Аграрлық секторға «жасыл» инвестициялар тарту

2022 ж. 13 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰ даму бағдарламасы (БҰҰДБ) ҚР Энергетика министрлігімен серіктестікте және Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен ҚР аграрлық секторында «жасыл» технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріне зерттеу жүргізді. Жүргізілген зерттеулер ауылшаруашылық қалдықтарынан алынатын жаңартылатын жылу энергиясының әлеуеті жоғары екенін растайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші ірі елдердің бірі, және соның салдарынан ауыл шаруашылығы қалдықтары да үлкен көлемде қалып отырады. Қалдықтардың көп бөлігі, мысалы, дақылдардың сабаны секілді, топырақты байыту және тыңайту үшін, сондай-ақ мал азығы ретінде қолданылады. Алайда, қалдықтардың едәуір бөлігі пайдаланылмай қалады. Бұл жағдайда қалдықтар биомасса түрінде жылу энергиясын өндіруге жарамды. Соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда биомассада жұмыс істейтін қазандықтар пайдалануға берілді. 

Дәнді және майлы дақылдар сабанының ең көп қалдықтары еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде: Ақмола және Қостанай облыстарында түзіледі. Мұнда егіс алаңы 4500 гектардан асады және қалдықтар да тиісінше 880 және 740 мың тоннадан асады. Солтүстік Қазақстанда шамамен 3800 га жер егіледі, бұл ретте 800 мың тонна қалдық қалады. 
Еліміздің 3 негізгі астық егетін өңірі бойынша ауыл шаруашылығы қалдықтарының жалпы қолжетімді мөлшері-2,5 млн тонна сабанды құрайды, бұл 2 млн тонна көмірге тең. 
Анықтама үшін: 2020 жылы Халық тұтынатын көмірдің жалпы көлемі 8,9 млн тоннаны құрады

Жүргізілген зерттеу аясында сарапшылар мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы энергияны тұтынуды, сондай-ақ ауыл шаруашылығында ЖЭК технологияларын қолдану әлеуетін бағалады. Сонымен қатар, көмір, дизель, сұйытылған газ және табиғи газ сияқты дәстүрлі отынды биомассаға ауыстырудың экономикалық тиімділігіне талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері «жасыл» технологияларды қолдану экологияға оң ықпал бере отырып, пайдалану шығындарын азайтып, кәсіпорынның энергетикалық қауіпсіздігін арттыратының көрсетті.

«Агроөнеркәсіптік кешенде ЖЭК пайдалану тиімді, өйткені тұтынылатын энергияның едәуір бөлігін «жасыл» технологиялар есебінен толықтыруға болады. Осылайша, жаңартылатын энергия өндірісі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының кірістерін әртараптандыруға көмектесе алады, өйткені ЖЭК пайдалану кезінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендету, өндірілетін жылу және электр энергиясының артық мөлшерін және биоотынның әртүрлі түрлерін сату есебінен қосымша табыс алу мүмкіндігі пайда болады», -
дейді ҚР Энергетика министрлігі ЖЭК жөніндегі департаментінің директоры Абай Құланбай

Аграрлық секторда ЖЭК-ті пайдалануды тежейтін кедергілердің ішінде сарапшылар ЖЭК-ке негізделген жаңа технологиялардың әрекет ету принциптерін түсінбеуді, қаржыландыруға қол жеткізудің қиындығын және оның жоғары құнын, заңнамалық реттеудің жетілмеген тетіктерін атайды. Алайда, Қазақстанда энергия үнемдеуді жүргізу жолындағы басты кедергілердің бірі энергия тиімділігі саласындағы іс-шараларды өткізуге қаражаттың жетіспеушілігі болып табылады. Тұтынушыларда энергияны үнемдейтін іс-шараларды жүргізуге, ал үкіметте әртүрлі бағдарламаларды қаржыландыруға қаражат жеткіліксіз. 

Кәсіпкерлерді қолдау үшін БҰҰДБ және ЖЭҚ Энергетика министрлігімен және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен серіктестікте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен пилотталған энергия тиімділігі және жаңартылатын энергетика жөніндегі жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. 

Осылайша, кәсіпкерлер негізгі қарыз бойынша 25% және 40% субсидия ала алады. Бұл ретте субсидияланатын сома 450 млн. теңгеден аспауға тиіс. Ал кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкерлер 3 жыл мерзімге несие сомасының 85% - на дейін кепілдік беру құралын пайдалана алады. Несие сомасы бір жобаға 350 млн. теңгеден аспайтынын атап өту маңызды.

 

Қаржылық қолдау бағдарламаларын шаруа/фермер қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (мемлекеттік кәсіпорындар мен коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда) пайдалана алады.
 
Есепті мына жерден жүктей аласыз.

2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарлама аясында БҰҰДБ климаттың өзгеруіне қарсы күрес, энергия тиімділігін арттыру және энергияның таза түрлерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, күш-жігер жасыл және әлеуметтік әділ қаржыландыру арқылы экологиялық таза технологиялар, энергия үнемдеу және төмен көміртекті бизнесті дамыту үшін қаржыландыру тетіктерін кеңейтуге бағытталған. Төмен көміртекті бизнестің дамуына «жасыл» облигациялар, жаңартылатын энергия аукциондары және көміртегі квоталарымен сауда жасау, сондай-ақ басқа да инновациялық механизмдер ықпал етеді.