Мейірімділік пен төзімділік әңгімелері: Гүлнара Әбдірашеваның денсаулық сақтау саласындағы жолы

2024 ж. 11 July
a man wearing sunglasses
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Гүлнара Әбдірашева – 35 жылдық еңбек өтілі бар медицина қызметкері. Ұзақ жылдар бойы Қостанай облысы Лисаков Қалалық ауруханасының терапевтік бөлімін басқарған. Медициналық мекемедегі негізгі жұмысынан басқа ол қосымша «Мейрімділік үйі» әлеуметтік қызметтер орталығында терапевт болып жұмыс істеді.

Отбасы жағдайына байланысты Алматыға көшкеннен кейін Гүлнара Ұлы отан соғысы кезінде қызмет көрсеткен мүгедектігі бар адамарға арналған республикалық клиникалық госпитальда жұмыс істей бастаған. Бір жыл бұрын «Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығына ауысқан.

«Жұмыс қиын. Моральдық, эмоционалдық жағынан да. Мен мұндағы медбикелер, санитарлар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлерге басымды иемін. Бұл үлкен жұмыс және ауыр эмоционалдық жүктеме. Адам физиологиялық тұрғыдан қартайған кезде мінезі өзгереді, денсаулығы нашарлайды, көп көңіл бөлуді талап етеді, қамқорлыққа да мұқтаж. Бәрі өзгереді. Олардың бізден басқа ешкімі де жоқ. Біз олардың қолымыз,  аяғымыз, көзіміз, көмекшілеріміз, әрине тамақтандырамыз, арттарын жинамймыз. Олардың тұрмысын толық қанағаттандыруға тырысамыз», - дейді Гүлнара.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Гүлнараның айтуынша, бұл орталықта тұратындардың басым бөлігі ер кісілер. Мұның себебін ол әйел адамның әлеуметтік түрғыдан қандай жағдайға болмасын бейімделіп, шыдамды болып келетінімен түсіндіреді. Сондықтан қартайғанда отбасында қалады.

«Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығында тұратындардың әрине өмірде өткен жолдары да сан түрлі: біреуінің жалғыз баласы бақилық болып жалғыз қалса, енді бірінің мүлдем баласы жоқ, болса да шетелде тұратындары да бар. Олар өз отбасын, мансабын, өмір жолын құрып кеткен.

«Бір әйелді ұлы алып келді. Астында жақсы көлігі бар, өзі әдемі киініп алған. Әл-ауқатты екені көрініп тұрды. Заттарын да өзі ішке кіргізді. Анасы отырып жатқанда біз құжаттарын тексеріп жаттық. Сол кезде әлгі азамат: «Менде мүгедек бар, инсульт алғам. Содан қарт анама қарап, оған қамқорлық жасау қиын» дейді. Қоштасатын уақыты келгенде, ол қолын ебедейсіз бұлғап: «Кешке қоңырау шаламын», - деді. Анасы бетін қолымен басып, жылап қалды. Жаным қатты ауырып кетті», - деп эмиоциналдық тұрғыдан әсер еткен  оқиғаның бірін есіне алды Гүлнара.

Әрине, «Шаңырақ» орталығындағы оқиғаның барлығы да бірдей емес. Мұнда тұратындардың көбіне баласы, немерелері келіп кетіп жатады. Дәрі-дәрмектерін алып береді. Тіпті отбасына қайта оралғандары да бар.  

«Бізде бір ер адам болды. Тұрғанына бір апта да болған жоқ, бірінші некеден туған баласы келіп алып кетті. «Анам маған: «Әкең қарттар үйінде тұрғанда сен қалай өмір сүрмексің?!» деді» деп айтты. Әкесі мен анасы кезінде ажырасып кеткен екен. Әкесі оны бағып-қағып өсірмеген де. Бір-бірінен жырақта өмір сүрген. Бірақ осылай аяқталды. Өте әсерлі оқиға еді», - дейді Гүлнара көзіне жас алып. 
A woman medical professional walking the corridor of the hospital
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

2024 жылдың қаңтарында Гүлнара SCALE жобасының қолдауымен «АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдарға әлеуметтік көмек көрсету» тренингінен өтіп, ұлттық жаттықтырушы атанған.

«Университетте оқып жүрген кезімде - бұл осыдан 30 жыл бұрын, Кеңес Одағында ең алғашқы АИТВ инфекциясын жұқтырған жағдай тіркелді. Оны «ХХ ғасырдағы обасы» деп атады. Егер қандай да бір жерде бұл туралы естіп, біліп қалсаңыз, біреу өзінің статусы туралы абайсызда айтып қалса, онда оның отбасында, жұмыста да қиындықтар болады дегенді білдіретін», - деп еске алады Гүлнара.

Терапевт ретінде мол тәжірибесі бар Гүлнара кезінде АИТВ-инфекциясы бар адамдарды жолықтырғаны бар. Айтуынша, АИТВ салыстырмалы түрде жас ауру, өкінішке орай қазақстандықтар арасында да шындыққа жанаспайтын ақпарат кеңінен тараған.

Жұмыс барысында Гүлнардың бір ұққан қағидаты бар: «Пациентіңнен АИТВ инфекциясы расталады деп қорықсаң, онда сен барлық пациентке АИТВ инфекциясының оң нәтижесін алғандай қарауың керек».

«Бұл жеткілікті түрде зерттелген ауру. АИТВ - бақыланатын жұқпалы ауру. Мұндағы басты сөз – бақыланатын. Бұл жерде мәселе басқада, халықаралық деңгейде алып қарасақ – қартайған шақта қалай түзетуді жүргізу керек. Себебі АИТВ-статусы бар адамдар қартайғанға дейін өмір сүреді және мүлдем басқа дерттен көз жұмып жатады: онкология, инсульт, инфаркт, бүйрек жеткіліксіздігі сынды. АИТВ – ЖИТС-тың соңғы сатысынан мүлдем алшақ. Егер АИТВ-статусы бар және АИТВ-статусы жоқ популяцияны алсақ, онда өлім себептерінің арасында бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкология тұрады», -
деп түсіндіреді Гүлнара.
A woman doctor at her office
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

«Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығынан көмек алушылардың арасында түрмеден босап шыққандар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, мүгедектігі бар адамдар да бар. Әрине, АИТВ-статусын алғандар да жүр. Гүлнараның айтуынша, міне осы кісілердің қоғамға бейімделіп кетуі өте қиын. 

«Бұйрық бойынша АИТВ-инфекциясы туберкулезбен қатар тәулік бойы медициналық-әлеуметтік мекемеде болуға, тұруға болмайтын көрсеткішке ие ауру түрі болып табылады. Бірақ АИТВ-мен ауыратын адамдарды орталыққа орналасуға рұқсат берілмеген оқиғалар да тіркелген. Олар сот арқылы өздерінің де Қазақстан азаматтары екенін, әлеуметтік қорғаудың толық пакетін алуға құқылы екендіктерін және бұл денсаулық жағдайы бойынша кемсітушілік екенін дәлелдеді. Оларды қоныстандыру керек деген сот бұйрығы шықты. Қазір олар бізде тұрады. Біз олардың мәртебесін ашпаймыз, көрсетпейміз, жарнамаламаймыз, бірақ бізде осындай қызмет алушы бар екенін білеміз. Олар әлеуметтік қызметтердің толық пакетін алады», - дейді Гүлнара.

Гүлнара бізге қазақстандықтардың алдында тұрған гендерлік проблемалар туралы да айтып берді. Оның айтуынша, әйел қауымы өте осал. Көбінесе балаға қарап отырған ананың жұмысы жоқ. Ұлттық жаттықтырушы басшылық лауазымдардағы теңсіздік туралы ашық айтып отыр. Тіпті жай жұмыстың өзіне ер азаматтар алынады. Өйткені олар мобильді, отбасына, балаларға байланбайды және бала күтімі бойынша демалысқа шықпайды. АИТВ-мен ауыратын әйелдер бұдан екі есеге осал.

«АИТВ-инфекциясының берілуінің тік жолы да бар. Әрбір әйел ана болғысы келеді, өзінің мәртебесін біліп, ол дені сау бала туа алатынын уайымдайдығы. Әрине, ол мүмкін. Егер әйел терапия алса, емделеді. АИТВ - бұл үкім емес. Әрине, нәресте босану жолынан өткен кезде инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Мұндай жүкті әйелдер инфекция ықтималдығын болдырмау үшін хирургиялық жолмен босанады және емшек сүтінен шығарылады. Өйткені емізу кезінде инфекцияның берілу қаупі бар. АИТВ жүктілікті тоқтатудың көрсеткіші емес», - дейді Гүлнара.

АИТВ мәртебесі – бұл құпия ақпарат. Егер АИТВ-мен ауыратын адам өзі-өзінің мәртебесін ашпаса, онда бұл медициналық құпияны ешкімнің жария етуге құқығы жоқ. Тіпті медицина қызметкерлері де, құқық қорғау органдарының өкілдері де, АИТВ-мен ауыратын адамның туыстары да. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің «Медицина қызметкерінің құпиясын ашу» 321-бабымен қорғалады.

Ескеретін бір жайт: Қазақстанда ЖИТС орталығында есепте тұрған АИТВ-пен ауырған адамдар терапияны тегін алады. Бұл қамқорлықтың барлығы толығымен мемлекет мойынында. Емдеу өмір бойы қамтамасыз етіледі.

a women sitting in a green garden
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

***

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) сыналған және дәлелді негізгі тәсілдер мен стратегияларды кеңейту арқылы «10-10-10» мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті ілгерілетуге бағытталған SCALE бастамасын жүзеге асырады.

SCALE-дің негізгі компоненті – «Құқық және қолжетімділік» грант бағдарламасы. Бұл гранттар өз кезегінде жергілікті ұйымдардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін инвестицияның бір түрі болып табылады. Соңғы 2 жылда SCALE бастамасының қолдауымен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Украинада 8 грант берілді. Соның екеуі Қазақстанда жүзеге асырылады. Оның бірі Алматы қаласындағы «Answer» қоғамдық қорында.

Бұл гранттар осал топтарға теріс әсер ететін кемсітушілік және жазалау заңдарымен, саясатпен және тәжірибемен күресуге бағытталған стратегияларды, тактикалар мен тәсілдерді әзірлеуге және қолдауға арналған.