Климаттық терминологиялық сөздік: Климаттың өзгеруіне қатысты мәселелер бойынша күнделікті анықтамалық

2023 ж. 13 July

Климаттың өзгеруі – біздің заманымыздың шешуші мәселесі. Күн сайын осы құбылыспен күреске кірісетін адамдар саны барған сайын артып жатыр.

Осы саладағы ардагерлер көптеген терминдермен және ұғымдармен әлдеқашан таныс, бірақ осы салаға жаңадан келген болсаңыз, бәрін бірден түсіну қиын болуы мүмкін.

Дәл осы себепті біз климаттың өзгеруіне қатысты осы терминдер мен ұғымдар анықтамалығын дайындадық. Егер сізге осы мәселе жайлы пікірталастарға қатысу қиын болса, онда біздің «Климаттық терминологиялық сөздігіміз» сізге арналған.

Біз оны оқып шығуды, бетбелгіге қосып, өз жұмысыңызда қолдануды ұсынамыз.

Барлық мүдделі тұлғалардың күшін біріктіріп, климат өзгерісіне қарсы күреске бағыттауға көмектесу үшін сөздікті үнемі жаңа терминдермен толықтырып тұруға уәде береміз. Климат сөздігінің ағылшын тіліндегі бастапқы нұсқасы мұнда жарияланған.

Ауа райы белгілі бір уақыттағы және белгілі бір жердегі атмосфералық жағдайды білдіреді, мысалы: температура, ылғалдылық, жауын-шашын, бұлттылық, жел, көріну. Ауа райы жағдайлары өздігінен пайда болмайды, олар толқындық әсерге ие. Бір аймақтағы ауа райы міндетті түрде жүздеген немесе мыңдаған шақырымдағы ауа райына әсер етеді.

Климат – нақты бір аймақтағы ұзақ уақыт ішіндегі, әдетте 30 немесе одан да көп жыл ішіндегі ауа райы жағдайының орташа мәні. Климат климаттық жүйенің жалпы жағдайын көрсетеді.

Өнеркәсіптік дәуірдегі, әсіресе өткен жүзжылдықтағы адамның іс-әрекеті атмосфераға зиянды парниктік газдар шығарылуы салдарынан ғаламшарымыздың климатын айтарлықтай өзгертіп жатыр.

Парниктік газдар – планетамыздың атмосферасында күннің жылуын қармап, оны жылы күйде ұстап тұртын газдар. Индустриалды дәуірдің басынан бері адамның іс-әрекеті жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруіне әкелетін парниктік газдардың қауіпті деңгейде шығарылуына әкеп соқты.

Адамның іс-әрекеті нәтижесінде бөлінетін негізгі парниктік газдар қатарына көмірқышқыл газы, метан және азот оксиді, сонымен қатар тоңазыту және мұздату үшін қолданылатын құрамында фтор бар газдар жатады. Көмірқышқыл газы адамның іс-әрекетінен, әсіресе қазба отындарын жағудан, ормандарды кесуден және жер пайдалану әдістерін өзгертуден туындайтын негізгі парниктік газ болып табылады. Біздің қазба отынға тәуелділігіміз соңғы 200 жылда атмосферадағы көмірқышқыл газының 50 пайызға артуына әкелді. Метан — жаһандық жылынудың 25 пайызына жауапты тағы бір маңызды парниктік газ. Метан көмірді, газды және мұнайды өндіру және тасымалдау кезінде, сондай-ақ қоқыс үйінділерінде, ауыл шаруашылығын жүргізу нәтижесінде бөлінеді.

Климаттың апат тудыратын өзгерістерінің алдын алу үшін әлем елдерінің үкіметтері парниктік газдардың шығарындылары көлемін айтарлықтай қысқарту үшін және жаһандық жылынуды 1,5°С құрайтын қауіпті көрсеткіштен төмен ұстау үшін бірлесіп әрекет етуі керек.

Жаһандық жылыну – атмосферада парниктік газдар концентрациясының артуы нәтижесінде Жер бетіндегі орташа температураның көтерілуі. Әлгі газдар күн сәулесін көбірек сіңіреді және көбірек жылу ұстап тұрады, осылайша ғаламшар бетін қыздырады. Қазба отынды жағу, ормандарды отау және мал шаруашылығы сияқты адамның іс-әрекеттері парниктік газдар шығарылуына және жаһандық жылынуға ықпал етеді.

Климаттың өзгеруі атмосфераның, мұхиттың және құрлықтың қызуына әкелетін Жер климатының ұзақ мерзімді өзгерістерін білдіреді. Климаттың өзгеруі тіршілік пен биоалуандылықты сақтап тұратын экожүйелердің тепе-теңдігіне және адамның денсаулығына әсер етеді. Ол сондай-ақ күшті және/немесе жиі дауыл тұру, су тасқыны, аптап ыстық және құрғақшылық сияқты алапат ауа райы құбылыстарының туындауына себепші болады, сонымен қатар мұхиттардың жылынуы, мұздықтардың еруі және мұз қалқандардың жойылуы салдарынан теңіз деңгейінің көтерілуіне және жағалау эрозиясына әкеледі.

Климаттық дағдарыс ғаламшардағы климаттың өзгеруінен, соның ішінде төтенше ауа райы құбылыстары мен қауіп-қатерлер, мұхиттардың қышқылдануы және теңіз деңгейінің көтерілуі, биоалуандылықтың жоғалуы, азық-түлік пен су қауіпсіздігінің жоқтығы, денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлер, ауыр экономикалық оқиғалар, халықтың қоныс аударуы, тіпті зорлық-зомбылықшыл қақтығыстар сияқты жайттардан туындаған немесе туындауы мүмкін күрделі мәселелерді білдіреді.

1800-ші жылдардан бастап адамның іс-әрекеті Жердегі орташа температураны шамамен 1,2 ° C-қа көтерілуіне себепші болды – бұл ретте жылынудың үштен екісінен астамы 1975 жылдан бері басталған. Бұл қазірдің өзінде әлемнің көптеген жерлерінде адамзат пен табиғи экожүйелерге айтарлықтай зиян келтіріп жатыр. 3 миллиардтан астам адам климаттық дағдарысқа аса ұрымтал жерлерде тұрады, ал табысы төмен елдер шектен тыс зардап шегіп жатыр.

Ғалымдар температураның 1,5 °C-тан жоғары көтерілуі көптеген өзгерістердің бетін қайтару мүмкін болмайтын бірқатар қауіпті бетбұрысты оқиғаларға әкеледі және адамзат өркениетіне елеулі қатер төндіреді деп санайды. Сондықтан үкіметтер парниктік газдар шығарындыларын түбегейлі қысқарту және алдағы онжылдықтарда таза нөлдік шығарындылар деңгейіне жетуге бағыт алу, климаттық өзгерістердің қашып құтылмас салдарына бейімделуге инвестиция салу, сонымен қатар планета тәуелді табиғи экожүйелер мен биомдарды қорғау және қалпына келтіру үшін дәл қазір әрекет етуі тиіс.

Климаттық кері байланыс айналымдары климаттағы бір өзгеріс уақыт өте келе тек күшейе түсетін тізбекті реакция сияқты әрі қарайғы өзгерістерді тудырған кезде пайда болады. Сайып келгенде, кері байланыс айналымдары ғаламшарымыздың климаттық жүйелеріндегі өзгерістер ауыр және қайтымсыз болып кеткен кезде бетбұрысты оқиғаларға әкеледі.

Қазіргі уақытта ғалымдарға жаһандық жылынуға әкелетін кейбір маңызды кері байланыс айналымдары мәлім. Мысалы, Арктикада теңіз мұзы еріген сайын мұхиттың қараңғы бөлігіндегі сулар күннен күнге көбірек жылу сіңіріп, жылыну барысын тездетеді және мұз еруін күшейтеді. Дәл сол сияқты орман өрттері нәтижесінде парниктік газдар бөлінеді, соның салдарынан жылыну үдеп, орман өрттері көбейеді. Өзге кері байланыс айналымдарына келесілер жатады: мәңгілік тоңның еруі, ормандардың жойылуы және жәндіктердің жаппай көбеюі.

логотипі

Бетбұрысты оқиға – тіпті болашақ шаралар орташа жаһандық температураны төмендетуде тиімді болса да, климаттың өзгеруінен туындаған белгілі бір өзгерістер қайтымсыз сипатқа ие болғаннан кейінгі ақтық оқиға. Аталмыш өзгерістер адамзаттың және ғаламшарымыздың болашағы үшін салдары ауыр болуы мүмкін оқыс және қауіпті өзгерістер тудыруы ықтимал.
Ғалымдар ормандар мен маржан кедертастарының жойылуы, мәңгі тоң мен мұздықтардың еруі, сондай-ақ мұхиттың терең қабаттарының жылынуы мен қышқылдануы сияқты ең түйіткілді мәселелерді анықтады, бірақ қосымша зерттеулер қажет.

Жер беті барған сайын жылынып бара жатқандықтан, бірнеше бетбұрысты оқиға орын алуы ықтимал. Соның бірі – Гренландия мен Батыс Антарктиканың мұз қалқандарының опырылуы, соның нәтижесінде теңіз деңгейі айтарлықтай көтеріліп, жағалаудағы халық пен экожүйелерге қауіп төндіреді. Тағы бір мысал – тундра аймақтарындағы мәңгі тоңдардың еруі, оның нәтижесінде тұрып қалған парниктік газдар орасан зор мөлшерде босап шығып, жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруін одан әрі жылдамдата түседі. Маржандардың жаппай түссізденуі және тропикалық ормандардың жойылуы биоалуандылық үшін де, бүкіл адамзат үшін ғаламат салдары бар тағы екі маңызды бетбұрысты оқиға болып табылады.

Париж келісіміне сәйкес елдер жаһандық жылынуды 1,5 °С деңгейінде шектеу үшін қажетті шаралар қолдануы тиіс. Алайда, тіпті жағдай ең жақсы сценарий бойынша өрбісе де, осы мақсатты көрсеткіштен уақытша болса да асып кету ықтималдығы жоғары. Климат жылынуының шекті мәнінен асу 1,5 °C деп белгіленген климат жылынуының шекті мәнінен асып, кейін қайтадан төмендейтін кезеңді білдіреді. Мұндай кезең шамамен осы ғасырдың ортасына таман орын алуы ықтимал.

Аталған кезең неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым қауіпті бола түседі. Жаһандық температураның ұзақ уақыт бойы көтерілуі табиғи экожүйелерге, биоалуандылыққа және адамдар қоғамдастығына, әсіресе қуаң жерлерде, жағалау аймақтарында және басқа да ұрымтал аймақтарда жойқын әрі қайтымсыз әсер тудырады. Осы онжылдықта шығарындыларды айтарлықтай азайту аталмыш кезеңнің ұзақтығын қысқартуда және оның теріс салдарының әсерін шектеуде аса маңызды рөл атқарады.

Салдарды жеңілдету – парниктік газдардың шығарындыларын азайту немесе болдырмау үшін немесе сол газдарды атмосферадан кетіретін көміртек сіңіргіштерді жетілдіру үшін үкіметтер, кәсіпорындар және адамдар жасайтын кез келген іс-әрекет.

Парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе алдын алуға жел және күн энергиясы сияқты жаңғырмалы энергия көздеріне көшу, энергияны тиімдірек пайдалану, төмен көміртекті немесе көміртексіз көлік құралдарын енгізу, тұрақты ауыл шаруашылығы мен жерді пайдалануға септесу, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну модельдерін, тамақтану рационын өзгерту арқылы қол жеткізуге болады. Көміртек сіңіргіштерді ормандарды, сулы-батпақты және батпақтанған жерлерді қалпына келтіру, топырақтың саулығын сақтау, құрлықтағы және теңіздегі экожүйелерді қорғау арқылы жетілдіруге болады.

Салдарды жеңілдету шараларының сәтті болуы үшін елдердің заңнама, саясат және инвестиция арқылы қолайлы жағдай жасауы маңызды.

Мұны білесіз бе: Париж келісімінің басты мақсаты болып табылатын жаһандық жылынуды 1,5°C-қа дейін шектеу үшін әлем 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 45 пайызға қысқарту және осы ғасырдың ортасына қарай парниктік газдар шығарындыларын нөлге жеткізу үшін климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету шараларын қолдануы керек. 

Бейімделу – төтенше ауа райы құбылыстары мен қауіп-қатерлер, теңіз деңгейінің көтерілуі, биоалуандылықтың жоғалуы немесе азық-түлік пен су қауіпсіздігінің жоқтығы сияқты климат өзгерістерінің ағымдағы немесе күтілетін салдарына ұрымталдықты азайтуға көмектесетін іс-әрекеттер.

Парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай және жылдам қысқартуға қол жеткізетін өте жағымды сценарийдің өзінде жүйеде тұралап қалған энергияның салдарынан климаттың өзгеруі ондаған жыл бойы біздің әлемге әсер етуін жалғастыра береді. Соның салдарын шектеу және адамдар мен табиғатты қорғау үшін кеңінен бейімделу қажет деген сөз.

Көптеген бейімдеу шаралары жергілікті деңгейде жүргізілуі керек, сондықтан ауылдар мен қалалар үлкен рөл атқарады. Мұндай шараларға құрғақшылыққа төзімдірек ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін отырғызу, регенеративті ауыл шаруашылығымен айналысу, суды сақтау мен пайдалануды жақсарту, орман өрттерінің қаупін азайту үшін жер ресурстарын басқару, су тасқыны және ауа температурасының шектен тыс жоғарылауы сияқты төтенше ауа райы жағдайларынан күштірек қорғану кіреді.

Алайда бейімделу ұлттық және халықаралық деңгейде де жүргізілуі керек. Бейімделуді басқару үшін қажетті саясатты әзірлеумен қатар үкіметтер теңіз деңгейінің көтерілуінен зардап шеккен жағалаудағы аудандардағы инфрақұрылымды нығайту немесе көшіру, төтенше ауа райы жағдайларына төтеп бере алатын инфрақұрылым салу, ерте хабарлау жүйелерін жетілдіру, апаттар туралы ақпаратқа қол жеткізу, климатпен байланысты қауіптерден сақтандыру механизмдерін әзірлеу, жабайы табиғат пен табиғи экожүйелерді қорғаудың жаңа құралдарын жасау сияқты ауқымды шараларды қарастыруы керек.

Климат өзгеруінің салдарына төзімділік (немесе Климаттық төзімділік) – қоғамдастықтың немесе ортаның қауіпті климат құбылыстарын алдын ала болжау және оларды басқару, сонымен қатар олардың залалын барынша азайтып, бастапқы соққыдан кейін қалпына келу және қажетінше түрлену қабілеті.

Қоғамдық әл-ауқатты, экономикалық белсенділікті және қоршаған ортаны барынша тиімді қорғау үшін адамдар, қауымдастықтар және үкіметтер климат өзгеруінің қашып құтылмас салдарына қарсы тұруға дайын болуы керек. Бұған адамдарды жаңа дағдыларды меңгеруге үйрету және үй шаруашылықтарының кіріс көздерін әртараптандыру, апаттарға қарсы әрекет ету және қалпына келтіру әлеуетін арттыру, климат туралы ақпарат беру және ерте хабарлау жүйелерін жақсарту, сонымен қатар ұзақ мерзімді жоспарлаумен жұмыс істеу арқылы қол жеткізуге болады.

Сайып келгенде, шын мәнінде климат өзгеруіне төзімді қоғам — көміртек шығарындылары аз қоғам, өйткені парниктік газдар шығарындыларын күрт азайту болашақта климатқа қатысты ауыр салдарды шектеудің үздік жолы болып табылады. Бұл — сонымен қатар теңдік пен климаттық әділеттілікке негізделген қоғам, ол климат әсеріне ең жиі ұшырайтын немесе оған төтеп беруге әл-дәрмені аз адамдар мен қауымдастықтарды қолдауға басымдық береді.

Көміртекті із – белгілі бір адам, ұйым, өнім немесе қызмет түрі атмосфераға шығаратын парниктік газдар көлемінің көрсеткіші. Үлкенірек көміртекті із көмірқышқыл газы мен метан шығарындылары көбірек, демек, климаттық дағдарысқа қосатын үлес те көбірек дегенді білдіреді.

Адамның немесе ұйымның көміртекті ізін өлшеу энергия өндіру, жылыту, сондай-ақ жердегі және әуе көлігінің жұмысы үшін қазба отынды жағу нәтижесінде пайда болатын тікелей шығарындылардың, сондай-ақ барлық азық-түлік өнімдерін, өндіруге және кәдеге жаратуға қатысты өнеркәсіптік өнімдер мен қызметтерді өндіру мен кәдеге жарату нәтижесінде пайда болатын жанама шығарындылардың көлемін анықтауды білдіреді.

Жел және күн сияқты аз көміртекті энергия көздеріне ауысу, энергиялық тиімділікті арттыру, салалық саясат пен стандарттарды жетілдіру, сауда жасау және саяхаттау әдеттерін өзгерту, сонымен қатар ет тұтынуды және тамақ қалдықтарын азайту арқылы көміртекті ізді азайтуға болады.

Климаттық әділеттілік климат өзгеруі саласындағы шешімдер мен іс-әрекеттер әділеттілік пен адам құқықтарын құрметтеуге негізделуі керек екенін білдіреді.

Климаттық әділеттіліктің бір тұсы климаттық дағдарысқа қатысты түрлі елдерге тарихи тұрғыдан тең емес жауапкершілік жүктелгеніне қатысты. Бұл концепция парниктік газдардың ең көп мөлшерде шығарылуына әкеп соқтырған кәсіппен айналысқаннан байыған елдер, салалар мен кәсіпорындар климат өзгеруінің салдарынан зардап шегетіндерге, әсіресе ең ұрымтал елдермен қауымдастықтарда тұратын және климаттық дағдарысқа ең аз үлес қосатындарға климат өзгеруінің салдарын жеңілдетуге көмектесуге міндетті деп топшылайды.

Тіпті бір елдің ішінде нәсілдік, этникалық, гендерлік және әлеуметтік-экономикалық жағдай негізінде туындаған құрылымдық теңсіздікке байланысты климат өзгерісімен күресте жауапкершілік әділ үлестірілуі қажет. Бұл ретте ең үлкен жауапкершілік климаттық дағдарыс туындауына ең көп үлес қосқан және содан барынша көп пайда көргендерге жүктелуі тиіс.

Климаттық әділеттіліктің тағы бір тұсы – ұрпақаралық. Бүгінгі күні балалар мен жастар климаттық дағдарысқа айтарлықтай үлес қосқан жоқ, бірақ олар өмір бойы климат өзгерісінің әсерін сезінуге мәжбүр болады. Олардың адам құқықтарына алдыңғы буын қабылдаған шешімдер қауіп төндіретіндіктен, олар барлық шешім қабылдау процестерінде және климат өзгеруімен күресушараларын жүзеге асыруда басты рөл атқаруы тиіс.

Табиғи факторларға негізделген шешімдер — климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту шараларын қолдау, биоалуандылықты сақтау және тұрақты күнкөріс көздерін қамтамасыз ету үшін экожүйелерді қорғау, сақтау, қалпына келтіру, орнықты пайдалану және басқару шаралары. Мұндай шараларда экожүйелер мен биоалуандылық басты назарда болады, олар жергілікті қоғамдастықтардың және табиғатты қорғау саласында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан білімге ие байырғы халықтардың толыққанды қатысуымен және келісімімен әзірленіп, жүзеге асырылады.

Табиғи факторларға негізделген шешімдер құрлық, тұщы су, жағалау және теңіз экожүйелерінде әртүрлі тәсілдермен қолданылады. Су-батпақты жерлерді қалпына келтіру халықты су тасқындарынан қорғайды, ал мангр ормандарын сақтау азық-түлік көздерін сақтайды және дауылдардың әсерін азайтады. Ормандар көмірқышқыл газын сіңіреді, биоалуандылықтың көркеюіне септеседі, су қауіпсіздігін жақсартады және көшкіндермен күреседі, ал қалалық саябақтар мен бақтар қалаларды салқындатуға және аптап ыстық толқындарының әсерін шектеуге көмектеседі. Регенеративті ауыл шаруашылығы топырақ ұстап қалатын көміртегі көлемін арттырады, оның саулығы мен өнімділігін қалпына келтіреді.

Табиғи факторларға негізделген шешімдер адамдар мен табиғат үшін ұтылмайтын шешім ретінде қарастырылады, өйткені олар бірден бірнеше мәселені шешеді. Мұндай шешімдер планетаны қорғай отырып және климаттың өзгеруімен күресе отырып, жаңа жұмыс орындарын құра алады, күнкөріс көздерінің жаңа және орнықтырақ мүмкіндіктерімен қамтамасыз ете алады және кірісті арттыра алады.

Байырғы халықтардың өмір салты негізінен аз көміртекті болып табылады. Ол адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтауды да көздейді. Олардың дәстүрлі тәжірибелері қоршаған ортаға болмашы ғана әсер тигізеді, өзін-өзі қамтамасыз ететін экожүйелердің қалыптасуына ықпал ете отырып, оған барынша ұқыпты қарайды. 

Байырғы халықтар климаттың өзгеруін бірінші болып байқаған. Олардың білімі мен тәжірибесі осы құбылыстың салдарына бейімделуге көмектесе алады. Ұрпақтан ұрпаққа берілетін және қоғамдастықтардың ерекшеліктерін ескеретін байырғы халықтардың білімі климат өзгерістерінің салдарын жеңілдетуге, оларға бейімделуге және төзімділікті арттыруға ықпал ете алатын климатқа қатысты маңызды шешімдердің таптырмас көзі болып табылады. Олар сондай-ақ ғылыми деректерді климат өзгерісінің сценарийлерін бағалау үшін өте маңызды болуы мүмкін ландшафт туралы нақты ақпаратпен толықтыра алады.

Байырғы халықтар бүкіл әлемде қалған биоалуандылықтың шамамен 80 пайызын қорғап отыр, бірақ олар бұрынғыша климат өзгерісіне қатысты көптеген жаһандық шешімдер қабылдау процестерінен қатыстырылмай отыр. Олардың ұжымдық білімін, құнды идеяларын, ата-бабасынан қалған жерге, аумақтар мен ресурстарға құқықтарын, сондай-ақ өмір салтын мойындап, климат өзгерісіне қарсы күрес жөніндегі саясатқа және шараларға енгізілуі тиіс.

Климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық келіссөздерде «шығын мен залал» ұғымының нақты анықтамасы жоқ. Дегенмен, бұл термин салдарын жеңілдетуге және оларға бейімделуге қарамастан немесе осындай шаралардың жоқтығынан орын алатын климат өзгерістерінің ешкім қашып құтылмас салдарын білдіре алады. Бейімделудің шегі бар екенін атап өткен жөн: бетбұрыс оқиғасының шекті мәндеріне жеткен кезде климат өзгерісінің салдарынан қашып құтылу мүмкін болмай қалуы ықтимал.

«Шығын мен залал» термині экономикалық және экономикалық емес шығындарға қатысты болуы мүмкін. Экономикалық шығын мен залалға циклондар немесе су тасқыны салдарынан бірнеше рет қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды немесе теңіз деңгейінің көтерілуіне және жағалау эрозиясына байланысты жағалаудағы жерлерден (және мұндай жерлерде орналасқан үйлер мен кәсіпорындардан) айырылуды жатқызуға болады.

Экономикалық емес шығын мен залалға ақшалай баламада бағалау қиынға соғатын жағымсыз салдар жатады, мысалы: климат өзгерісімен байланысты табиғат апаты нәтижесінде алған жарақаттар, адамдардың өлімі, қоғамдастықтардың қоныс аударуы, тарих пен мәдениеттен айырылу немесе биоалуандылықты жоғалту.

Климаттың өзгеруі азық-түлік, су және тіршілік құралдарының жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді ушықтырып, халықтың қоныс аударуы мен көшіп-қонуы, сондай-ақ табиғи ресурстар үшін бәсекелестіктің күшеюі сияқты салдарға әкеліп, елде немесе аймақта шиеленіс пен тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Оның үстіне климат өзгерісінің салдары қазірдің өзінде жүріп жатқан қақтығыстарды ушықтыруы немесе ұзартуы, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын жүзеге асыруды, сонымен қатар бейбітшілік орнатуды және сақтауды қиындатуы мүмкін.

Климаттық қауіпсіздік бейбітшілікке және тұрақтылыққа төнетін климаттық дағдарысқа байланысты туындауы мүмкін қауіптерді бағалауды, басқаруды және азайтуды білдіреді. Бұл климат өзгерісінің салдарын жеңілдету және оларға бейімделу тек зиян келтіруге жол бермеуді ғана емес, сонымен бірге бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуды көздейді. Бұл сондай-ақ бейбітшілікті орнату және қақтығыстардың алдын алу шаралары климат өзгерісінің салдарын ескеретінін білдіреді. Климат өзгерісінің салдарын жеңілдету және оларға бейімделу шараларын жүзеге асыруға арналған техникалық шешімдер әсіресе қақтығыстар мен тұрақсыздықты бастан кешіріп жатқан елдерде бейбітшілік орнату және әлеуметтік құрылымды қалпына келтіру мүмкіндіктері ретінде қолғабыс етуі мүмкін.

Климаттық қаржыландыру – климаттың өзгеруімен күрес шараларына қолда көрсету үшін пайдаланылатын қаржылық ресурстар мен құралдар. Климаттық қаржыландыру климат өзгерісі мәселесін шешу үшін айрықша маңызды, өйткені, аз көміртекті жаһандық экономикаға көшу және қоғамдастықтардың климат өзгерісінің салдарына төзімділігі мен бейімділігін арттыру үшін ауқымды инвестиция қажет.

Климаттық қаржыландыру әртүрлі көздерден бөлінуі мүмкін: мемлекеттік немесе жеке меншік, ұлттық немесе халықаралық, екіжақты немесе көпжақты. Гранттар мен қайырымдылық, «жасыл» облигациялар, несиелік своптар, кепілдіктер, жеңілдетілген несиелер сияқты әртүрлі құралдар қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар климаттық қаржыландыруды әртүрлі іс-шараларды іске асыру үшін, соның ішінде климат өзгерісінің салдарын жеңілдету, оларға бейімделу, тұрақтылықты арттыру шараларын іске асыру үшін пайдалануға болады.

Елдер көмек сұрай алатын қорлардың арасында Жасыл климаттық қорды (GCF), Жаһандық экологиялық қорды (GEF) және Бейімдеу қорын (AF) ерекше атап өтуге болады. Климат өзгерісіне тарихи тұрғыдан елеулі үлес қосқан табыс деңгейі жоғары елдер табыс деңгейі төмен елдерде климат өзгерісіне қарсы күрес шараларын жүзеге асыруға жыл сайын $100 миллард АҚШ долдарын тарту міндеттемесін мойнына алды. Алайда, бұл мақсат әлі орындалған жоқ, климат өзгерісінің салдарын жеңілдету шараларын іске асыру және оларға бейімделу үшін бұдан да көп көлемде қаржыландыру қажет.

Нөлдік шығарындылар теңгеріміне (таза нөлдік шығарындылар теңгерімі) қол жеткізу адамның іс-әрекеттері нәтижесінде бөлініп шығатын көмірқышқыл газының шығарындылары адамның оларды жоюға бағытталған еңбегімен (мысалы, көмірқышқыл газын сіңіру үшін көміртекті сіңіргіштерді жасау арқылы) тең түсуін талап етеді, сонда атмосферада парниктік газдар концентрациясының одан әрі артуын тоқтатуға мүмкіндік туады. 

Таза нөлдік шығарындылар теңгеріміне көшу біздің энергетика, көлік, өндіріс және тұтыну жүйелерімізді толығымен өзгертуді талап етеді. Бұл климат өзгерісінің ең сорақы салдарын болдырмау үшін қажет. 

Декарбонизация (көміртексіздендіру) қоғам түзетін парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуды, сондай-ақ сіңірілетін газдардың көлемін арттыруды көздейді. Бұл энергияның қалай өндірілетінінен, тауарлар мен қызметтердің қалай өндірілетінінен және жеткізілетінінен, ғимараттардың қалай салынатынынан және жер ресурстарын басқару қалай жүргізілетінінен бастап экономиканың барлық болмаса да, көптеген тұстарын өзгертуді талап етеді.

Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу және мақсатты көрсеткішті 1,5 °C деңгейінде сақтау үшін үкіметтер мен кәсіпорындарға 2030 жылға қарай декарбонизация жүргізуі керек. Декарбонизация жүргізу үшін аз көміртекті инфрақұрылым нысандары мен көлікке, жаңғырмалы энергия көздеріне, циркулярлы экономикаға, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру шараларына, сонымен қатар жер мен топырақты қалпына келтіруге айтарлықтай инвестиция жұмсауды қажет етеді. Оған қоса қазіргі уақытта қолданылып жүрген кез келген жолмен өсуге қол жеткізуге бағытталған экономикалық модельдерді қайта қарау қажет.

Жаңғырмалы энергия – жел, күн сәулесі, ағын су және геотермалды жылу сияқты үнемі толықтырылып отыратын табиғи көздерден алынатын энергия. Климат өзгерісін тудыратын зиянды парниктік газдар шығарындыларының 75 пайызына себепші болатын көмір, мұнай және газ сияқты қазбалы отын түрлерінен алынатын энергияға қарағанда жаңғырмалы көздерден алынатын энергия арзан, таза, тұрақты, оған қоса көп жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Барлық салаларда (электроэнергетика, жылу және салқындату, көлік және өнеркәсіп) қазбалы отыннан жаңғырмалы энергия көздеріне көшу климаттық дағдарысты шешудің кілті болып табылады. Жаһандық жылынуды 1,5 °С-та тежеу үшін әлем қазбалы отыннан біртіндеп бас тартуы, жылдам электрлендіру және энергияны жаңғырмалы көздерден алу арқылы энергетика жүйесін жаппай түрлендіруі керек. 

Көміртек сіңіргіш – көміртекті бөлгеннен гөрі көбірек сіңіре алатын кез келген үдеріс, қызмет немесе механизм. Ормандар, мұхиттар және топырақ әлемдегі ең ірі көміртек сіңірушілер болып табылады.

Мұхиттар атмосферадан көмірқышқыл газын теңіз экожүйелері және өздері өмір сүретін өсімдіктер мен жануарлар әлемі арқылы сіңіреді. Теңіз экожүйелерінде көміртекті ұстап қалу әдетте «көк көміртегі» деп аталады. Ормандар мен топырақ – көміртекті ағаштар мен өсімдіктерде, сулы-батпақты және шымтезек алқаптарында, сонымен қатар түсіп қалған өсімдіктерде сақтайтын планетадағы басқа да негізгі табиғи көміртек сіңіргіштер.

Бүгінгі таңда адамның іс-әрекеті, атап айтқанда, қазба отындарын жағу және ормандарды отау атмосфераға Жердегі табиғи көміртек сіңіргіштер сіңіре алатыннан гөрі көбірек көміртек шығаруға әкеліп, жаһандық жылынуға және климаттың өзгеруіне апара жатыр. Адамның іс-әрекеті мен климаттың өзгеруі де осындай табиғи көміртек сіңіргіштерді құлдырауын тудырып, жиналып қалған көміртекті атмосфераға қайта шығару қаупін тудырады. Сондықтан, климаттың өзгеруі мен оны тұрақтандыру мәселелерін шешудің негізгі стратегиясы көміртек сіңіргіштерінің санын және көлемін ұлғайту және қорғау болып табылады.

Көміртекті жою – ағаш отырғызу және топырақты басқару немесе ауаны тікелей ұстау және минералданудың жоғарылауы сияқты технологиялық шешімдер арқылы атмосферадан парниктік газдардың шығарындыларын жою процесі. Көміртекті жою парниктік газдар шығарындыларын азайтуды алмастырмайды, бірақ климаттың өзгеруін бәсеңдете алуы мүмкін және біз климаттық мақсаттардан уақытша асып түсетін кез келген кезеңді қысқарту үшін қажет.

Көміртекті ұстау және сақтау – қазба отынмен жұмыс істейтін электр станциялары немесе басқа өнеркәсіптік процестер шығаратын көміртегі шығарындыларын жер астында тереңдікте сақтау арқылы атмосфераға енгенге дейін ұстап қалу процесі. Көміртекті ұстау және сақтау «жасыл» энергетикаға көшуге балама ретінде қарастырылмауы керек, бірақ ол көміртексіздендіру қиын секторлардағы, әсіресе цемент, болат құю және химия сияқты ауыр өнеркәсіпте шығарындылармен күресу әдісі ретінде ұсынылды.

Көміртек нарықтары – парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе жоюға бағытталған іс-шараларға қаржылық ынталандыру жасайтын сауда жүйелері. Ондай жүйелерде шығарындылар сатып алуға және сатуға болатын «көміртек кредиттерімен» есептеледі. Бір көміртек кредиті бір тонна көмірқышқыл газына немесе шығарындылары азайтылған, сіңірілген немесе жойылған басқа парниктік газдың баламалы мөлшеріне тең.

Көміртек кредитеттін ҰДАЖ стратегиясы аясында мемлекеттер, тұрақтылыққа ұмтылатын корпорациялар және көміртек ізінің орнын толтырғысы келетін жеке тұлғалар сатып ала алады.

Көміртек кредитеттін шығарындыларды азайту немесе жою бағдарламаларын әзірлейтін жеке ұйымдар немесе үкіметтер береді. Аталмыш бағдарламалар үшінші тараппен сертификатталған және көміртегі нарығы стандарттарына сай тіркелген.

Көміртек нарықтары табысты болуы үшін мемлекеттер көміртек шығарындыларының есебін сенімді жүргізуді қамтамасыз ету, көміртек нарығындағы транзакциялардың ашық өтуін қамтамасыз ету, адам құқықтарын бұзудан және басқа да жағымсыз әлеуметтік салдардан қорғау кепілдіктерін енгізу, «гринвошингпен» және көміртек тұрғысынан бейтарап өнімдер мен қызметтер туралы ақпаратты бұрмалаумен күресу аясында бірлесіп жұмыс істеуі керек.

Регенеративті ауыл шаруашылығы – топырақтың саулығын нығайтуға және қалпына келтіруге септесетін, соның нәтижесінде суды тұтынуды азайтуға, жердің тозуын болдырмауға, биоалуандылықты дамытуға жол ашатын ауыл шаруашылығын жүргізу әдісі. Жер айдауды, дақылдарды кезектестіруді, жануарлардың қиын және компост пайдалануды мейлінше азайтудың арқасында регенеративті ауыл шаруашылығы саңырауқұлақ қауымдастықтарының гүлденуі есебінен топырақта көміртегінің көбірек мөлшерде жиналуын, ылғалдың сақталуын және сауықтыруды қамтамасыз етеді.

Қарқынды ауыл шаруашылығы әлемдегі парниктік газдары шығарындыларының үштен бірінің көзі болып табылады. Мұндай шаруашылықты жүргізу кезінде біз тұтынатын тұщы судың 70 пайызы пайдаланылады. Ауыр техниканы, химиялық тыңайтқыштарды және пестицидтерді қолдану салдарынан топырақ тозуымен қатар биоалуандылықтың жойылуына да ең үлкен үлес қосады. Регенеративті ауыл шаруашылығы, керісінше, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, суды тұтынуды азайтуға және топырақты қалпына келтіруге көмектеседі. Оның үстіне сау топырақ көбірек сапалы азық-түлік өндіруге мүмкіндік береді, экожүйелерге және биоалуандылыққа басқа да бірқатар оң әсерін тигізеді.

Ормандар атмосферадан көмірқышқыл газы мен ластаушы заттарды кетіру, топырақ эрозиясының алдын алу, суды сүзу, жануарлардың, өсімдіктердің және жәндіктердің құрлықтағы түрлерінің жартысы мекен ететін орын болу арқылы орасан зор пайда әкеледі. Ормандарды қалпына келтіру және ормандарды жаңғырту – климат өзгерісімен күресте және салдарын жеңілдетуде табиғи факторларға негізделген ең тиімді екі шешім.

Ормандарды қалпына келтіру таяуда ғана ағаштар өсіп тұрған, бірақ орман өрттері, құрғақшылық, аурулар немесе адамның іс-әрекеттері, мысалы, ауыл шаруашылығы алқаптары үшін ормандарды отау кесірінен өлген аумақтарда ағаш отырғызуды білдіреді.

Ормандарды жаңғырту –  бұрынырақта орман болмаған аумақтарда ағаш отырғызу. Ормандарды жаңғырту қараусыз қалған және тозған ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіруге, шөлейттенуді болдырмауға, көміртек сіңіргіштерді жасауға, сонымен бірге жергілікті қоғамдастықтар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға көмектеседі.

Жабайы табиғатты жаңғырту – Ревайлдинг – адамның іс-әрекетінен зардап шеккен экожүйелерді жаппай қалпына келтіру. Адамның мақсатты түрде араласуы арқылы белгілі бір өсімдік немесе жануар түрлерін сақтауға басты көңіл бөлінетін табиғатты қорғау шараларына қарағанда ревайлдинг табиғат өзіне тән табиғи жолмен қалпына келетін үлкен аумақтарды бөлуді қарастырады. Кейде белгілі бір аймақта жойылып кеткен негізгі түрлерді, мысалы, тұтас бір экожүйе қалыптастыра алатын құндыздарды, қасқырларды немесе ірі шөпқоректілерді қайта жерсіндіруді талап етеді.

Ревайлдинг ормандарды табиғи жолмен қалпына келтіру сияқты салауатты табиғи процестердің арқасында атмосферадан көміртек диоксидінің көп көлемін жою арқылы климат өзгерісімен күресуге көмектеседі. Ревайлдинг сонымен қатар флора мен фаунаға бай мекендеу орындарын қалыптастыру арқылы түрлердің жойылуын болдырмауға көмектесіп, жабайы жануарларға климат өзгерісіне бейімделуіне және жылыну күшейген сайын солтүстікке қарай жылжуына мүмкіндік береді. 

Циркулярлы экономика қалдықтарды және ластануды барынша азайтатын, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ықпал ететін және табиғатты қалпына келтіруге көмектесетін өндіріс пен тұтыну модельдерін білдіреді.

Циркулярлы экономика тәсілдері айналамызда жиі кездеседі. Оларды тоқыма өнеркәсібінен бастап ғимараттар мен құрылысқа дейін, сонымен қатар өнімнің өмірлік циклінің әртүрлі кезеңдерінде, оның ішінде жобалау, өндіру, тарату және кәдеге жарату барысында әртүрлі секторларда қолдануға болады.

Ластану мәселесін шешуге көмектесумен қатар циркулярлы экономика тәсілдері климаттың өзгеруі және биоалуандылықтың жоғалуы сияқты басқа да күрделі проблемаларды шешуде маңызды рөл атқара алады. Олар мемлекеттерге анағұрлым тұрақты, төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге, әрі жаңа «жасыл» жұмыс орындарын құруға көмектесе алады.

Мұны білесіз бе: қазіргі уақытта пайдаланылған материалдардың 7,2 пайызы ғана пайдаланылғаннан кейін экономикамызға қайтарылады. Бұл қоршаған ортаға айтарлықтай салмақ түсіреді және климат, биоалуандылық және ластану дағдарыстарына ықпал етеді.

Біздің ғаламшарымыздың мұхиттары – олардың температурасы, химиялық құрамы, ағыстары және өмірі – адам өмір сүруі үшін Жерді қолайлы ететін жаһандық жүйелерді айқындайды. Жаңбыр суы, ауыз су, ауа райы, климат, жағалау сызығы, азық-түлігіміздің басым бөлігі, дәрі-дәрмек, тіпті біз тыныс алатын ауадағы оттегі де –  осының бәрі мұхиттар арқылы қамтамасыз етіледі және реттеледі. Алайда, климаттың өзгеруі салдарынан мұхиттардың денсаулығына қазір қауіп төніп тұр. 

«Көгілдір экономика» концепциясы мұхиттар мен жағалау аймақтарының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар экономикалық дамуға, әлеуметтік интеграцияға,тіршілік құралдарын сақтауға немесе жақсартуға септесуді көздейді.

Көгілдір экономиканың көптеген құрамдас бөліктері бар, соның ішінде балық шаруашылығы, туризм және теңіз көлігі сияқты орныққан дәстүрлі мұхит салалары, сондай-ақ жаңғырмалы теңіз энергетикасы, аквамәдениет, теңіз түбінде тау-кен өндіру және теңіз биотехнологиялары сияқты жаңа және дамып келе жатқан бағыттар.

«Жасыл» жұмыс орындары – қоршаған ортаны қорғауға және қалпына келтіруге және климат өзгерістері мәселелерін шешуге септесетін құрметке лайық жұмыс. «Жасыл» жұмыс орындарын жаңғырмалы энергия көздері сияқты «жасыл» өнімдер мен қызметтер өндірісінде де, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты экологиялық процестерде де ашуға болады. «Жасыл» жұмыс орындары энергия мен шикізатты пайдалану тиімділігін арттыруға, парниктік газдар шығарындыларын шектеуге, қалдықтардың түзілуін және ластануды барынша азайтуға, экожүйелерді қорғауға және қалпына келтіруге көмектесе алады, сондай-ақ климат өзгерісінің салдарына бейімделуге ықпал ете алады.

«Жасыл» жұмыс орындары нарығы қанат жайып келе жатқандықтан, елдер жұмыскерлердің тиісті жұмысты орындау үшін қажетті арнайы дағды мен білімге ие болуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұған жастарды болашақ «жасыл» жұмыс орындарына дайындауға инвестиция жұмсау және қазір көміртекті көп қажет ететін салаларда жұмыс істейтіндерді қайта даярлау арқылы қол жеткізуге болады. Соңғысы әділ көшуді және ешкімнің артта қалмауын қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады.

Климаттық дағдарыстан шығу қажеттілігіне қатысты қоғамдық қысым күшейіп бара жатқандықтан, жеке меншік компаниялар аз көміртекті жаһандық экономикаға көшуге қосылып жатыр. Дегенмен, кейде олардың іс-әрекеті нақты мағыналы міндет кейпіне енуден гөрі маркетингтік сипатқа ие болуы мүмкін.

«Гринвошинг» тұтынушыларды климат өзгерісімен күресу үшін шаралар қолданып жатқанына сендіру үшін компанияның қоршаған ортаға тигізіп жатқан оң әсері немесе өнімдері мен қызметтерінің тұрақтылығы жайлы жалған мәлімдемелер жасайтын жағдайларды білдіреді. Кейбір жағдайларда «гринвошинг» қасақана жасалмауы мүмкін және экологиялық мәселелер туралы білім жетіспеушілігімен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, жеке пайда көру үшін экологиялық саясатқа көрсетілетін қоғамдық қолдауды пайдалана отырып, маркетингтік мақсатта әдейі жүргізілуі мүмкін.

«Гринвошинг» қоғамның тұрақты дамуға деген сеніміне селкеу түсіруі және қоршаған ортаға тиіп жатқан теріс әсердің жалғаса беруіне ықпал етуі мүмкін.

Климат өзгеріп жатқанда аз көміртекті немесе бейтарап көміртекті экономикаға көшу қолданыстағы экономикалық жүйелерді жаппай түрлендіруді талап етеді. Мұндай түрлендіру әлеуметтік теңсіздіктің, шеттетудің, азаматтық тәртіпсіздіктердің одан әрі арту қаупімен, кәсіпорындардың, салалардың және нарықтардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін. 

Елдер өздерінің климатқа қатысты мақсаттарына жету үшін жұмыс істеп жатқандықтан, осы жұмысқа және жүргізіліп жатқан құрылымдық өзгерістерге барлық қоғамдастықтардың, барлық жұмыскерлердің және барлық әлеуметтік топтардың қатысуы өте маңызды.

Әділ көшуді қамтамасыз ету елдер өз экономикаларын экологияландырудың теңдік пен инклюзияны нығайтатын жолдары мен тәсілдерін таңдайды деп топшылайды. Яғни, осындай көшудің экономиканың түрлі салаларындағы жұмыскерлердің түрлі топтарына әсерін зерттеуді, лайықты жұмыс орындарын және ешкімнің артта қалмауын қамтамасыз етуге мұрсат беретін оқу және мамандық ауыстыру мүмкіндігін беруді білдіреді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) – климаттық жүйеге тиетін қауіпті антропогендік әсермен күресу шараларын жүзеге асыру үшін 1992 жылы қабылданған табиғатты қорғау саласындағы халықаралық келісім. Ол 1994 жылы күшіне еніп, бүкіл жаһандық дерлік келісім болып табылады, себебі, оған 197 мемлекет және ЕО қосылды. Сонымен қатар БҰҰ КӨНК - Киото хаттамасын және Париж келісімін жасауға негіз болған құжат.

БҰҰ КӨНК Хатшылығы - Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі, оған климаттың өзгеру қаупіне қарсы әрекет жасау бойынша жаһандық іс-шараларға қолдау көрсету міндеті жүктелген. Хатшылық климаттың өзгеруі мәселелері бойынша үкіметаралық келіссөздер жүргізуге қолғабыс етіп, жыл сайын келіссөздердің екі-төрт айналымын ұйымдастырады, олардың ішіндегі ең ірісі және ең маңыздысы Тараптар Конференциясы (ТК) болып табылады. Ол сондай-ақ климат өзгерісі туралы ақпаратты шолуда және талдауда техникалық біліммен қамтамасыз етеді, көмек көрсетеді, ұлттық деңгейде анықталатын жарналар (ҰДАЖ) тізілімін жүргізеді. 

 

«Тараптар конференциясы» немесе «ТК» деп аталатын климат өзгерісі мәселелеріне арналған жыл сайынғы БҰҰ конференциясы 1995 жылдан бері БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) шеңберінде өткізіліп келеді. 2015 жылы өткен 21-ші Тараптар конференциясында немесе КС-21-де Париж келісімі қабылданды. Оған қол қою рәсімі 2016 жылдың 22 сәуірінде өтті.

Қазіргі уақытта Конференцияға Париж келісіміне қосылған барлық елдер қатысады. Конференция барысында климат өзгерісімен күресу бойынша әрі қарайғы қадамдар талқыланады және климат өзгерісімен күресу бойынша іс-шараларды қолдау үшін заң жүзінде міндетті келісімдерге қол қойылады. Келесі конференция,КС-28, Біріккен Араб Әмірліктерінде 2023 жылдың желтоқсан айында өтеді.

Париж келісімі – жаһандық орташа температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейлерден 2 °C-тан анағұрлым төменірек деңгейде ұстау, дұрысы, 1,5 °C-қа дейін шектеуге бағытталған заң жүзінде міндетті халықаралық шарт. Келісім 2015 жылы Парижде өткен КС-21-де 196 тараппен қабылданды және 2016 жылғы 4 қарашада күшіне енді. 

Париж келісімі климат өзгерісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды жетістік болып табылады, өйткені, климат өзгерісімен күресу және оның салдарына бейімделу бойынша іс-шараларды күшейту барлық Тараптар үшін міндетті келісім болып табылады. Ол сондай-ақ дамыған елдерді дамушы елдерге климат өзгерісінің салдарын жеңілдетуге және бейімделуге бағытталған жұмысында қолғабыс ететін құралдармен қамтамасыз етеді. Бұл ретте Париж келісімінде ашық мониторинг пен нәтижелер туралы есеп беру тетіктері қарастырылған. 

Ұлттық деңгейде анықталатын жарналар (ҰДАЖ) – жаһандық жылынуды 1,5 °C-қа дейін шектеу жөніндегі Париж келісімінің мақсатына сәйкес әрбір ел әзірлеуге міндеттелетін климаттық міндеттемелер мен іс-қимылдар жоспарлары. ҰДАЖ – климат өзгерісімен күрес саласында әлдеқайда өршіл мақсаттар қою арқылы бес жыл сайын жаңартылып отыратын қысқа және орта мерзімді жоспарлар.

ҰДАЖ парниктік газдар шығарындыларын азайту, тұрақтылықты арттыру, климат өзгерісіне бейімделу үшін белгілі бір ел іске асыруға міндеттелетін климат өзгерісінің салдарын жеңілдету және оларға бейімделу іс-шараларының басым бағыттарының сипаттамасын қамтиды. ҰДАЖ-да сондай-ақ қаржыландыру стратегиялары, мониторинг пен тексеру әдіс-тәсілдері көрсетіледі. 2023 жылы «жаһандық түгендеу» аясында елдер алғаш рет ҰДАЖ іске асыру барысы және Париж келісімінің мақсаттарына жету барысы туралы есеп береді.

Париж келісіміне сәйкес елдер өздерінің ұлттық деңгейде анықталатын жарналарының іске асу барысы туралы жүйелі түрде есеп беруге міндетті. Мұндай есептің ашық болуы, сөйтіп жаһандық қоғамдастық ұжымдық жетістіктерді нақты бағалай алуы үшін және адамдардың әрқайсысы өз рөлін атқаратынына сенімін арттыру үшін ерекше маңызды.

Есеп берудегі ашықтық үкіметтер мен халықаралық органдарға шынайы деректер алуға және нақты деректерге негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұған қоса ол климат өзгерісін ғылыми тұрғыдан жақсырақ түсінуге, сондай-ақ оның салдарын жеңілдету және бейімделу үшін қажетті іс-әрекеттер мен саясаттарды жақсырақ түсінуге септігін тигізеді. Сайып келгенде, ашықтық сенімді арттыруға, ынтымақтастықты нығайтуға және білім таратуға, сондай-ақ климатқа қатысты әлдеқайда өршіл мақсаттарға жетуге деген ұмтылысты қолпаштауға септесе отырып, Париж келісімінің бүкіл әлеуетін ашудың кілті болып табылады.

Бейімделу саласындағы ұлттық жоспарлар (БҰЖ) елдерге климат өзгерісінің салдарына ұрымталдықты азайту, бейімделу мен тұрақтылық саласындағы әлеуетті нығайту бойынша іс-әрекеттерді жоспарлауға және жүзеге асыруға көмектеседі. БҰЖ ұлттық деңгейде анықталатын жарналармен (ҰДАЖ), басқа да ұлттық және салалық саясаттармен және бағдарламалармен байланысты.

БҰЖ табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті тараптардың қатысуын қарастыруы, инклюзивті әрі ашық болуы, гендерлік факторларды ескеруі тиіс. Яғни, БҰЖ әзірлеу сатысында климат өзгерісінің салдарына аса ұрымтал адамдарға ерекше назар аудара отырып, оларды стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға тарта отырып, елдегі халықтың әртүрлі топтарының нақты қажеттіліктері мен ұрымтал тұстарын бағалау қажет дегенді білдіреді.

Париж келісіміне сәйкес елдерге бірнеше ондаған жылдарға, әдетте 2050 жылға дейін есептелген, барлық қоғам мүшелері қатысатын түрлендіруді жүзеге асыруды қарастыратын шығарындыларды азайту бойынша ұзақ мерзімді стратегияларымен таныстыру ұсынылады. Ұзақ мерзімді стратегиялар сипатталған құжаттар жаһандық жылынуды тежеу ​​және 2050 жылға қарай таза нөлдік шығарындылар теңгеріміне қол жеткізу бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарға сай келеді.

Ұзақ мерзімді стратегиялар ҰДАЖ сияқты климат саласындағы қысқа мерзімді ұлттық міндеттемелерге үйлесімділік пен бағыт беретін ұзақ мерзімді көзқарасты қамтамасыз етеді. Олар мемлекеттерге төмен көміртекті дамуға қол жеткізуге және «жасыл» экономикаға көшудің әлеуметтік-экономикалық пайдасын көрсете отырып, қазба отынға қарқынды инвестиция салуға жол бермеуге көмектеседі. Олар инновацияларды ынталандырады және төмен көміртекті шешімдер мен тұрақты инфрақұрылымға инвестиция тартуға көмектеседі. Оған қоса олар климат саласындағы шешімдердің әділ және инклюзивті болуын қамтамасыз ете отырып, ең көп зардап шеккен адамдар үшін әділ және тең құқылы көшуді жеңілдетуге және ілгерілетуге көмектеседі. 

Мемлекеттер өздерінің ұзақ мерзімді стратегиясын БҰҰ КӨНК-ке ресми түрде ұсынған кезде сол стратегиялар Ұзақ мерзімді аз көміртекті даму стратегиялары (LT-LEDS) деп аталатын болады. Барлық материалдармен БҰҰ КӨНК веб-сайтында танысып шығуға болады.

Ормандарды сақтау және қалпына келтіру парниктік газдар шығарындыларын төрттен бірінен астамға азайтады, осылайша климат өзгерістерінің ең сорақы салдарын болдырмауға мүмкіндік береді. REDD+ дамушы елдерде ормансыздану және ормандардың тозу ауқымын азайту, ормандарды тұрақтырақ басқару және сақтау арқылы климат өзгерісін тежеуді мақсат тұтатын, елдер арасында климат өзгерісі туралы халықаралық келіссөздер барысында келісілген жүйе.

REDD+ «Ормансыздану және ормандардың тозуы себепші болған шығарындыларды азайту» дегенді білдіреді. «+» белгісі ормандарды сақтау, орман ресурстарын тұрақты басқару және ормандарда көміртек қорын көбейту тигізетін оң әсерді көрсетеді.

Климат өзгерісі бойынша үкіметаралық сарапшылар тобы (КӨҮСТ) - Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМО) және БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) жетекшілігімен құрылған тәуелсіз орган.

Негізгі КӨҮСТ рөлі климат өзгерісі туралы ғылыми әдебиетті және қорытындыларды бағалау, сонымен қатар қоғам мен саясат әзірлеу үшін жауапты тұлғаларға маңызды ғылыми ақпарат және нақты деректерге негізделген ұсынымдар беру болып табылады. Ол климат өзгерісі туралы ғылымға қатысты болуының арқасында, сондай-ақ климат өзгерісінің салдарын, солармен байланысты қатер-тәуекелдерді, сонымен бірге оларға бейімделу және жеңілдету жолдарын кешенді талдауды жүзеге асыру арқасында ең шынайы ақпарат көзі ретінде кеңінен танымал.