БҰҰДБ Маңғыстау жастарына арнап креативті стартаптарды дамыту және жеделдету бойынша кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бағдарламасын іске қосты
2024 ж. 5 September
5 қыркүйекте Ақтау қаласындағы Yessenov University алаңында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облысының жастарына арналған креативті индустриялар саласындағы стартаптарды дамыту және жеделдету бойынша кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастама БҰҰДБ-ның Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында тұрақты қауымдастықтарды нығайтуға арналған, Жапония үкіметі қаржыландыратын жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Бағдарламаны іске қосы салтанатына Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеуден келген 150-ден астам жас қатысушы, сондай-ақ жергілікті бизнес, азаматтық қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің директорының міндетін атқарушы Ұлжан Жамалбекова құттықтау сөзінде креативті индустрияларды дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар жайлы мәлімдеді:
«Қазіргі уақытта креативті индустрияларға қолдау көрсету үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Министрлік осы саланы жүйелі дамыту үшін Креативті индустрияларды қолдау қорын құруды да жоспарлап отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде креативті хабтар ашылып жатқанын көріп отырмыз. Маңғыстау облысының осы процесске белсене қатысуы бізді қуантады».
Almaty Management University (AlmaU) Креативті индустриялар орталығының директоры Айгүл Маратқызы креативті экономика туралы ой бөлісті:
«Креативті экономика бір ғана саламен шектелмейді. Ол кино мен музыкадан бастап бағдарламалық қамтамасыз ету және қала дизайнына дейінгі әр түрлі салаларды қамтиды. Бұл экономиканың негізі — идеялар, инновациялар және шығармашылық әлеует, басты ресурсы — адамның қиялы».
Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеуден келген қатысушылар бір ай бойы креативті кәсіпкерлікке қатысты дағдыларды меңгереді. Оқу бағдарламасы бизнес-жоспар әзірлеу, идеяларды ұсыну, цифрлық маркетинг құралдары, қаржылық менеджмент, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ креативті индустрияларда технологиялар мен инновацияларды қолдану сияқты тақырыптарды қамтиды.
Бағдарлама аяқталған соң қатысушылар қорытынды іс-шара барысында өз стартаптары мен қолданыстағы бизнес-жобаларды дамыту бойынша бағдарламаларын қазылар алқасы мен әлеуетті инвесторларға таныстырады.