Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері экологиялық таза брикеттер жасап шығару үшін БҰҰДБ грантын алды
2023 ж. 16 November
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, Солтүстік Қазақстан облысының екі кәсіпорны биомассадан брикеттер жасап шығару грантын алды. БҰҰДБ-ның бұл бастамасы көмірді біртіндеп алмастыру мақсатында неғұрлым таза, баламалы отын түрлерін ендіруді бастауға бағытталған. Бастама сонымен қатар гендерлік аспектіге ие және энергия ресурстарының әйел адамдарға қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
«Әйел адамдардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлінің маңызы зор болғанымен, олар климаттық саясат пен белсенді бастамалардан жиі шет қалып жатады. Әйел адамдар барлық деңгейдегі климаттың өзгеруіне қарсы күреске толық әрі тиімді қатыспаса, сондай-ақ көшбасшы рөлін атқармаса, әділ энергетикалық ауысуға қол жеткізу мүмкін болмайды», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Солтүстік Қазақстан облысының екі кәсіпорны — «Asia Wood's» ЖШС және «Жақыпов» ШҚ грант иелері болды. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мен ағаш өңдеу қалдықтарын пайдалана отырып, отын брикеттерін шығаруды жоспарлап отыр. Өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына отын брикеттерін тегін таратады. БҰҰДБ гранттары қажет жабдықты сатып алу және орнату шығындарын ішінара өтеуді көздейді.
Қазақстанда жыл сайын коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге шамамен 11,3 миллион тонна көмір пайдаланылады. Қатты отынды пайдалану ауыр металдар мен парниктік газдардың шығарылуына алып келеді. Отын брикеттеріне ауысу бұл шығарындыларды едәуір азайтады.
Ауылшаруашылық қалдықтарын биомасса ретінде пайдалану — жылумен қамтамасыз етудің балама технологиясы. Ауылшаруашылық қалдықтарынан алынған биомассаның бірнеше артықшылығы бар: жану кезінде зиянды заттар бөлінбейді, түтін шықпайды және көмірмен салыстырғанда күл мөлшері айтарлықтай төмен болады. Дәнді дақылдардың қолда бар сабан қорын, сондай-ақ ағаш өңдеуді дамытуды ескере отырып, Қазақстанда осындай өндіріс үшін үлкен шикізат базасы бар екендігін көруге болады.
«Солтүстік және Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы мен ағаш өңдеу қалдықтарының жеткілікті көлемі бар. Қазақстанда отын брикеттерін жасап шығарудың қолда бар әлеуеті бойынша көрсеткіштерге сүйене отырып, елдегі отын брикеттерін жасап шығаруды дамытудың әлеуметтік және экологиялық тиімділігін атап өту қажет. Қазақстанда биоотын өндіруге барлық қажет мүмкіндіктер бар», –деп атап өтті ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Еркен Наурызбеков.