар адам құқықтарын сақтаудың жолбасшысы болуға тиіс.
Құрметті қатысушылар,
Күні кеше ғана біздің ғаламшарға жасап отырған әсерімізді азайту қажеттігін тағы да баса атап өтетін адамзат дамуы жөніндегі өзіміздің жетекші баяндамамыз жарық көрді. Бүгінгі климаттық және энергетикалық дағдарыс табиғат, климат пен экономика арасындағы теңгерімді қалпына келтіру қажеттілігін тағы да растайды.
Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі барлық елдерге әсер етіп, даму жолындағы негізгі кедергілердің бірі болып табылады. Атап айтқанда, БҰҰ бағалауы бойынша, соңғы онжылдықта барлық апаттардың 85 процентке жуығы төтенше ауа-райы мен климаттық құбылыстардан туындаған.
Осы тұрғыдан біз ұлттық деңгейде анықталатын салымдардың (ҰДАС) мақсаттарына қол жеткізуде елдерге қолдау көрсетуге бағытталған БҰҰДБ-ның «Уәдеден – іс-қимылға» деп аталатын жаһандық климаттық бағдарламасына қаржылық қолдау көрсеткені үшін Жапония үкіметіне ерекше алғыс білдіреміз.
Біз өзіне Париж келісімі шеңберіндегі міндеттемелер мен 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің өршіл міндетін қабылдаған Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күресте дұрыс жолда екенін атап өтуге қуаныштымыз.
Алайда, климаттық өзгерістердің жылдамдығын ескерсек, климат өзгеруінің салдарларына қазірден бастап бейімделу маңызды екені айдан анық болады.
БҰҰДБ су және азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық активтерді төтенше климаттық құбылыстар мен дүлей апаттардан қорғау, сондай-ақ табиғи капиталды қорғау мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, Қазақстанның ҰДАС-ына бейімделу басымдықтарын енгізуге бағытталған ұлттық күш-жігерін қолдайтынын мақтан тұтады. Бізде бейімделу мақсаттарына жетудің нақты жол картасы бар.
Алдағы уақытта біздің жаңа бірлескен жобамыз осы мақсаттарды қалай жүзеге асыру керектігін іс жүзінде көрсететініне қуаныштымыз.
Құрметті әріптестер,
Қорытындылай келе, ортақ даму мақсаттарына қол жеткізу үшін әріптестіктің маңыздылығын тағы да атап өткім келеді. Мемлекеттің, бизнестің, азаматтық сектордың, қоғамның және халықаралық ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана біз 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің «ешкімді де назардан тыс қалдырмау» туралы негізгі қағидатын ұстана отырып, тұрақты дамуды қамтамасыз ете аламыз.
БҰҰДБ Қазақстан үкіметімен ұзақ мерзімді ынтымақтастығын жоғары бағалайды және Жапония үкіметі жомарттықпен қолдаған жоспарланып отырған бастамалардың табысты жүзеге асатынына зор үміт артады.
Назарларыңызға рахмет.
***
Қорытынды сөз (панельдік талқылаудан кейін)
Құрметті қатысушылар, ханымдар мен мырзалар,
Бүгінгі кездесуге қатысқандарыңыз үшін барлықтарыңызға тағы да алғыс айта отырып, Жапония Елшілігіне және Жоғары Мәртебелі Ямада мырзаға екі жаңа жобаның іске қосылуына қолдау көрсеткені үшін ерекше алғысымды білдіруге рұқсат етіңіз.
Бүгінгі іс-шара, өзгелердің арасында, адам құқықтары мен климаттың өзгеруі саласындағы күн тәртібінің маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыруға жәрдемдесу арқылы жаңа әріптестік қатынастар құру, оқыту мен білім алмасу үшін бастапқы нүкте болады деген үміттеміз.
Назарларыңызға рахмет.