ҚБТУ-да Үшінші Алматы энергетикалық форумының ашылуы өтті

2023 ж. 6 November

Лаура Альтингер, Еуропа мен Орталық Азияға арналған БҰҰДБ бюросының Табиғат, климат және энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік тобының басшысы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

6 қараша, Алматы қ. - Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) және Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) өкілдері Орталық Азия елдеріндегі энергетикалық ауысуды жеделдету мәселесін көтеру мақсатында ҚБТУ алаңында бас қосты. Форум Қазақстан-Британ техникалық университетінің алаңында 8 қарашаға дейін жалғасады.

Диалогқа қатысушылар өңірлік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, техникалық әлеуетті қолдауға және Орталық Азия елдеріне инновацияларды енгізуге, өздерінің өңірлік инфрақұрылымын жаңартуға және қауіпсіз, қолжетімді әрі нөлдік көрсеткіштерді қамтамасыз ететін орнықты энергетикалық жүйелерді құруға көмектесуге ниетті.

Форумның ашылуы барысында БҰҰ ЕЭК, БҰҰДБ, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі және ҚБТУ өкілдері сөз сөйлеп, энергетикалық ауысу жөніндегі талқылануы тиіс, басты мәселелерді атап өтті.

Осы ғасырдың ортасына қарай көміртекті бейтарап және орнықты энергетикалық жүйелерді құру — бүкіл БҰҰ ЕЭК өңірінің ортақ мақсаты. Жалпы аймақтық декарбонизацияны жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдануда, алайда қазіргі климаттық модельдер Ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған салымның (ҰДАС) жаһандық жылынуды Цельсий бойынша 1,5-2 градусқа дейін шектеу жөніндегі ұжымдық жаһандық мақсатқа сәйкес келмейтінін көрсетеді.  БҰҰ ЕЭК орнықты энергетика бөлімінің директоры Дарио Лигути ұйымның қазіргі уақытта елдерге тұрақты энергетикалық жүйелерді жобалауға және құруға көмектесетін нормативтік құралдарды әзірлеп жатқаны туралы айтты: 

"Жақында біз таза нөлге жетудің технологиялық және саяси нұсқаларын анықтайтын көміртекті бейтараптық құралдарын қайта іске қостық. Бұл құралдар жинағы арнайы директивалық органдарға 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібін және Париж келісімін жүзеге асыру бойынша негізделген шешімдер қабылдауға көмектесуге арналған. Осы платформа арқылы біз елдерге 3 негізгі қағидатқа негізделген орнықты және көміртекті бейтарап энергетикалық жүйелерді дамытуға көмектесеміз: "энергетикалық қауіпсіздік, "қол жетімділік, "экологиялық орнықтылық".

Дарио Лигути, БҰҰ ЕЭК Орнықты энергетика бөлімінің директоры

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

Алматы энергетикалық форумында ҚР Энергетика министрлігінің атынан вице-министр Жандос Нұрмағанбетов сөз сөйледі: 

"Біз 2060-қа дейінгі көміртекті бейтараптық саясатын қабылдағандықтан, бүкіл Үкімет осы бағытта өркендеу үшін әртүрлі тәсілдерді мұқият енгізуде...Оң нәтижеге қол жеткізу және шығарындыларды нөлдік деңгейге жеткізу үшін мәселеге экономика мен индустрияның басқа секторларын да қосу керек, бұл талқылауларға барлығы қатысуы қажет. Қазақстан энергетика министрлігіне келетін болсақ, біз бес жылдық жоспар жарияладық, ЖЭК жобаларына арнап тендерлер өткіземіз. Энергия көздері 0-ден жүздеген мегаваттқа дейін өспек. Бұл бағытта бізге қаржы институттары көмектеседі: Азия Даму Банкі және ЕҚДБ. Инвестициялардың көп бөлігі энергиямен жабдықтауды жаңғыртуға, жоғары кернеулі дәліздерді құруға бағытталатын болады, нарықты теңестіретін заңнамалық бастамалар іске қосылды".

Алматы энергетикалық форумында ҚР Энергетика министрлігі вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко
"Орнықты энергетикалық жүйелерді құру — күрделі мәселе, оның ортақ шешімі жоқ. Әр ел өзінің табиғи ресурстар қоры мен реттеу құрылымын ескеруі тиіс. Төмен және нөлдік көміртегі шығарындылары бар технологиялар өз рөлін атқаруы қажет, әр ел орнықты энергетикалық жүйені жобалап, оны енгізіп, климаттық мақсаттарға жеткізетін технологиялық жолын өз еркімен таңдай алады",
- деп атап өтті Алматы энергетикалық форумының ашылуында Лаура Альтингер, Еуропа мен Орталық Азияға арналған БҰҰДБ бюросының Табиғат, климат және энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік тобының басшысы.

Лаура Альтингер, Еуропа мен Орталық Азияға арналған БҰҰДБ бюросының Табиғат, климат және энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік тобының басшысы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Ғабдуллин іс-шараның ЖОО және жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер үшін маңызын атап өтті. ҚБТУ-да материалтану және жасыл технологиялар Мектебі академиялық және практикалық зерттеулер үшін күн панельдерін жасап шығарады.

"2023 жылы Кембридж университетінің "Кавендиш" зертханасымен бірге әлемнің жетекші ғалымдарының жетекшілігімен жаңа асқын өткізгіш материалдармен жұмыс жүргізгенімізді атап өту қажет. Сондай-ақ біз БҰҰДБ-мен бірге жаңартылатын энергия көздерін дамыту және ілгерілету бойынша жасап жатқан жұмысымызды жалғастырамыз. Осы орайда Форум қорытындылары бірқатар ұсынымдар әзірлеуге және Орталық Азия өңірінде орнықты энергия жүйелерін құру үшін өңірлік ынтымақтастық пен кооперацияны күшейтуге бағытталған іс-қимыл жоспарын қалыптастыруға мүмкіндік бермек",
- деп атап өтті ҚБТУ ректоры.

Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Ғабдуллин

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

Биылғы Форум Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан энергетика министрліктері саясаткерлерінің, халықаралық ұйымдар, қаржы секторы, ғылым және академиялық топтары өкілдерінің басын қосып, мына тақырыптарды талқылауға мүмкіндік ашты:
- Қазба отынының құнын қалыптастырудың барлық тізбектерінде метан шығарындыларын азайту және басқару;
- Су-энергетикалық байланыс жөніндегі өңірлік жобалар үшін қолайлы жағдай жасау;
- Көміртегі шығарындыларының төмен және нөлдік шешімдерін енгізу үшін қаржыландыру ауқымын кеңейту; 
- Маңызды шикізат материалдарын зерттеу;
- Адами капиталға инвестиция салу және энергетика саласындағы сарапшылардың келесі буынын оқыту.

Іс-шара аясында Орталық Азия елдерінің қатысушылары инвестициялық тәуекелдерді азайту және өңір ішінде де, одан тыс жерлерде де "жасыл" қаржы құралдарын енгізу саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) және энергия тиімділігі секторындағы инвесторлар үшін белгісіздік пен тәуекелдерді жою мәселелеріне басты назар аударылды. Бұл пікірталастардың негізгі мақсаты — ЖЭК саласына жеке инвестицияларды жұмылдыру және Орталық Азия өңірінде энергия тиімділігін арттыру үшін тартымды жағдай жасау, яғни, орнықты энергетикаға көшуді жеделдетудің негізгі элементтерімен жұмыс жасау. Іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ ЕЭК және БҰҰДБ ұйымдастырды.

БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика бөлімінің директоры Дарио Лигути Еуропалық экономикалық комиссияның бес түрлі аймақта жүргізген зерттеуінің мысалын келтірді. Мәселені зерттеу үшін жаңартылатын энергия көздері бойынша 100 жоба — әр аймақтан 20 жоба таңдалды. БҰҰ ЕЭК инвесторларды оқытып, жобаларды жасаушыларға жұмысты реттеуге көмектесті. Бір жылдан кейін зерттеуге қатысқан жобалардың 20% прогреске қол жеткізді,яғни, бұл былтырғыдан гөрі жоғары нәтиже көрсетті. Осы орайда екі жақты оқыту және тұрақты түрде тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Олег Хмелев, БҰҰ Даму Бағдарламасының, Жаһандық экологиялық қордың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен жобаларының халықаралық техникалық кеңесшісі, ЖЭК жобалары үшін қаржыландыруды тарту жөніндегі мәселелерді шешу бойынша бірнеше маңызды аспектілерді атап өтті: несиелік кепілдік, инвесторға субсидиялар арқылы өтемақы төлеу, заңнамаға түзету енгізу арқылы тәуекелдерді жою, тұрақты түрде тәжірибе алмасу, сондай-ақ аукцион ұйымдастыру. Олег Хмелев атап өткендей, Қазақстанда аукциондарды Қазақстан Энергетика министрлігі 2022 жылдың қараша айынан бастап  өткізіп келеді. Осы бастаманың арқасында көптеген жобалар іске асырылды, әсіресе Түркістан және Ақмола облыстарының өсуі ерекше көзге түседі. 

Алматы энергетикалық форумы 8 қарашаға дейін жалғасады. Алдағы күндері "Орталық Азияның аса маңызды шикізат ресурстарын ашу", "Метан қалдықтары мен шығарындыларын азайту үшін тиімді саяси негіздерді әзірлеу", "Орталық Азиядағы әділ энергетикалық ауысу үшін адами капиталды дамыту", "ОДМ 7 бойынша жол карталарын әзірлеу барысында алынған сабақтар мен озық тәжірибелермен алмасу" тақырыптары бойынша талқылаулар өтпек.