Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссия биоәртүрлілікті сақтау және экожүйелерді ұтымды пайдалану мәселелерін талқылады

2025 ж. 11 March
Legislative assembly session with officials seated, discussing at a large table.
Фото: Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты

Бүгін Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және азаматтық сектордың өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар қатысты. Іс-шара барысында биоәртүрлілік саласындағы қазіргі ахуал, оны сақтауды жетілдіру тетіктері, орнықты болашақ үшін құрлықтың экожүйелерін тиімді пайдаланудың маңызы және осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Әлемдегі экожүйелер қауіп-қатерге ұшырап, кешенді қорғауды қажет етеді. Орнықты даму индексінің 2024 жылғы көрсеткішіне сәйкес құрлықтың экожүйелерін сақтау Қазақстандағы ең өзекті алты мәселенің қатарына қосылған. Елдегі жерді пайдалану тәжірибесі деградация үдерісін күшейтіп, табиғи ресурстық әлеуеттің сапасының төмендеуіне, ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарсыздануына және ауыл шаруашылығы жерлерінің деградациясына, түрлік биологиялық әртүрліліктің кемуіне әкеледі.

Мәселені талқылау кезінде Парламенттік комиссияның мүшелері мен сарапшылар биоәртүрлілікті сақтау және құрлықтың экожүйесін тиімді пайдалану аясында орман ресурстары мен сирек кездесетін жануарлар популяциясын көбейтуге, сондай-ақ, жердің тозуы мен браконьерліктің алдын алуға басымдық берудің маңызды екенін айтты. Бұл ретте жел мен су эрозиясы, жүйесіз мал жаю, егін шаруашылығының технологияларын сақтамау, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануды бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты мәселелер туралы сөз болды.

«Қазақстан аумағында орман алқаптарының көлемі тек 5 пайызды ғана құрайды. Ормандарды отау, орман өрттері, орман ресурстарын қалпына келтіруге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеу сияқты антропогендік әсерлердің салдарынан бұл жағдай одан әрі күрделене түседі. Сондай-ақ 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті проблемалардың бірі. Еліміздің алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – сирек кездесетін жануарлардың популяциясын сақтау және көбейту. Бұл саладағы негізгі мәселе браконьерлік болып қалып отыр. Сирек кездесетін жануарлардың мүйіздері мен терілерінің контрабандалық саудасы олардың санының төмендеуіне әкеліп соғады. Жануарлар әлемінің әртүрлілігін сақтау орман, топырақ және жайылымдар экожүйесінің жағдайымен де тікелей байланысты. Жалпы, құрлықтың экожүйелерін қорғау, биоәртүрлілікті сақтау мемлекеттік және қоғамдық институттардың үнемі назары мен үйлесімді жұмысын талап етеді», – 
деді Мәулен Әшімбаев.
A man in a blue suit speaks at a formal meeting, seated at a wooden podium.
Фото: Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты

Талқылау нәтижесінде мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысқа қатысты тың бастамаларға тоқталып, өз ұсынымдарын айтты. Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов осы саладағы бірлескен жұмыстың нәтижелерін таныстырып, алдағы басым бағыттарды атап өтті.

«Орнықты дамудың он бесінші мақсатына қол жеткізудің негізгі нәтижелерінің бірі – 2024 жылы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, еліміздегі биоәртүрлілікті сақтау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі он жылдық тұжырымдама жобасын әзірлеу болды. БИОФИН әдістемесі бойынша БҰҰДБ жүргізген талдау 2015-2022 жылдар аралығында биоәртүрлілікке бөлінген бюджет шығындарының республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 2 пайызынан сәл асқанын көрсетті. Биоәртүрлілік басымдық деңгейі бойынша басқа секторлардан әлдеқайда төмен. Алайда табиғи ортаның жай-күйі халықтың әл-ауқаты мен елдің экономикалық дамуының тұрақтылығының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Сондықтан қазір біз Қазақстанда биоәртүрлілікті сақтау үшін ресурстарды жұмылдыру жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – 
деді Сухроб Ходжиматов.

Ол сондай-ақ БҰҰДБ пилоттық жаңа аймақтық даму тәсілдері туралы айтып берді, олар аумақтарды аймақтарға бөлу және ландшафттық жоспарлау құралдары арқылы жерді пайдалануды оңтайландыруға, экономиканың әртүрлі секторлары арасындағы қақтығыстарды азайтуға, жердің тозуын азайту үшін табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

A man in a suit listens attentively in a conference room filled with seated officials.
Фото: Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты

Отырыс барысында Сенат Спикері Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша Өңірлік орталық құру туралы қарар қабылдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын құру туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл бастамасын іске асыру еліміз үшін үлкен жетістік екені анық. Аталған шешім Қазақстанды ұлттық және халықаралық деңгейде орнықты дамуға белсенді ықпал ететін мемлекет ретінде мойындауды білдіреді. Аймақтық орталық құрғақшылықпен, шөлейттенумен және ауаның ластануымен күресу бағытында су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған жобаларды үйлестіреді. Сондай-ақ жасыл технологияларды енгізуге ықпал етеді», – 
деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. 
Фото: Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты