БҰҰДБ мен Экология министрлігі Алматы облысының Саты шатқалында жаңартылған экологиялық маршрутты ашты

2022 ж. 28 November
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева

2022 ж. 25 қараша, Алматы – Қазақстандағы БҰҰДБ қолдауымен Алматы облысындағы Саты шатқалында «Табиғатқа құлақ сал» атты жаңартылған экологиялық маршруттың ашылуы өтті. Жаңартылған маршруттың атауы – соқпақтың негізгі ой өзегі – табиғатты түсіну және онымен бірігу, адамдар мен ғаламшардың болашағы үшін оны ұқыпты сақтап, құрметтеу.

Қорғалатын табиғи аумақтар, атап айтқанда ұлттық парктер экологиялық туризмді дамытуда ерекше рөл атқарады. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылы қорғалатын аумақтарға шамамен 1,5 млн адам саяхаттаған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 40% жоғары, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн адамды құрады.

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінде жаңартылған экологиялық маршрутты іске қосу келушілердің ағымдағы ағынын бөлу арқылы Көлсай және Қайыңды көлдеріне түсетін шамадан тыс рекреациялық жүктемені азайтады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева
«Бір жағынан, қазір туристік сектор үшін оң үрдіс байқалып отыр, ал екінші жағынан табиғи ортаға және биоалуантүрлілікке антропогендік әсер күшейіп келеді, бұл өсіп келе жатқан жүктемені азайту шараларын әзірлеу үшін көбірек назар аударуды талап етеді. Бұл тұрғыда Министрлік ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Экотуризм бойынша 2993–2017 ұлттық стандарты жаңартылды. Сонымен қатар, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге экологиялық құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың жауапкершілігін күшейту, атап айтқанда тұрмыстық қатты қалдықтармен ластау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін бұзу үшін айыппұл санкцияларын арттыруға бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде», –
деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Лазаревна Шалабекова.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева

«Табиғатқа құлақ сал» маршрутының негізгі идеясы – жайластыру мен табиғи ландшафтқа араласудың минималды элементтері бар «танымдық» деп аталатын және табиғатпен неғұрлым экологиялық жақындасуды көздейтін экотуризмнің жаңа түріне жағдай жасау.

Жайластыру жұмыстарының ішінде: кіру тобы мен ақпараттық белгілерді, тамашалау алаңы мен демалыс орындарын, ерекше қорғалатын аумақтардың биоалуантүрлілігі туралы негізгі ақпаратты қамтитын тақырыптық аншлагтарды (стенділерді) орнату. Пилоттық маршруттарды жайластыру бойынша ұқсас жұмыстар Қатонқарағай мен Сайрам-Өгем ұлттық табиғи парктерінде жүргізілген.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева

БҰҰДБ мен Экология министрлігінің бірлескен бастамалары шеңберінде Жаһандық Экологиялық Қордың (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен «Көлсай көлдері» басқару жоспары мен Экологиялық туризмді дамыту стратегиясы әзірленді. Бұл жұмыстың нәтижесінде ұлттық паркте экотуризмді дамыту пайымы, басым бағыттары, міндеттері мен бюджетін құру үрдісі айқындалды. Жаңа «Табиғатқа құлақ сал» экологиялық маршрутын жайластыру әзірленген Стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралардың бірі болып табылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева
«БҰҰ Даму бағдарламасы көптеген жылдар бойы Қазақстанда биоалуантүрлілікті сақтау мен өңірлерді орнықты дамыту шараларының бірі ретіндегі экотуризмді дамытуда Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. 2004 жылдан бастап БҰҰДБ ЖЭҚ-ң қаржылық қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан Үкіметімен байланысты гранттар шеңберінде биоалуантүрлілікті сақтау саласында 10 ауқымды бастаманы іске асырды. Жаһандық маңызы бар Қазақстан экожүйелерін сақтау жөніндегі іс-шараларға қосылған үлес 29 млн АҚШ долларынан астам соманы құрады», –
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің м.а. Сухроб Ходжиматов.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева

Экотуризмді дамыту саласында БҰҰДБ рекреациялық жүктемелер нормаларын есептеу мәселелерін қамтитын әдістемелік ұсынымдарды әзірледі. Туристік маршруттарды жайластыруға, туристік инфрақұрылымды құру мен өзге де жұмысқа қолдау көрсетіліп, жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізіледі. Мәселен, «Көлсай көлдері» МҰТП маңында орналасқан ауылдық елді мекендер «Эко-Даму» несиелендіру бағдарламасына енгізілген. Несиелеудің басым бағыттарына экотуризмді, орман, балық, аңшылық және жайылымдық шаруашылықты, үй құс шаруашылығын, қоян шаруашылығын, омарташылықты тұрақты дамыту жатады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева

БҰҰДБ қолдауымен сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылып, бұрыннан бар үш ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ауданы кеңейтілгенін атап өткен жөн. «Ақжайық», «Алтын Дала», «Іле-Балқаш» табиғи резерваттары мен «Бұйратау», «Жоңғар Алатау» және «Тарбағатай» ұлттық парктері пайда болды. Қазақстанда алғаш рет 2,9 млн га аумақта «Қапшағай-Балқаш» және «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәліздері құрылды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнур Халиоллаева

***

«Көлсай көлдері» МҰТП туралы анықтамалық ақпарат:

Құрылған уақыты: 2007 жыл.

Ауданы: 161 045 га. Алматы облысының Кеген және Талғар аудандарының аумағында орналасқан.

Биоалуантүрлілігі: жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктердің 700 түрі; құстардың 197 түрі; сүтқоректілердің 29 түрі; бауырымен жорғалаушылардың 5 түрі; қосмекенділердің 2 түрі және балықтардың 4 түрі. Ұлттық парктің көлдері оның мақтанышы және ең тартымды табиғи нысандары болып табылады. Ең ірі көлдер: Қайыңды және Көлсай шатқалдарында орналасқан Қайыңды көлі, Төменгі, Орта және Жоғарғы Көлсай көлі. Парктің штаты – 126 адам.

Директоры: Қалматаев Ержан Орынбайұлы